«Қансонар» республикалық аңшылар қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық субъектілері қауымдастығы үздік табиғат қолданушыларын таңдап алды.
Қазақстанның табиғат қолданушылары есте жоқ ескі заманнан бері жануарлар әлемін қорғау жолында көптеген әдістерді ойлап тапқан. Аңшылық шаруашылықтары бүгінде табиғатты тану мен оны қолдап, сақтаудың мектебі болып қана табылмай, табиғат аясында белсенді түрде демалғысы келетін адамдардың бас қосатын орны да болып отыр.
«Қансонар» республикалық аңшылар қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық субъектілері қауымдастығы аңшылық шаруашылықтарының жұмысын одан әрі жетілдіре түсу мақсатында «Үздік табиғат қолданушысы» республикалық конкурсын ұйымдастырды. Бұл конкурс осы саладағы жұмысты одан әрі жаңарта түсуге деген ынтаны арттыра түседі деп күтілуде.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау кеше «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында өтті. Жеңімпаздарды РА ҚБ мен АСА басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов марапаттады.
Табиғат қолданушылары арасындағы конкурс жеңімпаздарын ережеге сай арнайы құрылған конкурстық комиссия анықтады. Оған «Қансонар» қауымдастығы мамандарынан бөлек, басқа сала өкілдері кірді. Атап айтар болсақ, «Қазаңшыбалықодағы» ЗТБ директоры мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Аңшылық және балық шаруашылығы» кафедрасының оқытушысы Николай Проскурин комиссия мүшесі болды.
Конкурста бірінші орынға «Қостанай облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы» ҚБ ие болды. Екінші орын «Теміртау қалалық аңшылар мен балықшылар қоғамы» ҚБ-ның үлесіне тиді. Ал үшінші орынды «Солтүстік Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы» ҚБ мен «VIP Safari Service» ЖШС өзара бөлісті.
Конкурстың жүлде қорына келер болсақ, келесідегідей соманы қамтыды:
I орынға – бес жүз мың теңгенің, құнды сыйлығы мен «Қансонар» қауымдастығы «Үздік табиғат пайдаланушысы» кубогы;
II орынға – үш жүз мың теңгенің, құнды сыйлығы;
III орынға –жүз мың теңгенің құнды сыйлығы.
«Егемен-ақпарат».