Экономика • 29 Желтоқсан, 2025

Ел экономикасына тартылған инвестиция 6 млрд долларға жетті

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан экономикасына «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Инвестициялық ағынның өсуі қаржы нарығындағы белсенділікті күшейтіп, орталықтың кіріс базасын кеңейтуге мүмкіндік берді, деп жазады Egemen.kz.

Ел экономикасына тартылған инвестиция 6 млрд долларға жетті

Фото: pinterest.com

2025 жылы Қазақстанға «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 млрд долларға артық. Инвестициялық өсімге негізінен портфельдік салымдар серпін берді.

Жалпы тартылған қаржының 4 млрд доллары портфельдік инвестицияларға тиесілі болса, тағы 2 млрд доллар АХҚО қатысушыларының тікелей салымдары есебінен қалыптасты. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер халықаралық инвесторлардың Қазақстанның қаржы инфрақұрылымына деген сенімі нығайып келе жатқанын аңғартады.

Инвестициялық ағынның ұлғаюы АХҚО-ның кіріс бөлігінің өсуіне де тікелей әсер етті. Атап айтқанда, комиссиялық төлемдер, тіркеу және сервистік алымдар, сондай-ақ биржалық операциялар орталықтың қаржылық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты.

Бұл үдерісте АХҚО жанындағы Халықаралық қор биржасының рөлі ерекше. 2025 жылы биржадағы сауда айналымы 2 млрд долларға жетті. Бұл капитал нарығы құралдарына, соның ішінде акциялар мен облигацияларға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, 2018 жылдан бері АХҚО арқылы Қазақстан экономикасына 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Бұл қаржы елдің қаржы секторын дамытуға, инвестициялық климатты жақсартуға және халықаралық капиталмен ықпалдастықты күшейтуге бағытталған маңызды ресурс саналады.

Соңғы жаңалықтар