Аймақтар • Кеше

Әкім 100-ден астам инвестормен кездесті: 2025 жылы Абай облысына қанша млрд қаржы тартылды?

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Абай облысында оң өзгерістер мен нақты қадамдарға толы жыл болды. Инфрақұрылымнан бастап өндіріс, ауыл шаруашылығы, инвестиция және әлеуметтік салаға дейінгі бағыттарда қолға алынған жұмыстар өңірдің даму қарқынын айқын көрсетті. Өңірдегі өзгерістер мен атқарылған істерге ресми ақпараттық ресурстары негізінде шолу жасап көрген едік.

Әкім 100-ден астам инвестормен кездесті: 2025 жылы Абай облысына қанша млрд қаржы тартылды?

 Бұрын-соңды болмаған инвестиция

Жылдың 11 айының қорытындысына сәйкес, өңір экономикасына 495,2 млрд теңге инвестиция салынды. Оның ішінде Семей қаласының үлесіне 144,8 млрд теңге тиесілі, бұл жалпы көлемнің 29,2 пайызын құрайды.

Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар саны 29-дан 98-ге дейін артты. Ал тартылатын инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бүгінде олардың 51 жобасы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.

Биыл 14 жобаны іске асыру, 30,3 млрд теңге инвестиция тарту және 510 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазір 11 жоба жүзеге асырылып, 333 жұмыс орны ашылды, жобалардың жалпы құны 22,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде Семей қаласында 6 жоба іске асырылып, 21,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 339 жұмыс орны құрылды.

Жыл соңына дейін тағы 3 жобаны іске асыру және қосымша 175 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер Абай облысында инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай артқанын және өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Жыл басынан бері облыс әкімі Берік Уәли 100-ден астам шетелдік инвестормен кездесу өткізіпті. «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен 15 меморандумға қол қойылып, олардың жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Семейде ерекше кешен ашылды

Бүгінде қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 39,5 млрд теңге болатын 3 ірі жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, XinYi ltd компаниясының 2 млрд теңгелік коммуналдық базары, Suto Group компаниясының 27 млрд теңгелік чип шығару зауыты, Universal SM компаниясының 7,5 млрд теңгелік ағаш өңдеу зауыты. Аталған жобалардың барлығы 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында жалпы сомасы 336 млрд теңгені құрайтын 15 келісімге қол қойылды. Оның ішінде 31,7 млрд теңгені құрайтын екі жоба жедел іске асырылды.

Атап айтқанда, «Pana Complex Semey» қонақүй кешені іске қосылып, құны 5,7 млрд теңгені құрады. Кешен 180 орынға, 130 нөмірге есептелген және 105 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ құны 26 млрд теңге болатын «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы пайдалануға беріліп, іске қосылғаннан кейін 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығындағы ахуал

Жылдың 11 айында өңірде ауыл шаруашылығы саласында оң өсім қалыптасты. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 24,2%-ға ұлғайып, 515,1 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 100,9% деңгейінде тіркелді. Мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Бұл бағыттағы нақты көлем индексі 105,3%-ға жетті. Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі 31,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артты.

Абай облысында 500 балаға арналған Оқушылар сарайы ашылды

Есепті кезеңде барлық түрдегі ет өндірісі 105,1%-ға өсіп, 126,0 мың тоннаға жетсе, сүт өндірісі 106,6%-ды құрап, 297,5 мың тонна болды. Жұмыртқа өндірісі 54,5 млн данаға жетті. Мал басы саны бойынша ірі қара – 772,0 мың бас (өткен жылмен салыстырғанда 99,7%), ұсақ мал – 1 235,8 мың бас (100,9%), жылқы – 378,6 мың бас (103,2%), ал құс саны 1 587,8 мың басқа жетіп, 127,8% өсім көрсетті.

Күзгі жиын-терін көлемі артты

Биыл  Абай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егін жинау алаңы 782,1 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,0 мың гектарға артық. 2025 жылғы 1 желтоқсанда өңірде күзгі жиын-терім науқаны толық аяқталды. Нәтижесінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабынан 348,9 мың тонна астық бастырылды. Майлы дақылдардың егіс және жинау алаңы да айтарлықтай ұлғайды. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 42,5 мың гектарға артты. Соның нәтижесінде гектарына орта есеппен 15,0 центнер өнім алынған, жалпы көлемі 509,2 мың тоннадан астам майлы дақыл жиналып, өңір үшін рекордтық деңгейге қол жеткізілді.

Осыған орай Абай облысында аграрлық салаға қолдау күшейтіліп, қаржыландыру көлемі артты. Жыл басынан бері өңірде ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту бағытында нақты жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 592 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, техника паркін жаңарту деңгейі 6,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жоспарланған 6,5%-дан жоғары.

Егін және мал шаруашылығын қолдауға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы аясында осы жылы облыстың 202 диқаншыларына 9,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда несиелендіру көлемінің 4,6 млрд теңгеге артқанын көрсетеді.

Семейде 25 мың орындық стадионның құрылысы басталды

Сонымен қатар 2025 жылға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Жалпы 10 аудан бойынша 2,8 млрд теңге сомасына 326 жоба қалыптастырылып, аталған жобалар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде сәтті қорғалды. Аталған іс-шаралар ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға, ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Тазалық мәдениеті тұрақты үрдіске айналды

Жыл басынан бері Абай облысында әр сенбі сайын кең ауқымды тазалық акциялары ұйымдастырылып келеді. Бұл игі іске облыс бойынша 350 мыңға жуық тұрғын белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.

Акциялар барысында 182 мың аула, 3 055 саябақ пен сквер, сондай-ақ тарихи ескерткіштер тазартылды. Нәтижесінде 52 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл көрсеткіштер өңірде тазалықты сақтау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Биыл Абай облысына 500-ге жуық адам қоныс аударды

Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Сонымен қатар, халық арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту аса маңызды. Өйткені сана тазармай, қала мен ауылдың тазалығы толық қамтамасыз етілмейтіні баршамызға мәлім.

Тазалық – тек бір күндік шара емес, әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс.

Жылумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды

Өңірде орталықтандырылған жылумен жабдықтау 3 қала мен 5 ауданды қамтиды. Қазіргі таңда 46 жылу көзінде 183 қазан агрегаты жұмыс істейді.

Семей қаласында 12 жылу көзі жаңғыртылып, қазандықтар мен қосалқы жабдықтар ауыстырылды. Сонымен қатар 13,6 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылып, бұл жүйенің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттырды.

Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандықта үш қазан ауыстырылып, жылу қуаты артты. Қоса атқарылған желілерді салу және ауыстыру жұмыстарының нәтижесінде 2026 жылы мыңнан астам тұрғынды орталықтандырылған жылумен қамту жоспарланған.

Курчатов қаласы мен бірқатар аудандарда да жылу көздері мен желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 59,3%-дан 55,6%-ға, ал Семей қаласында 61,5%-дан 58,2%-ға төмендеді.

Соңғы жаңалықтар