Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ведомствоның бір жылдағы қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Ол жыл қорытындысында еліміз халықаралық рейтингтегі позициясын нығайтқанын, ЖИ дамуының институционалдық негізін қалыптастырғанын, «alem.cloud» ұлттық суперкомпьютерлік кластерін іске қосқанын және мемлекеттік қызметтерге, экономикаға, әлеуметтік салаға цифрлық және ЖИ шешімдерін ауқымды енгізуді қамтамасыз еткенін атап өтті.
Халықаралық бағалауларға сәйкес, бүгінде еліміз электрондық үкіметтің даму индексінде (EGDI) 24-орында, онлайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша әлемнің топ-10 еліне кіреді. Бұған қоса «alem.cloud» ұлттық суперкомпьютерлік кластері әлемдегі ең ірі суперкомпьютерлердің TOP-500 рейтингіне еніп, 86-орынға ие болды. Осылайша, еліміз есептеу қуаты бойынша өңір көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін растады.
«Бұл ұстанымдар цифрлық жетілу деңгейін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің басқару тәжірибесіне жасанды интеллектіні ауқымды түрде енгізе алу қабілетін де көрсетеді», деді Ж.Мәдиев.
Еліміздің цифрлық экономикасын дамытудың негізгі элементі «Astana Hub» экожүйесі болып қала береді. Вице-премьердің айтуынша, бұл алаң бүгінде екі мыңға жуық IT-компанияны біріктіреді. 2025 жылы хаб желісі 20 аймақтық және 4 халықаралық сайтты қамтыды. Қатысушылардың табысы 800 млрд теңгеге жетіп, 20%-ға өсті, ал елдің IT-экспортының көлемі 1 млрд долларды құрады.
«Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарыққа шықты. Экожүйеде аймақтың алғашқы технологиялық «сыңармүйіз» компаниясы пайда болды, ол – «Higgsfield.ai». Ал венчурлық қаржыландыруды дамыту үшін мақсатты көлемі 1 млрд доллар болатын «Qazaqstan Venture Group» құрылды, қазіргі уақытта 115 млн доллар қаражат тартылды», деп толықтырды Ж.Мадиев.
Мектептегі тамақтану жүйесін цифрландыру өңірлерде бюджет қаражатын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Еліміз «GovTech» бағыты мен цифрлық мемлекеттік қызметтерді дәйекті түрде дамытып келеді. Вице-премьер жаңартылған «eGov Mobile» қосымшасы ай сайынғы аудиторияны бір жыл бұрынғы 4,2 млн пайдаланушыдан 6,4 млн-ға дейін арттырғанын атап өтті. «EGov Business» платформасы іске қосылды, ол арқылы бір жылда 4,6 млн қызмет көрсетілді.
«Экономикалық тұрғыда тиімділігін көрсетіп отырған «Әлеуметтік әмиян» елеулі түрде дамып жатыр. Мектептегі тамақтану жүйесіне 6,7 мың мектеп қатысады, 49 млн тегін түскі ас беріледі, бұл ретте өңірлерде бюджет қаражатын үнемдеу 15%-дан 30%-ға түсті. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйе 700-ден астам мемлекеттік дәріхана мен 13 млн рецептіні қамтыды», деді Ж.Мәдиев.
Вице-премьер еліміз жерді қашықтан зондтау спутниктерін топтастырудың негізгі жобалау кезеңі аяқталғанын, «Союз-5/Сұңқар» зымыран тасығышын ұшыру үшін «Бәйтерек» кешенін дайындау жоспарлы режімде жалғасып жатқанын айтты.
«Байланыс және телекоммуникация саласында «Қолжетімді интернет» бағдарламасы басымдыққа ие болып отыр, оның шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Өңірде алғаш рет «Starlink» және «OneWeb» спутниктік интернет қызметі ресми түрде іске қосылды, «Direct-to-Cell» технологиясына тестілеу жүргізілді», деді ол.
Пилотсыз технологияларды тестілеу бойынша қанатқақты жоба іске қосылады. Елімізде инновациялық көлік жүйелерін енгізу үшін базалық жағдайлар жасалған. Жақын арада барлық құрамдас бөліктерді тексеру мен одан әрі жұмыс бағыттарын анықтау үшін технологияны пилоттық режімде іске қосу жоспарланып отыр. Бұл болашақта жобаны бұдан да үлкен аумақтарға кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Біз қандай компоненттерді қайта қарау керектігін тексеру үшін пилоттық режімді іске қосуды бастаймыз. Ол үшін қауіпсіз тестілеу аймағы анықталады. Алынған нәтижелер негізінде жол инфрақұрылымының стандарттарын әзірлейміз. Пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша жол инфрақұрылымына қойылатын ең төменгі талаптар легі әзірленетін болады», деді вице-премьер.