немесе 142 миллион теңгенің жыры
Алматы қаласындағы «KEREGE HOMES» ЖШС еліміздегі заманауи өндіріс саласын еңсерген санаулы компаниялардың бірі. 2012 жылдан бері сан қырлы әрі көшіп-қонуға қолайлы жылжымалы тұрғын үйлер, өнеркәсіптік тоңазытқыштар мен автокөлік борттары, т.б жасаумен айналысады. Алайда, нарықта жолы болып, бәсекелестерін басып озған «KEREGE HOMES» компаниясы соңғы уақытта сот табалдырығын тоздырып жүрген жайы бар.
«Әділдік іздеп келдім» деген Н.Құсайынғазыұлы сөзінің растығына көз жеткізуіміз үшін тиісті құжаттарды қарап шығуымызды өтінді. Біз өз кезегінде компания басшысы ізген әділдіктің астарына үңіліп, қат-қат құжаттарды ақтарғаннан кейін анықтағанымызды қалың оқырманның назарына ұсынып отырмыз.
Сөз кезегін алдымен Н.Құсайынғазыұлының өзіне берсек: – «2013 жылдың қазан айында «Өзенмұнайгаз» АҚ электронды ашық тендер өткізеді. Тендерге түскен дүние мұнай саласына қажетті жылжымалы үйлер. Осы тендерге Ақтау қаласындағы «ВИКр плюс» ЖШС-і қатысып, ұтады. Бірақ, бұл компанияның мұндай мобильді жылжымалы үйлерді жасауға лицензиясы да тәжірибесі де жоқ. Соған қарамастан, олар жылжымалы үйлерді жобалау, жасау, жеткізу бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ жариялаған тендерде жеңіске жетеді. Бұл компания тендерге дейін бізге хабарласып, жоғарыдағы тендерге қатысатыны жайлы, жеңіске жеткен жағдайда біздің компанияның көмегіне жүгінетіндіктері туралы айтып, тіпті, алдын-ала келісімшартқа да отырған болатынбыз. Осылайша, «ВИКр плюс» тендерді ұтысымен бірден Алматыға бізге келді. Олардың ұсыныстарын қарап, 23.10.2013 жылы «ВИКр плюспен» ортақ келісімшартқа отырдық. Келісімшарт бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың тапсырысын орындауды жартылай біз мойнымызға алып, «ВИКр плюс» біздің жұмысымызға № ВИКр 15-11/13-1 келісімшарты бойынша 29 миллион 450 мың теңге, № ВИКр 21-10/13-1 келісімшартына сай 62 миллион 309 мың 980 теңге, № ВИКр 21-10/13-2 келісімшарты бойынша 63 миллион 240 мың теңге төлеуге міндеттеме алды. Мен басқаратын «KEREGE HOMES» ЖШС бірден іске кірісіп, аталған тапсырысты межеленген уақытта толықтай аяқтап, 31.01.2014 жылы өткізіп беру-қабылдап алу актісі және орындалған жұмыс актісімен тауарларды «ВИКр плюске» өткіздік. Осылайша, олар бізге келісімшартта көрсетілген талапқа сай банктік бес күннің ішінде атқарылған жұмысымыздың 90 пайыз ақысын есепшотымызға аударуы тиіс еді. Алайда, сол қаражатты «ВИКр плюс» күні бүгінге дейін төлемей, бізді заңға жүгінуге мәжбүр етуде. Компаниямыздың кәсібі осы келеңсіз жағдайдан кейін кері кетіп, шығынға батуда.
«ВИКр плюстің» «ақша әлі түскен жоқ» деген сылтауы бітпеген соң, 2014 жылы 20 сәуірде «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың бухгалтериясына өзіміз қоңырау шалдық. Олар бізге ең соңғы ақшаны «ВИКр плюстің» есеп шотына 4 сәуірде аударғандарын, «ВИКр плюспен» толықтай есеп айырысқандықтарын айтты. Содан кейін, біз Ақтауға «ВИКр плюске» бардық. Сол уақытта олар бізден қабылдап алынған заттардың барлығын «Өзенмұнайға» өткізіп, тиісті ақшаларын 100 пайыз алғаны да расталды. Біз жасаған сол заттар қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың балансында тұр. Пайдаға асып та жатыр. Арнайы бірнеше рет барып өз көзіммен көрдім. Жалтыраған жайлы баспаналарда мұнайшылар ешқандай шағымы жоқ тұрып жатыр. Бірақ, соған қарамастан, «ВИКр плюс» тауарлардың ұсақ-түйек ақаулары бар дегенді желеу етіп, бізге тиесілі ақшаны бермеуде. Негізі мұндай шағымды бізге «Өзенмұнайгаз» айтуы керек еді. «Өзенмұнайгаз» біздің жасаған тауарларымыздың сапасына көңілі толмай, «ВИКр плюске» қайтарып жатса бір жөн...» деп мәселені компания басшысы осылай баяндады.
Н.Құсайынғазыұлының шағымын тыңдап, дыбыс таспаға басып алған соң, аталған дауға қатысты барлық құжаттар мен сот шешімдерін қарап шықтық. Әрине, сот шешіміне шүбә келтіруден аулақпыз. Десек те, бір іс бойынша бір соттың екі түрлі шешім шығаруы бұл даудың қаншалықты шытырман екенін аңғартқандай.
Анығында, бұл дауда «Өзенмұнайгаз» тапсырыс беруші бірінші тарап болса, ал, «ВИКр плюс» тапсырысты орындаушы екінші тарап. Алайда, «ВИКр плюс» өзінің тендерде жеңіске жеткенін пайдаланып, үшінші тарап «KEREGE HOMES» ЖШС пен келісімшартқа отыруы жағдайдың шиеленісуіне себеп болғандай. Бәлкім, «ВИКр плюс» «KEREGE HOMES» компаниясымен арадағы іскерлік қатынасқа сызат түсірмей, келісімшарттың барлық талаптарын бұлжытпай орындағанда ортақ істің ақыры үш тарапқа тек пайда әкелер ме еді? Десек те, әзірге бастапқы екі тараптың есебі түгел, алайда, «міндетімізді мінсіз орындадық» деген «KEREGE HOMES» ЖШС-тің шаш-етектен зиян шегуі қаншалықты әділ?
Жоғарыда аталған келісімшартты қолымызға алып, мұқият оқып та шықтық. Онда «ВИКр плюс» директоры Р.Крыжанюк сатып алушы, «KEREGE HOMES» директоры Н.Құсайынғазыұлы жеткізуші ретінде қолдарын қойып, мөрлерін басқан. Қабылдап алу-өткізу актісі мен орындалған жұмыс актісінде де дәл осы екі басшының қолдары мен мөрлері сайрап тұр. Бұл құжат «Өзенмұнайгаздың» тапсырысы бойынша жасалған жылжымалы үйлерді қабылдап алу-өткізу кезінде ешқандай заңбұзушылық орын алмағандығының бірден-бір айғағы десе де болады.
Келісімшарт бойынша барлық талаптарды орындағанын көлденең тартқан арыз иесі, «ВИКр плюс» келісімшарттың 4.2.3 бөлігін өрескел бұзғанын айтады. Келісімшарттың осы бөлігінде жеткізілген өнімнің 90 пайыз құнын өнімді қабылдап алу-беру актісіне екі тараптың басшылары қолдарын қойып, мөрлерін басқан уақыттан бастап, банктік бес күннің ішінде сатып алушы жеткізушіге төлеуі тиіс екендігі тайға таңба басылғандай жазылған. Олай болса, «ВИКр плюстің» келісімшарттың негізгі талабын бес күн түгіл, бір жарым жылдан кейін де орындамауына не себеп?
Бұл сауалымызға біз жауапты Маңғыстау облыстық ауданаралық мамандандырылған соттың шешімінен іздедік. Әуелі, «ВИКр плюс» «KEREGE HOMES» ЖШС-інен қабылдап алынған сапасыз тауарларды басқасына ауыстыру туралы аталған облыстық сотқа талап арыз түсіреді. 2014 жылы 16 мамырда Маңғыстау облыстық ауданаралық мамандандырылған соты азаматтық іс қозғап, 09.06.2014 жылы «ВИКр плюстің» талап арызы негізінде кешенді сот-құрылыс сараптамасын тағайындауға ұйғарым шығарады. Әділет министрлігі сот сараптама орталығы Маңғыстау облыстық ССИ-ның 04.09.2014 жылғы №1082 сараптау қорытындысы бойынша даулы тауарлардың «сапасы талапқа сай емес» деп танылады. Алайда, аталған сот сараптамасын мұқият қарау барысында, бірқатар түсініксіз деректерді көзіміз шалды. Біріншіден, сараптау барысында мамандар «ВИКр плюс» пен «KEREGE HOMES» арасындағы келісімшарттарда көрсетілген талаптарға емес, «KEREGE HOMES» жарнамалық буклеттеріне көбірек көңіл бөлгенге ұқсайды. Тіпті, тараптар арасындағы заңдық құжаттардың бірде-бірінде аты аталмаған қарапайым буклеттің сараптамаға қандай қатысы барын біле алмадық. Екіншіден, 27.08.2014 жылы сарапшы мамандардың қатысуымен өткен зерттеуге «ВИКр плюстің» ғана арнайы өкілі қатысып, ал, «KEREGE HOMES» пен «Өзенмұнайгаздан» ешкімнің қатыспағаны қалай?
Аталған сараптаманы басшылыққа алған облыстық сот «Викр плюстің» пайдасына шешім шығарады. Бұған наразы болған «KEREGE HOMES» қарап қалмай, Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотқа талап арыз түсіреді.
Даудың бұдан әрі қалай өрбігенін Н. Құсайынғазыұлы жалғаса, «2014 жылдың 9 маусымында Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотқа бердік. Іс төрт айға жуық қаралып, 22 тамызда біздің пайдамызға сот шешімі шықты. Алайда, сот шешімімен келіспеген «ВИКр плюс» апелляцияға берді. Апелляцияда іс екі айға жуық қаралып, дәл сот шешімі шығатын күні «ВИКр плюс» неге екені белгісіз аяқасты шағымдарын апелляциялық сатыдан арызын кері қайтарып алды. Бірақ, апелляциялық сот Алматы мамандандырылған экономикалық соттың шешімін күшінде қалдырды. Сөйтіп, апелляциялық соттың шешімі орындауға кеткен еді, алайда, «ВИКр плюс» кассациялық сотқа жүгінді. Өз кезегінде, кассациялық сот Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық соттың шешімін қайта қарауға жіберді. Сонымен не керек, Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық соттың судьясы Г.Мейржанова істі қайта қарап, 2015 жылдың 13 мамырында шешім шығарды. Г.Мейржанованың шешімі бойынша біздің талап арызымыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Себебін түсінбедік. Заң бойынша сұрау салып едік, судья Г.Мейржанова жазбаша түсініктеме беруден бас тартты» деді.
Сот өндірісіне түскен талап арызда «ВИКр плюстің» «KEREGE HOMES» ЖШС-не берешегі 123 миллион болса, өсім пұл 15 миллион 500 мың, мемлекеттік баж салығы 4 миллион 155 мың теңге екен. Миллиондаған теңгеге қатысты даудың есебі мен мәселенің ақ-қарасын құзырлы органдар анықтай жатар. Ал, біз даулы іске қатысты құжаттарды ақтару барысында «ВИКр плюс» тендер арқылы қол жеткізген қыруар қаржыны алуға қаншалықты еңбек сіңірді және «KEREGE HOMES» ЖШС-іне тиесілі миллиондар қазір қайда?» деген сұраққа жауап іздеген едік.
P.S. Тағы да, құжаттарды ақтару барысында «ВИКр плюстің» банктегі қаржылық операциялары жайлы анықтама қолымызға түсті. Әрине, миллиондаған қаржы айналымының есебіне жету мүмкін емес шығар. Алайда, жылжымалы үйді жасаушыларға төленуі тиіс миллиондар «ВИКр плюстің», еншілес компаниялары «Ақтау гродстрой», «Каспи транском», «Кржанок В.И», «Крыжанок Р.В», «Абылкаиырв К», т.б есеп-шотына аударылыпты. Сондай-ақ, «ВИКр плюс» пен «KEREGE HOMES» арасындағы келісімшарттар Ресей «Жинақ банкі» еншілес банкіне кезінде кепілге қойылып, «ВИКр плюс» несие рәсімдеген екен.
Камила ЫСҚАҚОВА,
журналист.
АЛМАТЫ.