Бір топ ерікті жалғызілікті зейнеткерлер мен қарттардың ауласын қардан тазалап, қолғабыс етті. Олар тек физикалық еңбекпен шектелмей, тұрмысына көмек көрсетіп, қариялармен әңгімелесіп, рухани қолдау білдірді.
– Біз үшін қақаған қыста аула тазалау – оңай шаруа емес. Мұндай сәттерде волонтерлердің көмегі – үлкен тірек. Бүгінгі жастардың қоғамға құрметпен қарап, жанашырлық танытып жүргені көңілге үміт ұялатады. Игі іс арқылы жас буын қазір адамгершіліктің биік үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан барша еріктілерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді елорда тұрғыны Света есімді қария.
Осылайша, қарттар алғысын жаудырып, жастарға шәй мен тәттісін ұсынды. Бір жағынан бұл – халықтың осал топтарын қолдау амалы әрі әлеуметтік жауапкершілікті дамыту тетігі.
Негізінен мұндай игі істер «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Осы жолы идеяны 15 волонтер қолдап, елордалық жастар арасында мейірімділік пен белсенді азаматтық ұстаным мәдениетін кеңінен насихаттауға тырысты.
– Нақты «Қамқорлық мекенжайы» акциясын тұрақты түрде өткіземіз. Оның мақсаты – жеке секторда жалғыз тұратын зейнеткерлерге қар күреп, қадам басар жолдарын ашып, отындарына көмек көрсету. Байқоңыр ауданындағы үлкен кісілерге көмектестік, олардың алғысы мен жылы лебізі бізге күш-қуат берді. Бұл жұмысты көктемге дейін үздіксіз жалғастырамыз, – деді «Астана жастары» волонтері Дарья Олейникова.
Айта кетейік, еліміздегі «Мейірімді Қазақстан» әлеуметтік акциясы өз мәресіне жетті. Бұл бастама да қоғамдағы қолдау мәдениетін нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және жастарды игі істерге тартуға бағытталды. Өткен жылдың аяғында он күн бойы республиканың барлық өңіріндегі жастар ұйымдары мен волонтерлер қайырымдылық іс-шараларын өткізді.
Науқанның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналды. Атап айтсақ, жалғызілікті зейнеткерлерге көмек көрсету, қарттар үйі мен балалар үйіне қолдау білдіру, медициналық мекемелерде донорлық акциялар ұйымдастыру, аз қамтылған отбасыларға көмек беру, сондай-ақ коммуналдық қызмет саласы қызметкерлерін қолдау бойынша жобалар жүзеге асты. Жалпы 10 мыңға жуық азамат қатысты.