Саясат • 09 Қаңтар, 2026

Көкейдегі көп сауалға нақты жауап

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ана тіліміздегі республикалық басылымдарға көлемді сұхбат беруі жақсы дәстүрге айналып отыр. Жақында ол «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да жұртшылық көкейінде жүрген бірталай сауалға ашық та нақты жауап беріп, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының маңызды мәселелері туралы пайымын ортаға салды.

Көкейдегі көп сауалға нақты жауап

Сурет: turkystan.kz

Өткен жылы қарапайым азаматтарды алаңдатқан басты мәселе инфляцияның үдеп, баға­ның аспанға шарықтауы болғаны анық. Бұл ретте Мемлекет басшысы «жауырды жаба тоқымай», түйіні тарқатылмаған түйткілдер әлі де аз еместігін жасырған жоқ. «Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбек­тің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», дей келіп, келеңсіз жағдайды жақсарту мақсатында қолға алынған шараларға тоқталды. Соның ішінде қыс мезгілінде тариф­терді өсіру әкімшілік тәсіл­дер арқылы уақытша тоқта­тылғанын, Үкіметке бюджет қаржысын барынша тиімді пайдалану міндеті жүктелгенін, азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында инфляцияны төмендетуге бағыт­тал­ған үш жылдық бағдарлама қабылданғанын еске салды. Қол­данылып жатқан шаралар оң нәтижесін бере бастағанын байқап отырмыз. Мысалы, Астана қаласындағы жеке сектор­ға арналған газ бағасы текше метріне 49 теңгеден 43 теңгеге дейін арзандатылды.

Былтыр сиыр етінің бағасы екі есеге жуық қымбаттап кетті. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетелге сиыр етін экспорттауды шектеп, арнайы квота енгізуіне тура келді. Осы орайда Мемлекет басшысы егіншіліктегі нәтижелер өте жақсы екенін атап өтіп, енді мал шаруашылығын дамыту қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Бұған қоса еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отырғанын ескеріп, Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аударуды тапсырғанын айтты. Сондай-ақ қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатқанын құптайтынын білдірді. Себебі коо­перативтер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін артты­рып, тұтынушылармен ұзақ мер­зім­ге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашпақ.

Президент дамыған елдерде кооперация жақсы қырынан көрінгенін, тіпті ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар екенін айта келіп: «Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Шаруалар жазда малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Солай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс», деді. Әлбетте, осы сөз ауылдағы «ортақ өгізден оңаша бұзауды артық» санап келген ағайынды ойландырса, құба-құп. Олар ескеретін тағы бір маңызды жайт – өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы ұжымдастыру кезіндегідей кооператив құру ісін науқанға айналдырып, шаруаларға қысым көрсетіп, мәжбүрлеуге жол берілмейді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің де басын ашып айтты.

Президент 2022 жылғы Қаңтар оқиға­сынан кейін бір кезде ат төбеліндей аз­ғантай топ заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару мақсатында Бас прокура­тураның Активтерді қайтару жөнін­дегі комитетін құруға ұйытқы бол­ғаны мәлім. Ал былтырғы Жолдау­да берген тапсырмасына сәйкес аталған ведомствоның атауы Бас прокуратура­ның Инвестор­лардың құқығын қор­ғау жөніндегі комитеті деп өзгертілді. Жұртшылық арасында мұны заңсыз активтерді елге қайтару тақырыбы осымен жабылды деп түсінгендер бар. Мемлекет басшысы мұндай түсініктің орынсыз екенін, активтерді қайтару жұ­мысы жалғаса беретінін мәлім­деді. Бірақ заңсыз иемделінген актив­терді қайтару жұмысы бір қалып­қа түскендіктен, оны енді бір орталықтан үйлестірудің қажеті жоқ. Сондықтан инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді. Ал активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірген. Олармен жалпы сомасы 5 трлн теңгеден асатын келісімдер жасалған. Осынша қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Сонымен қатар білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады.

«Бас прокуратура мен Үкіметтің алдында барлық жоспарды және уағда­­лас­тықты орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс. Заңсыз ак­тив­­­тер­ді елге қайтару арқылы әлеу­мет­­­тік әділ­дікті қалпына келтіру – ко­нъюн­к­­­тура не болмаса жұртқа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы», деді Қ.Тоқаев. Бұған тағы бір айғақ ре­тінде Мемлекет басшысы биылғы 3 қаң­тарда «Қазақстан Республика­сы­­­ның кейбір заңнамалық актілеріне ­Қазақ­­стан Республикасы Конституциялық Соты­ның шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын айтқан жөн. Онда қолданыстағы заңнамаға заңсыз иемденілген активтерді қайтару үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер енгі­зілген. Алдағы уақытта заңсыз иемде­нілген активтерді қайтару жөніндегі шаралардың нәтижелері, олардың мемлекет пен азаматтардың мүддесіне пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялау міндеті қойылып отыр. Сондай-ақ келісімдер жасау нәтижесінде ерікті түрде қайтарылған немесе мемлекет кірісіне берілген активтерді заңсыз деп танымау туралы жаңа норма да бар. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, аталған заң активтерді ерікті түрде қай­тару үдерісін жеделдетуі мүмкін.

Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта ұйым­дас­тырылып, Ұлттық қауіпсіз­дік коми­тетіне қосылған еді. Кей­біреулер мұны жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды деп жорамалдаған еді. Президент мұндай пікір дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әңгімесі деп санайтынын, шынтуайтында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір мін­детті қабаттаса атқаруы мемлекет­тік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастағанын жайып салып, сыбай­лас жемқорлықпен барлық деңгей­де күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін және қабылданған шешім қатар­да­ғы жемқорларды ғана емес, қыл­мыс­тық әрекеттің идеологтері мен ұйым­­дастырушыларын да жауапқа тар­туға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Мұн­дайда қазекем «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп біліп айтқан ғой.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жария еткен бірпала­талы Парламент құру бастамасын да сан саққа жүгіртіп, оның басты мақсаты – Парламент төрағасы лауазымын мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі ең басты лауазымға айнал­дыру және оны қазіргі Президенттің өзі иемденетін болады деп жүрген «сәуегейлер» де бар. Осы туралы сауалға орай Қ.Тоқаев: «Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті адамгершілікке жат­пайтын әрекет болар еді», деді. Бұл жауап кімнің болсын көкейінде еш күмән қалдырмаса керек. 

Соңғы жаңалықтар