23 Наурыз, 2015

Президент Сингапур Премьеріне әкесінің қазасына орай көңіл айтты

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

09-02-15-nazarbaev-1

АСТАНА. 23 наурыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сянь Лунге осы елдің тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Юдың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда сайтына сүйенген egemen.kz хабарлады. Жеделхатта Қазақстан Президенті Сингапур мемлекетінің негізін қалаған жаһандық ауқымдағы көрнекті саяси қайраткер Ли Куан Юдың қайтыс болғаны туралы хабарды күйзеле қабылдағаны айтылған. «Біз жиі кездесіп тұрдық. Мен оны жақын дос санадым, одан көп тәжірибе алдым. Орны толмас қайғыны бөлісе отырып, Қазақстан халқының және жеке өз атымнан туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ  барша Сингапур халқына көңіл айтамын», – делінген жеделхатта. Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың әлемдік беделін нығайтып, оның Азиядағы жетекші ел ретінде қалыптасуы үшін Ли Куан Юдың орасан күш-жігер жұмсағанын және сол арқылы артына өшпес мұра қалдырғанын атап өткен. «Қазақстан халқы Ли Куан Юдың біздің елдеріміздің арасындағы берік достық қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесін ешқашан ұмытпайды», – делінген жеделхатта. Мұрат Айтқожа. Мәнбе: Ақорда сайты.