Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Алғаш қарағанда Қырғызстан ұсынған тетіктер тиімді көрінеді. Атап айтқанда, өндіріс үшін қажет жабдықтарды, технологияларды, реагенттер мен шикізатты импорттауға қосылған құн салығы салынбайды. Сондай-ақ дайын өнім экспортына ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесі қолданылады.
Дегенмен бұл жеңілдіктер өндірісті іске қосу кезеңімен ғана шектеледі.
Қырғызстанда зергерлік бұйымдардың ішкі нарықтағы айналымына 12 пайыздық ҚҚС салынады. Яғни кәсіпкер шикізат пен жабдық әкелу кезінде белгілі бір ұтысқа жеткенімен, дайын өнімді сату барысында салық жүктемесіне қайта тап болады. Нәтижесінде түпкі табыстың едәуір бөлігі бюджетке кетеді.
Қазақстандағы жүйе өзгеше құрылған. Біріншіден, елде өндірілмейтін жабдықтар мен технологияларды импорттау кезінде ҚҚС есепке алу әдісі арқылы төленеді. Бұл кәсіпкерлерге айналым қаражатын бұғаттамауға мүмкіндік береді. Екіншіден, зергерлер отандық аффинаж зауыттарынан тазартылған алтынды белгіленген квота аясында ҚҚС-сыз сатып ала алады. Үшіншіден, арнайы салық режимдері арқылы компаниялар жылдық айналымы 600 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни шамамен 2,6 млрд теңгеге дейін ҚҚС төлемейді. Соның арқасында дайын өнім де салықсыз сатылады.
Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанды өңірдегі ең қолайлы әрі болжамды алаңға айналдырып отыр. Қазір елде зергерлік бұйымдар өндіретін 445 кәсіпорын жұмыс істейді, ал оларды сатумен айналысатын компаниялар саны 3 759-ға жеткен. 2025 жылдың алғашқы он айының қорытындысы бойынша ішкі нарық көлемі 3,1 пайызға өсіп, 124,3 млн АҚШ долларын құрады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы басты артықшылық – салықтық жүктеменің өндіріс тізбегінің соңғы кезеңінде жеңілдеуі. Бұл кәсіпкерге ұзақ мерзімді жоспар құруға және өнім бағасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді.