Алматы қаласы Мәдениет басқармасының дерегіне сүйенсек, біліктілікті арттыру бағдарламасы Сеул қаласы музейлері бірлестігі тарапынан іске асты. Оның барысында мәдениет пен музей ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту барысы қарастырылды. Оқу бағдарламасы аясында заманауи музей қызметінің негізгі бағыттары, атап айтқанда, экспонаттарды есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету, оның ішінде қолайлы климаттық жағдайды бақылап, реттеу, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу, тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау бойынша теориялық және тәжірибелік сабақтары өтті.
Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Сеул қаласы тарихы музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандум 2022 жылы жасалды. Келісім аясында Сеул қаласы тарихы музейінде Алматы музейінің «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі, ал Сеул қаласы тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» көрмесі Алматы қаласында ұйымдастырылған болатын.
Осы келісімге орай ұйымдастырылған тағылымдамада музей қызметкерлері Сеул және Кенджу қалаларының жетекші музейлерінің жұмыс тәжірибесімен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, бұл тізімде Кореяның ұлттық музейі, Корея ұлттық фольклор музейі, Сеул қаласы тарихы музейі, Сеул қолөнер өнер музейі, Седжон патша музейі, Адмирал Ли Сунсин музейі, Кореяның ұлттық сарай музейі, Кенджу ұлттық музейі, Кенджу ұлттық паркі, Кенбоккун сарайы, Чхонгечхон музейі, Ханяндосон бекініс-қамалы музейі бар. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген ашық аспан астындағы Кенджу археологиялық кешенінің қызметі, озық тәжірибесі зерделенді.
Алматы