Атқарылған маңызды жобалардың бірі – оқуын аяқтағанына 5 жыл толмаған, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы. Бағдарлама аясында 2 146 жасқа бейімділігі мен мамандығына сай жұмыс орындары ұсынылып, олар 12 ай бойы сол мекемеде тәжірибеден өтті. Кейін тұрақты жұмысқа орналасты. Осы кезеңде олардың жалақысының 30%-ын мемлекет субсидиялады. Жас мамандарға алғашқы еңбек дағдысын меңгеруге, кәсіби тұрғыда қалыптасуға жол ашатын бұл бағдарлама келесі жылы да жалғасады.
50 жастан асқан, бірақ зейнет жасына жетпеген жұмыссыз азаматтарға арналған «Күміс жас» жобасы – сәтті іске асқан бастамалардың бірі. Биыл осы бағдарлама арқылы 1 225 ақтөбелік жұмысқа орналасты. Айта кетерлігі, қатысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі – әйелдер. Оларға жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жұмыс орындары ұсынылды. Бағдарламаға қатысушылардың жалақысының бір бөлігін жұмыс беруші, ал 30 АЕК-тен аспайтын бөлігін мемлекет субсидиялады. Нәтижесінде, 1 125 адам жұмыспен қамтылды. Жұмыс берушілер тарапынан әсіресе қызмет көрсету саласына және оқу орталықтары асханаларына ұсыныстар көп түсті.
Биыл 567 ақтөбелік әлеуметтік осал топтағы азамат 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алды. Үміткерлер алдымен «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, кейін грантқа өтінім тапсырды. Жобаға жұмыссыздар мен кәсібін жаңадан бастаған, айналым қаражаты жоқ кәсіпкерлер қатысты. Грант қаржысы бизнес жобадағы талаптарға сай құрал-жабдық, мал мен құс сатып алуға немесе ғимарат жалдауға жұмсалды.
Өңірдегі кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері WorldSkills жобаларына белсене қатысып, «WorldSkills Qazaqstan – 2025» чемпионатынан 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен оралды. Ең жоғары марапатты төрт құзыреттілік бойынша ақтөбелік колледж студенттері жеңіп алды. Хромтау тау-кен техникалық колледжінің студенттері Мырзабек Сәндібекұлы мен Даниил Дрижак – өндірістік автоматика мен ұшқышсыз ұшу жабдықтары, Ш.Берсиев атындағы аграрлық-техникалық колледж студенті Жанат Әли – мейрамхана ісі, Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің студенттері Ақниет Абылай мен Данияр Ерболатов – заманауи технологияларды меңгеру аталымдары бойынша бірінші орын алды.
Ақтөбе облысы