Өткен жылдың соңында аталған сахнада тағы бір отандық скрипкашы өнерімен танылды. Ол – атыраулық Шынар Нағимова. Оны мұхиттың арғы бетіндегі елде өткен халықаралық «American Protégé» конкурсының жеңімпаздары қатысқан гала-концертке шақырыпты. Байқаудың қорытынды концертіне әлемнің әр елінен 38 өнерпаз қатысыпты.
Ал Шынар Нағимова жаһан жұрты қызығатын әйгілі сахнада композитор Владимир Брусиловскийдің «Боз айғыр» шығармасын орындады. Сөйтіп, қазақтың музыкалық дәстүрін әлемге тағы бір рет танытты.
«Өнерге де, өнерді серік еткен өнерпазға да елдерді бір-бірінен бөліп тұрған шекара сызығы кедергі емес. Өйткені өнер – баршаға ортақ құндылық», дейді Ш.Нағимова.
Ол Атыраудағы Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академияда ұстазы Клара Нүсіпбаевадан дәріс алған. Қазір АҚШ-та тұрады. Аталған шаһардағы оркестрде ойнайды. Музыка жазады әрі сабақ береді. Оның 30-дан астам шәкірті бар.
Атырау облысы