24 Ақпан, 2015

Ел ертеңін бүгін ойласақ ұтамыз

519 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
ERA_0433

Кешіктірілмеуі тиіс

Алматыдағы Достық үйінің баспасөз залында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы жасаған ұсынысына орай «Қазақстан Республикасының әлемдік қоры» брифинг өткізді. – Біз мерзімінен бұрын пре­зиденттік сайлау өткізу идеясын қолдаймыз, – деді «Қазақстан Республикасы әлемдік қоры» Алматы қалалық қоғамдық қайы­рымдылық қорының төр­ағасы Шайх Қазбек Әлтай­ұлы. – Біз Қазақстан қоға­мына сайлауды өткізуге бел­сенді түрде атсалысу идеясын ғана ұсынып отырған жоқ­пыз, сондай-ақ, әлемдік қоғам­дастықтың елі­мізде болып жатқан саяси үде­рістерді дұрыс қа­был­д­ауына ықылас білдірудеміз. «Менің айтайын дегенім, дәл қазіргі жағдайда «мер­зі­мінен бұрын» деген сөз дұрыс қолданылмай тұрған сияқты көрінеді. Өйткені, президенттік сайлау – бұл әрдайым мем­ле­кетіміздің жаңа елеулі кезе­ңінде немесе өз да­муының жаңа мәртебесінде да­митын жо­лымызды таңдау немесе жа­ңарту деп есептейміз. Пре­зиденттік сайлау – бұл өз­герген жағдайға сәйкес елі­міздің даму стратегиясын түзету, ал бұл шын мәнінде уақы­тында жасалуы тиіс, яғни кешік­тірілмеуі керек», деп түйін­деді ойын Шайх Қазбек Әлтайұлы. Қазақстанға бейбітшілікті сүйетін, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті сияқты көпұлтты және көп­конфессиялы елдегі халық арасындағы бейбітшілік пен достыққа кепілдік беретін және соларды жақтайтын президент керек. Халықаралық сарапшылардың берген бағаларына сәйкес, 2015 жылдың екінші жартысында ушыға түсетін дағдарыс 2016-2017 жылдарға дейін созылады. Қазақстан бұл талаптарды сайлауды анықтап болған соң қарсы алуға даяр болуы тиіс. Қазақстан халқы Ассам­блеясы Кеңесіндегі прези­дент­тік сайлауды бастама етіп көтеру фактісі Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев­тың Қазақстан халқының бейбітшілігі мен рухани ке­лісімі саясатының негізгі векторын, сондай-ақ, әлемдегі бүкіл халықпен үйлесімді, достық қарым-қатынаста өмір сүруді көрсетеді. Сонымен қатар, Н.Ә.Назарбаевтың G-Global идеясы көбіне экономика, аумақ, әскери қуат немесе ақпараттық әсер әлеуетінің көлеміне қарамастан, әлемдегі барша халық пен ұлттардың тең құқылы деп қарайтын көзқарасынан байқалады. «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Расул Ахметов осылай дей келіп, журналистер қойған сұрақтарға жауап қайтарды. Шарафаддин ӘМІРОВ,  «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.

Қазақстан жолы айқын

TasbulatovБиылғы жылдың 14 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтергені бар­шамызға аян. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл ұсы­нысын өзім жүрген жерлерде қа­­лың бұқараның, яғни бар­ша ха­­­лық­тың, зиялы қауым өкіл­дері­нің бірауыздан қолдап, оң пікір біл­діріп жатқанының куәсі болдым. Бүгінде әлемдегі қаржылық қиыншылықтар мен геосаяси жағдай, тұрақсыздық орнаған Украинадағы әскери қақтығыстар тұсында Қазақстан өзінің қар­қын­ды даму жолын таңдап алды. Еліміздің басты бағдары болған «Мәңгілік Ел» идеясы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасында айтылғандай, халықтың қалауы – тыныштық, бейбітшілік, татулық. Ал бұған әскери адам ретінде ай­та­рым, еліміздегі татулық пен бейбіт­шіліктің тұрақты кепілі бола біл­ген Елбасы –Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің негізін ­салушы. Президент Н.Ә.Назарбаев Қарулы Күштердің мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын терең түсініп, тәуелсіз елдің қорғаныс саласының қалыптасуы мен дамуына тікелей басшылық етіп келеді. Тәуелсіздік орнағаннан бері қарай Тұңғыш Президентіміз елдің Қарулы Күштерінің қалыптасуына белсене араласып, оны замана талаптарына сай жоғары сапада жетілдіру мәселесін басты назарда ұстауда. Соның арқасында елімізде тыныштық орнаған. Сондықтан біз де «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл бастамасын толықтай құптайтынымды жеткіземін. Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Көкейге қонған келісім

IMG_5884Татулық, бірлік болмаған жер­де береке болмайды. Ал бере­кесіз ештеңе де оңбайды. Бұл – халқымызбен бір жасасып келе жатқан тәмсіл. Біздің Қазақ­стандағы тұрақтылықтың, бере­кенің тағы бір тамаша көрінісі паш етілді. Ол жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері­нің президенттік сайлауды мерзімі­нен бұрын өткізу туралы ұсыныс ­жа­сауы болатын. Қайталап соққан дүниежүзілік қаржы дағдарысы әлемдегі мойны озық елдердің өзін әрі-сәрі күйге түсіріп отыр. Келесі жылы біздің елде парламенттік сайлау мен президенттік сайлау бір жылға келетіндіктен, президенттік сайлауды биыл өткізіп жіберуді Парламент те дұрыс деп тапты. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп халқымыз бекер айтпаған екен. Осы ұсыныс барлығымыздың да көкейімізге қонып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін қолына алған сонау 90-шы жылдардың өзінде «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген қағиданы басшылыққа алған бо­латын. Елбасының осы дана сая­саты өзінің жемісін берді. Ширек ғасырға толмайтын уақытта Қазақстан экономикасы биікке өрледі, Сарыарқаның төсінде тотыдай таранып Астана тұр. Өткен жылы елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық мем­лекеттік бағдарламасының бірін­ші бесжылдығы аяқталды. Бес жыл­дың ішінде қаншама іс бітті де­сеңші! Басқаны былай қойғанда, Қос­танайда керемет жобалар жүзе­ге асты. Машина жасау дамыды. Қостанай өңірінде алғаш рет дайын өнім өндіру, яғни ұқсату ісі ши­кізат өндірісін басып озды. Білім сала­сында да озық әдістемелер мен технология енгізілді. Қаржы дағ­дарысы бүйірден сығып тұр­ғанда да елімізде әлеуметтік бағдар­ламалардың шекесі бұзылған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың өткен жылы Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында дамудың дара жолдары көрсетілген. Жолдауда айтылған қадау-қадау мәселелер шешімін тапқан кезде еліміздің даму қадамы қарыштай түсетін болады. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ жұмысы кедір-бұдырсыз жолға түсуі тиіс. Еліміз дүниежүзілік сауда ұйымына енетін уақыт та алыс емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев осы мәселелердің барлығын өзінің экономикалық саясатында бастаған болатын. Сонымен қатар, халықаралық жағдайдың да қаржы-экономикалық дағдарыспен қосарланып, қылпылдап тұрған жағдайы бар. Сондықтан өткелде ат ауыстырмағанымыз абзал. Осы себепті біздің білім ордасының ұжымы сайлаудың биыл өткізіл­генін қолдайды. Қуат БАЙМЫРЗАЕВ, Қостанай педагогика институтының ректоры, профессор. ҚОСТАНАЙ.

Қиындықтан Назарбаев шығарады

Шымкенттегі «Ардагерлер үйін­де» облыстық ардагерлер кеңе­сі, «Ырыс алды – ынты­мақ» форумы мен Қазақстан Жа­зу­шылар одағы ОҚО филиа­лы­ның ұйымдастыруымен жиын өтті. Оған облыс және қала, аудан ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты. Мұнда пре­зиденттік сайлауды мер­зімі­нен бұрын өткізу мәселесін кө­тер­ген Қазақстан халқы Ассам­блея­сының бастамасы талқы­ланды. Облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Жеңісбек Мәу­ленқұлов әлемді шарпыған дағ­да­рыс пен біраз мемлекетті қам­тыған геосаясат жағдайында дұрыс таңдау жасау керектігін, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елді осы тығы­рық­тан аман-сау алып шығатын­дығына сенетіндігін айтты. «Елбасының бастауымен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы, ҮИИД бағ­дарламасы, «Нұрлы Жол – бо­лашаққа бастар жол» Жол­дауы сынды ұзақ мерзімді бағ­дар­ламалар қабылданған. Осы­ндай сәтті мемлекеттік істі аяғына жеткізетін Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев», – деді ол. Жиын­ға қатысушыларды сайлау­ды мерзімінен бұрын өткізуді қолдауға шақырды. Белгілі жазушы, «Ырыс алды – ынтымақ» форумының хатшысы Мархабат Байғұт: «Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында елдің экономикалық жағдайын талдай келе, 10 қатерді санап тұрып көрсеткен. Бүгінде сол қауіп­ті жаһан сезініп жатыр. Нұр­сұлтан Әбішұлы сондай жағдайда не істеу керек, қандай шешімдер қа­былданатынын толық, жан-жақ­­ты, терең талдап, ықтимал жол­дар­ды көрсетті. Біздің мем­ле­кет­тің дағдарыс толқынын айтар­лықтай сезінбеуін алдын алған мемлекеттік бағдарламалар жәр­демдесті. Ынтымақ – Қазақ елі­нің мәңгілік стратегиясы. Қазір­гі­дей қиын жағдайда Елбасы төңі­ре­гін­де топтасуымыз, сайлауды мер­зі­мі­нен бұрын өткізуіміз керек», – деді. Еңбек ардагері «Құрметті құрылысшы» Алданазар Құр­ман­баев сөзінің қорытындысында Оңтүстіктегі құрылысшылардың сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді құптайтынын, Н.На­зар­баевтың кандидатурасын бір­ауыз­дан қолдайтындықтарын айтты. Аудан, қала ардагерлер кеңес­тері атынан сөз алған Сайрам ауда­ны ардагерлер кеңесінің төраға­сы Әлібек Бейназаров: «Өте жауапты кезеңде тұрмыз. Қазақ­стан халқы Ассамблеясына рахмет. Бастаманы барлығымыз құптаймыз», – деді. Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалының төрағасы, белгілі ақын Бақытжан Алдияр, Ұлы Отан соғысының ардагері Айжан Бейназаров, тағы басқа азаматтардың пікірі Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бас­тамасымен үндесіп жатты. ШЫМКЕНТ.

Толық қолдаймыз

3. Ли Владимир Леонидович, председатель Талдыкорганского регионального филиала Ассоциации корейцев КазахстанаЕлбасының сарабдал саяса­тының нәтижесінде елімізде бейбітшілікпен қоғамдық келісім қалыптасып отыр. Оны сақтау және нығайту біздің дамуымыздың ең басты шарты десек те болады. Қазіргі әлемдік дағдарыс жағ­дайында мемлекетімізде жиналған қаражат осын­дай жағдайда әлеу­меттік саланы қалыпты күйде ұстап, экономикалық дағда­рыстан алып шығуға бағытталған Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасын бүкіл әлем жұрт­шылығы қызығушылықпен қабылдап отыр. Оны жүзеге асыруды ел бірлігі мен мемлекеттік тұрақтылықтың маңызы күннен-күнге арта түсуде. Сондықтан, Ассамблея Кеңесінің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасын біздер, Алматы облысының жұртшылығы толық қолдаймыз. Бұл бастама да тағдырлы сәтте көтеріліп отыр. Ассамблея алғашқы құрыл­ған күнінен бастап Елбасы саясатының тірегіне айналғаны белгілі. Тарихымыздағы шешуші сәттерде Ассамблеядан шыққан бастамалар елдің қолдауын тауып, бүгінгі күні өзінің дұрыстығын дәлелдеп отыр. Аталған ұсыныс та халықтың көкейіндегісін дөп басқандығын атап өткеніміз жөн. Владимир ЛИ, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» ҚБ Талдықорған өңірлік филиалының төрағасы. Алматы облысы.

Бұл – зор жауапкершілік

султан картоев2Сайлау дегеніміз аса ма­ңызды әрі жалпыхалықтық мәселе, екіншіден, бұл – зор жауапкершілік. Қазіргі күрделі кезеңде Президентке ерекше жауапкершілік артылады. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевты қазір қолдаудың маңызы үлкен деп ойлаймын. Осынау күрделі кезеңді Қазақстан дұрыс өткізуі керек. Елді сақтауға, халықты әлеуметтік жағынан қолдауға ұмтылған жөн. Уақытша дағ­дарысты, қиындықты ең­сереміз деп ойлаймын. Сондай-ақ, даму барысында, міне, елімізде ауқымды түрде «Қазақстан-2050» Стратегиясы, индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл, ең алдымен, Елбасының еңбегі. Сол себепті, Елбасы алдағы уақытта даму даңғылындағы Қазақстанды келесі бір өткелектен сәтті өткізіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы бастамаларын нәтижелі түрде жүзеге асырады деп ойлаймыз. Бұл сайлауды өткізу қо­ғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға да ықпал етер еді. Біз халықтың мұндай ұсынысты қолдайтындығына сенімдіміз. Қазіргі әлемде күрделі қаржы-экономикалық дағдарыс орын алып тұрған кезде мұндай үндеудің бүгінгі уақыт талабынан туындағаны күмәнсіз. Сондықтан, Президентіміз Назарбаевқа жаңа сенім мандатын берейік. Еліміз өркендей берсін, ұлттар ынтымағы ­жарасып, мемлекет даму­дың жаңа деңгейіне көтерілсін. Әлемді ядро­лық қарусыздандыруға Елбасымен бірге кірісейік дегім келеді. Сұлтан КАРТОЕВ, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, Семей қалалық коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының президенті, «Құрмет» орденінің иегері. СЕМЕЙ.

Елдік мақсатқа қызмет

Svincickiy_Vitaliy_Zifridovich-1Өткен аптада Астанада болған Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысына мен де қатыстым. Осы бір тарихи, саяси мәнді оқиғаға келгендер қатарында Парламент депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, БАҚ өкіл­­­дері болды. Осы жиын өмі­рімдегі ең ұмытылмас сәттердің бірі ғой деп ойлаймын. Отырыс барысында Кеңес мү­шелері бірауыздан пре­зи­денттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерді. Қоры­тындысында осындай үндеу жарияладық. Яғни, Қазақстан халқы Ассам­блеясының осы маңызды мәсе­ле бойынша ұстанымын білді­руін Кеңес мүшелерінің аза­мат­тық борышы деп санаймын. «Нұрлы Жол» арқылы «Қазақстан-2050» ұзақ мер­зімді Стратегиясын жүзеге асыру үшін бар күш-жігері­мізді біріктіру керек. Біз Елба­сына сенеміз. Қазақстан менің елім, Отаным дейтін әрбір ұлт өкілі достықтың кепіліне айналды. Ұлтаралық келісімді сақтап, тыныштық пен татулықта, бір мақсат-мүдде, елдікті орнықтыру жолында өмір сүруден басқа қандай бақыт керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі тұрақтылық тұғырын берік сақтау саясатының мәні де осында. Кеудеңді елің үшін мақ­таныш сезімі кернейді. Демократиялық қоғамның жоғары идеалдарын құруға ұмтылу бағытын, халық арасындағы бір-біріне деген құрмет пен достықтың, мәдениеттің өзара байланысын басқа өркениетті елдер де бағалауда. Ұзақ жылдар достығы жарасып, үйі мен үйі көршілес, балалары бірге ойнап өскен, өздері бірге қызметтес болып, бір жерде өмір сүріп келе жатқан, осы жерді елім деп есептейтін өзге ұлт өкілдерін өгейсітпей, ортақ Отанға біріктіру егемендікті орнықтырудың өзіндік бір мақсат-мүддесіне айналды. Ұлттар достығын берік орнық­тыру жолы қалыптасты. Ортақ мүддеге жұмылған ынты­мақ­­тас­тық, достықты сақ­тау саяса­ты, ел ішінде де қолдау тауып, нығ­айды. Отан, тәуел­сіздік, тұрақ­тылық, тұрақ­ты да­му ұғымдары әрбір қазақ­стан­дық­тың жүрегінен орын алды. Бұл күндері облыста бір­неше ұлттың өкілдері өмір сү­руде. Өткен ғасырларда осын­да келіп қоныстанып қал­ған орыстар, украиндар, татарлар, белорустар қатарына ауыр жылдардың зобалаңы мен тағдыр тәлкегіне түскен корейлер, немістер, поляктар, чешендер, ингуштар, карашайлар, балқарлар, тағы басқалары келіп қосылды. Көп ұлт өкілдері тың игеру жылдары қоныс аударып, осы жерді Отаным деп тұрып қалды. Ортақ Отан тыныштығы, бірлігі үшін бәрі бірлесе атсалысуда. Елбасы берген тапсырма­лар ауқымы кең. Бұл біздің өмір сүріп отырған қоғамдағы ұлтаралық татулық пен тұрақ­тылықты сақтауға, елімізде тұ­ратын барлық ұлт өкіл­дерінің рухани-мәдени өрлеуі мен өсуіне қамқор­лық жасау, өркениеттік және демо­­­кратиялық нормаларға сүйене отырып, азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастыру, қоғамның рухани дамуының тұжырымдамалары мен бағдарламаларының жобаларын дайындап, оларды жүзеге асыруға белсене араласу болып табылады. Жас ұрпақты отаншыл­дық­қа, өскен жерлерін сүюге тәрбиелеу, мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқып-үйрену, оны құрметтеу арқылы әртүрлі ұлт өкілдерінің арасын одан сайын­ жақындастыру міндеті тұр. Арамызда қазақ тілін білетін қаншама өзге ұлт өкілдері жүр. Бізге осы дәстүрді, қазақ тіліне, қазақ халқына деген құрмет пен сыйластықты берік сақтау қажет. Виталий СВИНЦИЦКИЙ, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық «Полония» этномәдени бірлестігінің басшысы. Павлодар облысы.

Назарбаев пен Қазақстан – егіз ұғым

004-1Біз көптеген этнос өкілдері шоғырланып, бір кісідей жұмыла еңбек етіп жатқан Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы «ІІІ Интернационал» ауылының тұрғынымыз. Ырысы мен ынтымағы артқан, берекесі жыл сайын мола­йып келе жатқан ауылымызда 19 этнос өкілі тұрады. Біздің ауыл – үлкен Қазақстанның кішкентай көшірмесі іспетті. Әртүрлі ұлттың өкілі болсақ та, арамызда алауыздық, көреалмау­шы­лық, бір-бірін жеккөрушілік секілді жаман қасиеттерді жанымызға жолатқан емеспіз. Өйткені, біздің Қазақстан атты кең-байтақ отанымызда мұндай кері әрекеттердің болуы мүмкін емес. Елбасы­ның сындарлы саясатының арқасында бірлігі жарасқан, тұтастық пен татулықты ту еткен іргелі елге айналдық. Қазақ халқының «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген ұстанымы біздің басты ұранымыз! Алыс-жақын шетелде болып жатқан ұлт және дінаралық жанжалдарды көріп отырмыз. Сондықтан Қазақстандағы тату-тәтті тіршілік пен жұмыла жасалып жатқан жасампаз жұмыстарға шүкіршілік етеміз. Ал осының барлығы бір ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі екенін түсінеміз, білеміз. Көпэтносты халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, елімізді әлемге танытып отырған дара саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы ұстанған бағытты әрдайым қолдап келеміз. Болашақта да Елбасы саясатын қолдай бермекпіз. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің елімізде президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі ұсынысы өте орынды деп санаймыз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осы ұсынысты қабыл алып,  сайлауға қатысса, барша қазақстандықтардың арман-тілегін орындар еді. Өйткені, біз Қазақстанды Назарбаевтан бөлек қарай алмаймыз. Біз үшін бұл екі сөз егіз ұғымға айналып кеткен. Милияр АРИФОВ, «Достық-Жер МК» ЖШС төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы. Сайлау-1

Дамуға кепіл болар үдеріс

Сенбі күні Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Қазақстан автобизнес қауымдастығы кезектен тыс президенттік сайлау өткiзу туралы бастамаға бірауыздан өз қолдауларын көрсететіндіктерін жеткізді. Аталған басқосуға А.Құсайынова, С.Әжімұратов, А.Лаврентьев, Е.Мандиев, А.Досқожанов және баспасөз өкілдері қатысты. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан аз уақыттың ішінде барлық әлемдік қоғамдастыққа танылып, экономиканың көшбасшысына айналып келеді. Болашақты, ертеңімізді ойласақ, осы игі бастаманың биыл өтуі Қазақстан үшін ұтымды ұсыныс болар еді, дейді қауымдастық өкілдері. «Бүгінде автомобиль саласы қалып­тасып үлгерді деуге толық негіз бар. Қауым­дастықтың қызметі Қазақстандағы авто­нарықты жəне автоөнеркəсіптік сала­ны құруға бағытталған. Осындай да­мыл­сыз қарқынның арқасында бұл сала даму­дың жаңа белесіне көтеріліп келеді», деп мәлімдеді Қазақстан автобиз­нес қауымдастығының мүшесі, «Агро­МашХолдинг» сауда үйінің бас директоры Серік Əжімұратов. Сондай-ақ, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасы тұрақтылық пен еліміздің одан әрі дамуына кепіл болатынына сенім білдірді. Бағдарлама барысында сөз алған Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьевтің сөзі де осыған сайды. Президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілгенін қолдап, қуаттайтындарын айта келе, ол: «Біз жеткен жетістіктеріміз бен жеңістерімізді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз байланыстырамыз. Озық 30 елмен иық тіресіп нық тұру үшін сайлауды биыл өткізіп жібергеніміз дұрыс», деді. Қысқасы, жоғарыдағы айтылған жайлар орындалған жағдайда ғана, қазақстандық автоөндірушілер бұл тығырықтан шығынсыз шығарларына сенімді екендіктерін жасырып қалмады. Президенттік сайлауды тез арада өткізу жаһандық дағдарыстың алдын алуға жасалған қадам болатыны баршаға айқын. Жер дөңгелек, сондықтан өзгелерге соққан салқынның бізді де шарпып өтпесіне кім кепіл? Еліміз қаншама қиындықтарды бастан өткерді, бірақ көреген Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да орынды бастама өз жемісін береді деген үміттеміз. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. АСТАНА.