Қоғам • 09 Қаңтар, 2026

Есепке жүйрік оқушы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарлық 7-сынып оқушысы Имран Кусанов республикалық олимпиаданың ең жас жеңімпазы атанды. Оның математика мен бағдарламалауға қызығушылығы бастауыш сыныптан-ақ байқалған. Қарапайым ойын ретінде басталған әуестік уақыт өте келе нақты мақсатқа айналып, жас өрен күні кеше республикалық Ауыл олимпиадасында информатика пәнінен бірінші орын жеңіп алды.

Есепке жүйрік оқушы

Бір қызығы, Имран бұл сайыста өзінен екі жас үлкен балалармен, яғни 9-сынып оқушыларымен қатар сынға түсіп, жасына қарамастан үздік атанды. Қазылар алқасы оның тапсырма шешудегі алғырлығын айрықша атап өтті.

Имранның жақындары оның есепке құмарлығы ерте оянғанын айтады. Бастауыш сыныптан бастап ол түрлі логикалық тапсырмаларға қызығып, математикалық есептерді өзгеше тәсілмен шешуге тырысыпты. Кейін информатика пәнімен жа­қы­нырақ танысқан соң, оның қызығушылығы тіпті арта түскен. Алгоритмдік ой­лау, «Есепті қалай жеңіл­де­туге бо­лады?», «Артық қадам­ды қа­лай қысқартуға бола­ды?» деген сұрақтар жас оқу­­шы­ның күнделікті дағ­ды­сы­на айналған. Информа­тикадағы алғырлығы да осы тұста байқалды. Бір қара­ғанда күрделі көрінетін алгоритмдік есептерді ол бірнеше қадамға бөліп, логикасын тез табады. Мұн­дай қабілет – тек пәнге қызы­ғушылықтың белгісі ғана емес, жүйелі ойлау мен тал­дау мәдениетінің қалып­тасқанын көрсетеді.

Жас дарынның айтуынша, жарыс оған тек білімін тек­серуге ғана емес, өзін да­мы­туға да үлкен серпін берген.

«Мен ұстазыммен күн­де­лікті дайындаламын. Олим­пиадада алгоритмдік есептер, деректермен жұмыс және бағдарламалық шешім­дер әзірлеу сынды күрделі тап­сырмалар беріледі. Әр кезең мен үшін қызықты болды, тапсырмалар күрде­ленген сайын өзімді дамытуға ұмтылдым», дейді Имран Кусанов.

Имранның жетекшісі, информатика пәнінің мұға­лімі Соян Ертайдың бұл салада 18 жылдық тәжірибесі бар. Жалпы, информатика олимпиадалары тек бағ­дарламалау тілін білуге ғана емес, логикаға, есепті дұ­рыс шешуге, шартты талдап, ше­шімді жоспарлауға үй­ретеді. Сондықтан мұндай сайыстар жасөспірімнің ой­лау мәдениетін қалыптас­тыруда үлкен мектеп іспетті.

Имранның жетістігін одан әрі айшықтайтын тұс – оның бұл олимпиадаға 5-сыныптан бері үзбей қаты­сып келе жатқаны. Жоға­ры сыныптардың есептерін шешіп көру, өзінен мықты қарсыластардың деңгейін бағамдау – бәрі тәжірибені молайтқан. Бұған дейін ол 2-ші, 3-ші орындарды ие­леніп, бірнеше мәрте жеңіс тұ­ғы­рынан көрінген. Демек, Ауыл олимпиадасындағы бірін­ші орын – бірнеше жыл­ғы үздіксіз ізденістің жемісі.

Имранның жеңісі ауыл және өңір оқушылары үшін де үлкен үлгі. Қазіргі заманда информатика – жай пән емес, болашақ мамандықтардың тілі. Ал ерте жастан алгоритм­ге, бағдарламалауға машық­танған оқушы инженерия, деректер ғылымы, роботтех­ника, киберқауіпсіздік немесе білім технологиялары саласында өз орнын таба алады. Ең қуантатыны – мұндай жетістік ауыл оқушысының мүмкіндігі шектеулі деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, дұрыс бағыт, үз­дік­сіз еңбек және қолдаушы ұстаз болса, сапалы нәтиже де болмақ. 

Соңғы жаңалықтар