Жұмыспен қамтудағы нәтижелер
Байқасақ, кейінгі кездері жас буынға мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндік аясы кеңейді. Мәселен, 35-ке дейінгі отандастарымыздың бизнес, стартап бастамаларын қолдау нәтижесінде жас кәсіпкерлердің саны үш жылда 12,1%-ға артты.
Ал кәсіби дағдыны меңгеруіне, жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін «Joltap», «Jumystap», «Mansap Compass» және «Skills Enbek» бағдарламаларының тұрақты әрі жүйелі іске асырылуынан бес жылда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0,8%-ға төмендеді. Көрсеткіштің бұлай азаюына бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің көптеп ұйымдастырылуы да түрткі болып отыр.
Есепке шақсақ, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында Жастар ресурстық орталықтары Жұмыспен қамту мекемелерімен бірлесе 205-тен аса жәрмеңке өткізген. Оның үстіне күні бүгінге дейін еңбек нарығына тарту, бейімдеу жөнінен 265 мың жеке кеңес беріліпті. Ерекше атап өтерлігі, консультациялардың елеулі бөлігі ауылдық жерлердегі және NEET санатындағы азаматтарға бағытталған. Жалпы 220,6 мың жас қатысып, 63 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.
– Қазір елдегі 235 жастар ресурстық орталығы отандастарымызды еңбекке баулу, жұмысқа орналастыру бағытындағы іс-шараларды белсенді ұйымдастырады. Бізде соңғы рет 27 қарашада «Жастар сарайында» Ұлытау облысындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті, Еңбек мобильділігі орталығы және Жезқазған қаласының Мансап орталығының ұйымдастыруымен жәрмеңке өткізілді. Оған 15 жұмыс беруші қатысып, әртүрлі саладан 45 бос жұмыс орнын ұсынды. Жастар «Mansap Compass» мамандарынан толыққанды кеңес алып, еңбек заңнамасына қатысты сұрақтарына жан-жақты жауап алды. Жалпы, бұл формат екі қолға бір күрек таппай сенделгендерді ынталандырып, жұмыссыздықты төмендететін ең тиімді құралдарының бірі болып қала береді, – деді Ұлытау облысы Жезқазған қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры Сәкен Қайратұлы.
Жауапты салаға бастар жол
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыруда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары негізгі рөл атқарады. Мұнда да жастар маусымдық жұмысқа тартылып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Биыл бағдарлама 36 мың жасты қамтыды. Негізінен бұл жоспарлы көрсеткіштен 19,8% жоғары. Әрі қатысушылардың шамамен 40%-ы – ауыл жастары.
– Жобаның республикалық деңгейдегі ашылу салтанаты мамыр айында Ақтөбе облысында, жабылу салтанаты Қарағанды облысында өткізілді. Ұйым Халықаралық экология және туризм бойынша жастар құрылтайына мүшелік етеді. Маусым барысында жастардың күшімен елді мекендерде абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Саябақтар мен скверлер, әлеуметтік және мәдени нысандардың аумақтары тазартылып, жасыл желекке күтім жасалды. Жасақтар негізінен экологиялық бағыттағы жұмыстарға, оның ішінде көшет отырғызу, су айдындарын тазалау және инфрақұрылым объектілерін ретке келтіруге жұмылдырылды. Олардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар да ұйымдастырылды. Бастысы, маусымдық жұмыспен қамту студенттер мен жұмыссыз жастар үшін қосымша табыс көзіне айналды. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті, – деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Жасұланұлы.
Әлеуметтік тұрақтылық факторы
Мемлекеттің жастарға арналған әлеуметтік қолдауында ерекше басымдық беретін бағыты – тұрғын үймен қамту мәселесі. Бүгінде 17 облыста 35-ке дейінгі мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар бар. Одан бөлек, кейінгі жылдары іске қосылған «Отау», «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен 5 700-ге тарта жасқа баспана бақыты бұйырды.
– Құрылыс саласында ұйымдастырушы болып еңбек етемін. Отбасым екі балам бар. Елордада жүргеніме 20 жылға жуықтады, міне, жақында ғана «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен 12 жылға 9% мөлшерлемемен үй алдым. Ай сайын ипотекаға 284 мың теңге төлеймін. Алғашқы 8 жыл 9%-бен, қалған 4 жыл 8%-бен. Басқа банкпен алсам, бұл сома екі есе көп болатын еді, – деді Қостанай облысының тумасы Жасұлан Мәтенов.
Айтпақшы, жастар саясатын іске асыру аясында жалпы сомасы 750 млн теңге болатын 6 жаңа гранттық жоба іске асырылды. Бұл бастамалар қазіргі қоғамның кеселіне айналған нашақорлық, лудомания және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Осы гранттық қолдау аясында енгізілген «Mergen» жүйесінің көмегімен 5 мыңнан аса есірткі дүкені анықталып, бұғатталды. Жарнама сайттарындағы 120 мың хабарландыру тексерілді.
Өскелең ұрпақтың репродуктивті денсаулығын қорғау да күн тәртібінен түскен емес. Есесіне қоғамдық түйткіл ерте жүктілік мәселесі 43%, ал аборт 30% төмендеді.
Дарынды жастар – ел болашағы
Бастамашыл, дарынды, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қазіргі жас буын – елдің ертеңін қалыптастыратын негізгі күш. Сондықтан жастардың көшбасшылығы мен бастамасын қолдайтын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығын тағайындауға арналған конкурстар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
– Елімізде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Қай салада болмасын, мемлекет тарапынан нақты қолдау көрінеді: гранттар мен шәкіртақылар беріледі, кәсіби және тұлғалық өсуге мүмкіндік мол. Біз үшін ең бастысы – марапат күтпей, өз ісімізді адал атқарып, қоғамға пайда тигізу, – деді биылғы «Дарын» сыйлығының «Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша лауреаты Меруерт Өтегенова.
Осы жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының былтырғы 30 жеңімпазы бизнес, мәдениет, спорт, ақпараттық технологиялар, волонтерлік және ғылым саласындағы өз жобаларын жүзеге асырды. Әр жобаға мемлекет тарапынан 3 млн теңгеден қаражат бөлінді. Мәселен, Атырау қаласының тұрғыны Әнел Маратова Даун синдромы бар балалардан құралған инклюзивті театр ашты, ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистрі Әнел Әубәкірова елдегі алғашқы этномюзикл құрды.
Саяси тұрғыда, 2022 жылы сайлау партиялық тізімдерінде және депутаттық мандаттарды бөлу барысында әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Жас басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретін Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өту керек. Өйткені қазіргі уақытта резервке алынған қатысушылардың 80%-ы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жемісті еңбек етіп жатыр. Биыл маусым айында басталған іріктеуге 31 мыңнан аса азамат өтінім білдіріп, оның 7 436-сы ғана үміткер қатысушы тізіміне ілікті. Одан 50 азамат қана қабылданды. Демек жастарда қызығушылық бар. Содан болар бүгінде өңірлер бұл тәжірибені белсенді түрде енгізді. Аймақтарда жастар кеңестері құрылып, жергілікті жастар кадрлық резервтері жасақталды.
Түйін мен тағылым
Осындай мүмкіндіктерді тізбектей берсек өте көп, алайда әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, бізде әлі де екшейтін тұстар баршылық. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ және Сингапур елдерінде жастар саясаты тек қолдау жүйесі емес, ұлттық дамудың ұзақмерзімді стратегиясының өзегі ретінде қарастырылады. Бұл мемлекеттерде жас буынға қолдаумен қатар нақты талап қойылады, ал жауапкершілік институционалдық деңгейде бекітілген.
Жапония мен АҚШ-та жастарға арналған мүмкіндіктер көбіне жүйелі орта мен институттар арқылы беріледі. Яғни мемлекет тікелей қамқорлықтан гөрі, азаматтардың өз бетінше дамуына жағдай жасайды. АҚШ-та таңдау еркіндігі басым болса, Жапонияда тұрақты еңбек пен кәсіби өсудің дәстүрлі жолдары көп.
Сингапур мен Оңтүстік Кореяда Қазақстанмен салыстырғанда білім мен технологияға қойылатын талап әлдеқайда жоғары. Бұл елдерде жастарға берілген мүмкіндік нақты нәтиже мен нарық жағдайында жоғары өнімділік талап етіледі.
Бізде жастар саясаты көбіне мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асатынын мойындау керек. Білім беру гранттары, жұмыспен қамту бағдарламалары, тұрғын үй бастамалары мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктері жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Бұл – қолдаудың қолжетімділігін арттырғанмен, кей жағдайда жастардың бейқамдығына, қоғамда өз бетінше бастама көтеру үрдісін әлсіретуге итермелеуі мүмкін. Жалпы, 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының басты қағидасы – «жастар үшін емес, жастармен бірге» идеясы етін. Яғни жас буын енді мемлекеттің қамқорлық нысаны ғана емес, шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысатын серіктесі.
Осы тұрғыдан алғанда, ел үшін ендігі міндет – мемлекет дамуына тікелей жауапты серіктес ретінде ерте кезден дербестікке тәрбиелеп, жеке жауапкершілік жүгін артып, қалыптастыру. Демек 2026 жыл – барды бағалап, сол мүмкіндіктерді еселеуге ұмтылатын уақыт.