Фото: ашық дереккөз
Президент соңғы жылдары тарихты талқылау сәнге айналғанын айтты. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатқанынан хабардар екенін жеткізді.
«Әйтсе де мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол», деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықты жауластыратын емес, ұйыстыратын құндылық алға шығу керектігін ескертті. Бұл тұрғыда хакім Абайдың «Толық адам» концепциясының мәні зор екенін атап өтті
«Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған», деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді.