25 Маусым, 2015

Тозығы жеткен дәстүр тұсау емес пе?

960 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
7бетке Бір кезде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тақырыпта мақалалар баспа беттерінде жарық көріп тұратын. Озығы бар деген ұғымға қоғам дамуына кедергі келтірмейтін кейбір әдет-ғұрыптар жататын. Мәселен, үлкен кісіге ізет көрсетіп, сәлем беру, сөзін бөлмеу, өтірік, мақтаншақтықты қолдамау, отбасына берекелі болу, араласып жүргендермен дұрыс қарым-қатынас жасау, т.б. Сонымен қатар, әдет-ғұрыптар ішінде күні өткен, кертартпалық рөл атқаратындары да бар. Бір замандарда қазақ арасында қыз алып, үйлену үшін «қалың мал» төлеу тәртібі болған. Соның нәтижесінде байлығы мол адамдар екі-үш әйелдің үстіне таңдап, жас қызға үйлену кәдесі орын алған. Әрине, бұл қызға зорлық, сұмдық еді. Осыған орай «қыз алып қашу» кәдесі пайда болды. Баста оның себебі былай болатын. Екі жас бірін бірі ұнатады, бірақ «қалың мал» төлеуге шамасы жоқ. Содан, кейде, қыз бен жігіт келісіп, барар жері, басар тауы белгісіз болса да, елден қашатын. Арты үлкен дауға айналатын болса да. Бірақ, кейін бұл бастама қызды зорлықпен, еріксіз алып қашатын жаман әдетке айналды. Сондықтан емес пе, 1917 жылды қазақ жерінде пайда болған «Алаш» партиясы әйел теңдігіне байланысты «қалың малға», «қыз алып қашуға» алғаш тыйым салды. Бұл әдетті ұстағандарды кеңес қоғамында да заңмен жазалайтын. Бірақ, егемендігін алған Қазақстанда алғашқы кездерде бұл әдетті жаңғыртуға тырысқан фактілер байқалды, кейін ұмытыла бастады. Сондай ұмытылған әдеттердің бірі – қыздардың күйеуге шыққанға дейін басына қызыл орамал, күйеуге шыққан күннен бастап ақ жаулық тартатыны. Ол әдет те ұмытылды. Бірақ, дағды бойынша күні өткен кейбір әдеттердің бой көрсетіп жүргендері де бар. Енді соларға тоқтар алдында айтарымыз: «Дәстүр деген не?» Егер бір нәрсе қайталай берсе, халық оған дағдыланса, ол салтқа айналады. Дәстүр дегеніміз міне сол, үйреншікті әдет. Қоғамымызда тозығы жеткен қазақ дәстүрлерінің бірі бейтаныс адаммен кездескенде «руын» сұрайтыны. Әрине, мұнда тұрған ешнәрсе жоқ. Кәде. Кеңес жылдарында бұл да ұмытылды. Бірақ, қазір бұл кәде жастар арасында қайта жаңғыруда. Әсіресе, бұл ескі әдеттің Қазақстанның оңтүстік облыстарының кейбір мектептерінде байқалуы. Әрине, рушылдықтың да тарихы бар. Ол атам заманға кетеді. Бірігіп өмір сүру – табиғат талабы. Құстар, жануарлар, шіркейлер, балықтар топ болып өмір сүреді. Алғашқы қауымға дейін адамдар да отбасы, жақын туыстармен бірігіп өмір сүрген, топ болып аң аулауға шыққан. Кейін келе өскен, ұлғайған туыстық қатынастардан «ру» құрылымы пайда болған. Оған себеп болған өндіруші күштердің ең төмендігі. Рулық тұрмыс алғашқы қауымнан бұрын дүниеге келген. Қолға жабайы аңдарды үйреткен кездерден алғашқы қауым ыдырап, көшпелі тұрмыс пайда болғаннан бастап, ұлыс, тайпа, халық болып, тіршілік еткен. Кей жағдайларда сол тайпа белгілі басым рудың атымен де аталған. Ұлт болып өмір сүру тауарлы-ақша қатынасы дамыған капитализм заманына жатады. Ендеше, рулық құрылым тек санада сақталып, дәстүрге айналғаны болмаса, өмір шындығына еш қатынасы жоқ, санадағы алғашқы қауым сарқыншақ жұрнағы. Оны әлемдік ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Ал енді қазақта жеті атаға дейін (шамасы 150 жыл) қыз алыспайтын жақын деген ұғымның мәнісі, тіпті, басқа. Бұл тұқым тазалығы, генетикаға байланысты, көшпелі ауыр тұрмыс дәлелдеген өмірлік, тірлік талабы. Қазақ ерекше тойшыл халық. Тойға шашылу, шығындалу халқымыздың қанына сіңген. Оның да тарихы бар. Көшпелі мал ұстаған замандарда кең даланы мал жағдайына байланысты жайлап, 5-6 үйден ауыл болып, бірінен бірі алшақ тұрмыс құрғаны белгілі. Ондай жағдайда елдің бірімен бірі араласуы мұң болған. Көшпелі қазақ ауылы жаңалыққа жұтаң болған. Бұл өте қиын жағдай еді. Сондықтан, кең далада жападан-жалғыз отырған ауыл, бір жерде «той», не «ас» беріледі десе, үлкен-кіші демей ағылып соған барған. Сондықтан, қазақ жиынға ешкімді арнайы шақырмаған. Хабар жетсе болғаны. Сол жеткілікті. Той болсын, ас беру болсын, ол жиын, кездесу, жаңалық есту, түрлі жиын қашанда айтыс, ойын-сауық, бәйгемен аяқталған. Бұл қазақ елінде рухани азық еді. «Той дегенде қу бас домалайды» деген содан қалған. Әлгі үлкен жиын біткен соң қанша ел жиналды, олар қай жерлерден келді, қанша ірі қара, жылқы сойылды (уақ мал есепке де алынбаған), бас бәйгеге қанша сом ақша тігілді, сол елге тарап, жаңалық болып жататын. Осыдан бәсеке туып, бір байдан бір бай аспақ болып, байлығын шашқан. Бұл тарихтан белгілі. Заман өзгерсе де сол ескі дәстүр кейін де жалғасын тапты. Кеңес өкіметінің соңғы жылдарының бірінде «Правда» газетінде мақала басылып, шу шықты. Қазақстанның түстік облыстарының бірінде бір кісі тойға 500 қонақ шақырыпты. Ол кезде қалаларда қазіргідей емес, болса бір ғана ресторан, бір қонақүй болатын. Сондықтан, әлгі кісі тойды өз ауласында өткізбек болып, бірнеше киіз үй тіктіріпті. Сол үшін көршілерінің шарбақтарын алып тастаған. Дегенмен, кеңес жылдарында тәртіп қатаң болатын. Егемендік алғалы тәртіп босаңсып, ресторан, қонақүй көп, тойлардың тығыны ашылды. Түрлі жиын өткізу үшін күні бұрын ақшасын төлеп, келісімін алмасаң, ресторандар, әсіресе, сенбі, жексенбі күндері қол жеткізбейтін болды. Ел айтады, тек бір кеште той жүргізетін тамада 2 мың долларға дейін таза кіріс табады деп. Тойда қыздар билейді, тіпті стриптиз көрсетілетін болды. Кейбір мықтылар тойын біздің елімізді былай қойып, шетелдерде, мәселен, Түркияда өткізуге көшті. Мұндай шашылу бір жағынан халық тұрмысының байлығын көрсетсе, екінші жағынан шектен асқан мақтаншақтық пен ақылсыздық көрінісі. Қай елден мұндай байлықты шашқанды көруге болады? 1978 жылы жапон еліне «Білім» қоғамы атынан барғанымда бір үйлену тойының куәгері болдым. Белгіленген сағат-минутында оншақты жеңіл машина ресторан алаңына тоқтап, 40 шамалы адам келіп жайғасты. Тойда бір кісі қысқа сөйлеп, салтанатты бастады, біткенде тағы бір кісі сөйледі. Той бас-аяғы 40 минутта аяқталды. Қонақтар тарағанда үстелдерде бірде-бір ыдыс қалған жоқ, тап-таза. Бізде той – жина­лыс. Бәрі сөйлеу керек және кім­нен бұрын кім? Бәрі бәсеке. Той 17:00-де басталады десе, 20:00-ге дейін елді күтетіні өз алдына. Қазақта нәресте дүниеге келген­де шілдехана, қырқынан шығару, бесікке бөлеу, тұсау кесер, ұл баланы сүндетке отырғызу, атқа мінгізу деген әркімнің әліне қарай өткізу қуаныштары болған. Қазақ жыл мезгілдерін 12 хайуан атына (алтауы үй жануарлары, қалған алтауы дала тағылары) аттарымен аталып, әрбір он екі жылда қайталанып отырған. Сол 12 жылды мүшел деген. Қазақ мүшелден аман өткеніне қуанып, садақа берген. Ол 13, 25, 37, 49, 61, 73, т.т. жылдар. Бірақ, қазақта пәлен жылға толдым деп өткізілетін тойлар болмаған. Кейін кеңес жылдарында ресми 60, 70, 80, т.б. жылдарды атап өтетін, тойлайтын тәртіп ендіріліп, дәстүрге айналды. Бірақ, сол дәстүрді бұрмалап, әлді адамдар 30, 40, 50 жастарын немесе мектеп, институт бітіргенін тойлайтын кәде пайда болды. Әрине, кезінде бірге оқып, кейін жан-жаққа тарап кеткен жастардың кездесіп, жағдайын айтып, ой бөліскені дұрыс, бірақ сол кездесулерді мақтаншақтыққа айналдырудың еш қажеті жоқ. Ешбір дамыған, басқа шетелдерде мұндай тәртіп жоқ. Қазақта жомарт деп қонақ келгенде, басқа мүмкіндігі болмаса, «жалғыз атын сойып бергенді» мадақтаған. Бұл – артын, ертеңін ойламағандық. Г.Бельгер айтқан болатын: «Қазаққа Құдай байлық берді, енді сол байлықтың ол көзін таба алмай жүр», деп. Бұл өте орынды айтылған сөз. Біз нарық заманына киліктік. Әзірше мүмкіндігіміз мол, бірақ оған да есеп керек. Нарық ешкімді аямайды. Мен болдым, жеттім деп дүние шашқаннан гөрі, айналаңа қарап, басқаларды, мемлекет тағдырын ойлаған, соған әрекеттенген, міне, нағыз азаматтық, нағыз жомарттық осы. Бірде-бір миллиардер капиталист дүние шашпаған, өзін де қысып ұстаған, ішінде өмірін бір костюммен өткізгендер болған, әлі де бар. Қазақ ақылды халық дейміз. Асып-таспау, елден оздым демей, «арық сөйлеп, семіз шығуды», ілгері дамуды бойымызға сіңірсек дегім келеді. Біз қазір ғылыми-техникалық прогресс заманында өмір сүру­деміз. Олай болса әрбір мемлекет­тің даму деңгейі ғылым мен техника дәрежесімен айқындалады. Егемендікке қол жеткелі бері Қазақ­­стан қарыштап дамыды. Табыс­тарымыз мол десек те, кеміс­­тіктер де жоқ емес. Әсіресе, соңғы жылдары елде ғалымдар беделі төмендеп кетті. Бұрын Қазақстан Ғылым академиясының академиктері көп болмайтын. Бірақ, оларды ел білетін. Қазір ғылыми атағы, дәрежесі барлар қаптап кетті. Есесіне оларды ешкім білмейді. Ғылым жолы ауыр, ізденіс екені белгілі. Қазіргі «ғалымдар» оның жеңіл, оңай жолын тапты. Ол – түрліше айла жолы. Орыс, басқа тілде жазылған кітаптарды қазақ тіліне аударып, өзімдікі деп кітап шығаратындар пайда болды. Бұл бір. Екіншіден, барлық басқа кітаптардан керегін теріп алып, жинақтап, сілтеме жасамай өз атынан кітап шығаратындар өмірге келді. Үшіншіден, басқаларға еңбек жаздырып, сол қолжазбаны кітап етіп шығарып, ғылыми дәреже алғандар да бар. Сондай кітап жазғандардың ішінде ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесін алғандар сирек емес. Былайша айтқанда, ондай кітаптарда мән де, дәм де жоқ. Бейнесі бар, маңызы жоқ еңбектер қаулап кетті. Оны көрген жастар өзін қинап қайтеді, сол қисық, тұр­лаусыз жолға түсуде. Ғылыми биік дәреже, атақты кітап жазбай, дис­сер­тация қорғамай-ақ сатып алған­дар ше? Бұл да ащы шындық. Оны көп­шілік біледі. Бірақ, оларды көр­с­етіп, сын айтқысы, жаман атқа қал­ғысы келмейді. Бұл бізге қайдан келді? Әрине, ашық сауда дамыған елдерден. Ол елдерде әр нәрсенің шыны, мәні – пайда келтіру. Бір кезде біздің елде Сорос де­ген мил­лиардер, айлакер біз­дің талантты жастарымыздың жазбаларын тегін ағылшын тілінде кітап етіп шығарып, кітаптағы пайдалы ұсыныстарды өндіріске ендіріп, үлкен байлық тапты. Батыс елдері бүгін бізге басқа амал қолдануда. Мақсаты – біздің кемістік, осал жақтарымызды мадақтап, бізді таза жолдан тайдыру. Айласы көп. Бірі – доллар төлесең болды, кім болсаң, ол бол, сені «Жыл азаматы» деп құрмет атағын беру. Сондай-ақ, доллар төлесең, кейбір мәні жоқ, академия­сына еңбегің бар ма, жоқ па, оған қарамай академик атағын беру. Үшіншіден, ешнәрсе тұрмайтын шимай, плагиат жазбаларды кітап етіп шығарып беру, т.с.с. Бұдан Батыс елдері не ұтады? Алдымен, оларға доллар келеді. Одан соң сені «өзіңе өзің көңілің толған», ілгері ұмтылмайтын мәз-мейрам етіп, тізбегінде ұстау. Ақырында, ұсынылған жазбаларда құнды пікір, ой, ұсыныс кездесе қалса, онда оны тез қағып алып, пайда көзіне айналдыру. Осы қияңқы Батыс әрекетін байқамаған кейбір мекеме басшылары пәленше шетелде пәлендей кітап шығарды, не «Жыл азаматы» деген құрметті атаққа, тағы басқаға ие болды деп мақтап жатады. Қияңқы саясаттың астарын байқамайтыны. Өтірік кімге керек? Мақтаншақ, алаяққа керек. Платон айтқан болатын: «Мем­лекеттің жауы өтірік», деп. Халық айтады: «Өтіріктің құйрығы бір тұтам», деп. Солай десек те өтірікшілер тайраңдап барады. Бұл да тозығы жеткен, аяққа тұсау болып жүрген кейбір әрекет, дәстүр көрінісі. Сөз соңында Төрегелді Шар­ма­­н­овқа мақаласына елге қоз­ғау сала­тын тақырып қойғаны үшін риза­лық білдіргім келеді. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі. АЛМАТЫ.