Қоғам • 10 Қаңтар, 2026

Әлеуметтік қамсыздандыру: мақсат пен меже

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, 2026 жыл еліміздің әлеуметтік саясатын­дағы бетбұрысты кезең ретінде белгіленіп отыр. Жаңа жылдан бастап күшіне енген өзгерістер жәрдемақы мөлшерін ғана емес, жалпы халықты әлеуметтік қорғау жүйесін түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Бюджеттік, заңнамалық жаңалықтар қоғамның ең осал топтарына арналған қамқорлықтың жаңа деңгейін көрсетеді.

Әлеуметтік қамсыздандыру: мақсат пен меже

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Светлана Жақыпова былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылаған баян­дамасында мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы, толық көлемде орындалғанын атап өтті. Бүгінде республикалық бюджет қаражаты есебінен мөлшері жыл сайын индекстелетін базалық, ынты­мақты зейнетақыларды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі тұрақ­ты жүзеге асырылады. Жұмыс беру­шілердің міндетті зейнетақы жарна­ларының мөлшерлемесі кезең-кезеңі­мен ұлғайып келеді, ол 2028 жылға қарай 5%-ға жетеді. Жинақтаушы зейнет­ақы жүйесіне жұмыспен қамтылған халықтың 65%-ы қатысады.

Мемлекеттің әлеуметтік жауапкер­ші­лігінің ең басты көрсеткіші – бюд­жеттік қаржыландырудың көлемі. 2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасында әлеуметтік салаға бағытталған шығыстардың жалпы сомасы рекордтық деңгейге – 10,7 трлн теңгеге жетті. Бұл – мем­ле­кет­тің халықты әлеуметтік қор­ғау­ды стра­те­гиялық міндет ретінде бекіт­кенінің айқын дәлелі.

Қаржының басым бөлігі, яғни 6,8 трлн теңге әлеуметтік төлемдер мен жәр­демақыларға жұмсалады. Бұл был­тырғы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда 15,1%-ға, 897,7 млрд теңгеге артық. Министрлік дерегінше, қаражаттың басым бөлігі, яғни 99,3%-ы халықтың қолына тиетін төлемдерге бағытталады. Атап айтқанда, 2,6 млн зейнеткерді қамтитын зейнетақыға 4,9 трлн теңге, 2,3 млн алушыға арналған жәр­дема­қыларға 1,9 трлн теңге қарас­тырыл­ған.

Халықтың қалтасына тікелей әсер ететін басты жаңалық – базалық көрсеткіштердің өсуі. 1 қаңтардан бастап елімізде Айлық есептік көр­сеткіш (АЕК) 4 325 теңге болып бекітілді. Осыған орай, ынтымақты зейнетақы 10,5%-ға, базалық зей­не­тақы мен жәрдемақылар 10%-ға өсті. Нәтижесінде, биылғы ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгеге, базалық зейнетақының ең төменгі шегі 35 596 теңгеге жетті. Ең төменгі күнкөріс деңгейі де қайта қаралып, 50 851 теңге көлемінде белгіленді.

Тұрғындарды толғандыратын бас­ты мәселелердің бірі – әлеуметтік төлемдердің мөлшері. 1 қаңтардан бас­тап Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­­дыру қорынан төленетін кейбір төлемдер 10%-ға артады. Бұл өзгеріс еңбекке қабілеттілігінен айырылған жандар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақыларды қамтиды. Мұндай қадам табысы төмен отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтардың материалдық жағдайын жақсартып, табыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар инфляциялық үдерістерді ескере отырып, зейнетақы мен басқа да әлеуметтік көмек түрлерін индекс­теу жоспарланған, бұл халықтың сатып алу қабілетін сақтауға септігін тигізеді.

Биылдан бастап мемлекеттік қолдау шаралары мейлінше атаулы, әділетті сипатқа ие болады. Әлеуметтік қолдау алатын бенефициарлардың санаты нақтыланып, кеңейтіледі. Тізімге енді мүгедектігі бар жандар, кәмелетке толмаған балалар, атау­лы әлеуметтік көмек алушылармен қатар, әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққандар, екі айдан астам уақытқа еңбекке жарамсыз деп танылған азаматтар да кіреді. Бұл тәсіл әлеуметтік осал топтарды дөп басып анықтап, көмекті дәл қажет ететін жандарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ұлт саулығын нығайту мақсатында денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 2025 жылмен салыстырғанда артып, 2,7 трлн теңгені құрап отыр. Аймақтарды теңгерімді дамыту мен жергілікті билік органдарын қолдауға бағытталған трансферттер көлемі 5,1 трлн теңге көлемінде белгіленді.

Биыл міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасады. Негізгі мақсат – жүйені барынша қолжетімді әрі икемді ету. Әсіресе табысы төмен азаматтар мен шалғай өңір тұрғындарының сапалы меди­ци­налық қызметке қолы жетуге тиіс. Ол үшін цифрлық платформаларды дамыту, төмен кірісті азаматтарды сақтандырудың жаңа тетіктерін енгізу көзделген. Сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында пробация қызметіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіруге баса мән беріледі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде оларды оңалту, еңбек нарығына қосу арқылы қылмыстың қайталануын азайтуға бағытталған арнайы жобалар іске қосылады. Ресми деректерге сүйенсек, бұған дейін 1 млн-ға жуық азамат жүйеден тыс қалып келген. 2026 жылдан бастап отбасының әлеуметтік картасы арқылы «D» (дағдарыстық деңгей), «E» (шұғыл деңгей) санаттарына жататын азаматтардың МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) төлейтін болады. Бұл – табысы жоқ немесе тұрмыстық жағдайы тым төмен жандардың тегін медициналық көмектен қағылмай, уақтылы ем алуына жол ашатын нақты шешім. Сонымен қатар МӘМС-тің базалық пакеті кеңейтіліп, оған амбулаторлық диализ, созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік көмек қосылды.

Бөлінген қаржының қомақты­лы­ғына қарамастан, маман, сарап­шы­лардың пікірі екіге жарылып отыр. Экономист Айбар Олжаев 2026 жылға оптимистік көзқараспен қарайды. Оның пайымдауынша, бюджет кірісінің 19,2 трлн теңгесі таза салықтан құралуы, Ұлттық қордан алынатын трансферттің азаюы (2,77 трлн теңге) – экономиканың сауыға бастағанының белгісі. Сарап­шы ішкі жалпы өнім 5,4%-ға өседі деген болжам айтады.

Дегенмен экономист Бауыржан Ысқақ инфляциялық тәуекелдерді естен шығармау керегін ескертеді. Оның болжамынша, 2026 жылы инфляция деңгейі 14-15%-ға дейін жетуі ықтимал. «Бюджеттен эконо­миканы дамытуға қомақты қаржы бөлініп жатыр, бұл – жақсы. Дегенмен инф­ля­цияның жоғары болуы халық­тың нақ­ты табысын «жеп» қоюы мүмкін», дейді сарапшы.

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жоспарланған, жақын мерзімде іске асатын жұмыстар аса ауқымды. Айталық, 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Алдағы кезеңде көші-қон ағындарын есепке алу жүйесін жетілдіруге, еңбек көші-қонын ынталандыруға, ретке келтіруге баса назар аударылады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған Бірыңғай цифрлық платформаны енгізуге қатысты жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Отбасылардың әл-ауқат деңгейін айқындаудың ско­рингтік моделін қолданудың арқа­сын­да платформа азаматтарға қолдау шараларын ұсыну кезінде санат­тық қағидаттан мұқтаждық өлшем­шарт­тарына көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қорыта келгенде, биылғы әлеу­меттік бюджет – тек жәрдемақы тара­ту емес, адам капиталына құ­йыл­­­ған инвестиция. 6,8 трлн теңге қолдау мен МӘМС жүйесіндегі жаңа­­шылдықтар мемлекеттің әлеу­мет­тік жауапкершілігін күшейткенін көрсетеді. Дегенмен сарапшылар айт­қандай, бұл шаралардың тиім­ді­лігі инфляцияны ауыздықтау мен баға тұрақтылығын сақтауға тікелей байланысты болмақшы.

Соңғы жаңалықтар