2025 жылы қытайлық BYD компаниясы рекордтық көлемде 2,26 млн электромобиль сатты. Ал Tesla сол жылы 1,64 млн көлік жеткізгенін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Осылайша, Tesla сатылым көлемі бойынша екінші жыл қатарынан құлдырау көрсетіп отыр.
Сарапшылар компанияның қиын жылды бастан өткеруіне Tesla бас директоры Илон Масктің саяси белсенділігіне қатысты алаңдаушылық пен шетелдік нарықтардағы қатаң бәсекенің әсер еткенін атап өтеді.
Ал BYD 2025 жылы 2,26 млн электромобиль сату арқылы әлемдегі ең ірі электромобиль өндіруші компанияға айналды.
Сонымен бірге инвесторлар Илон Масктің амбициялық жоспарларына үміт артып отыр. Атап айтқанда, ол Tesla-ны роботакси қызметтері саласында көшбасшы етуге және тұрмыста әрі кеңселерде қарапайым міндеттерді орындай алатын адам бейнесіндегі роботтарды тұтынушыларға ұсынуға ниетті.
Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйек айында Tesla директорлар кеңесі Илон Маскке корпорациялар тарихындағы ең ірі сыйақы пакетін ұсынды. Оның көлемі 1 трлн долларды құрайды.