Спорт • 15 Қаңтар, 2026

Бейжіңде бақ сынайды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

21-25 қаңтар аралығында Бейжіңде мәнерлеп сырғанаудан «Төрт құрлық чемпионаты» өтеді. Жарыста еліміздің атынан Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, Олег Мельников, Софья Самоделкина, Амира Ирматова, Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев жұбы сынға түседі. Қосалқы құрамда Никита Кривошеев пен Артур Смағұлов бар.

Бейжіңде бақ сынайды

«Төрт құрлық чемпионаты» спорттың осы түріндегі Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарынан кейінгі ең маңызды, мәртебесі жоғары жарыс саналады. Сол себепті де оған төрткүл дүниенің барлық мықты сырғанаушылары қатысуға ерекше құштарлық танытып отыр. Турнирдің 28 жылдық тарихы бар. Тұсаукесер дода 1999 жылы Канаданың Галифакс қаласында ұйымдастырылды. Сол кезден бері бәсекелер бірде Еуропада, бірде Америкада, енді бірде Азияда үздіксіз өтіп келеді.

Жарыстың ерлер сайысында Канаданың дүлдүлді Патрик Чанның (2009, 2012, 2016) үш мәрте мерейі үстем болса, жапониялық Такаси Хонда (1999, 2003) мен Дайсукэ Такахаси (2008, 2011), Үйең­кі жапырақтар елінің тағы бір мықтысы Джеффри Батлл (2002, 2004), америкалық Эван Лайсачек (2005, 2007) екі реттен теңдессіз деп танылды. Әйелдер бәсекесінде жапон қыздарының бақ жұлдызы жанып тұр. Мәселен, Мао Асада (2008, 2010, 2011, 2013) төрт мәрте алдына жан салмаса, Фумиэ Сугури (2001, 2003, 2005) үш рет алтыннан алқа тақты. Рика Кихара (2019, 2020) мен Маи Михара (2017, 2022) екі рет топ жарды.

Өзге құрлық өкілдеріне қара­ғанда «Төрт құрлық чемпионатында» азиялықтардың табысы әлдеқайда қомақты екені даусыз. Мәселен, 2016 жылдан бері осы жарыстың жалауы тоғыз мәрте желбіресе, соның тоғызында Азияның арулары алдына жан салмады. Оның жетеуі – жапондар, екеуі – оңтүстіккореялықтар. Жігіттердің соңғы жеті жарысы сары құрлық өкілдерінің жарқын жеңісімен аяқталды.

Еліміздің спортшылары да бұл жарыста бір емес, бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді. Отандастарымыздың арасынан алғашқы жүлдені Денис Тен иеленді. Қапияда қарақшылар қолынан қаза тапқан қыран 2015 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) ешкімге дес бермей, бас жүлдені олжалады. Шешуші сында ол америкалық Джошуа Фаррис пен қытайлық Янь Ханьді қапы қалдырды. 2019 жылы Анахаймда (АҚШ) Элизабет Тұрсынбаева күміспен күптелді. Қазақ қызы тек Жапонияның жұлдызы Рика Кихарадан оза алмады. 2025 жылы Михаил Шайдоров шашасына шаң жұқтырмады. Бас жүлде жо­лындағы тартыста Оңтүстік Кореяның оғыланы Чха Джунхван мен АҚШ-тың арланы Джимми Ма қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, қазылар жерлесіміздің мықтылығын бір­ауыздан мойындады.

Жалпы, «Төрт құрлық чем­пионатында» небәрі сегіз мем­лекеттің өкілдеріне жүлде алу бақыты бұйырды. Олар – АҚШ (28 алтын+30 күміс+44 қола), Канада (23+30+24), Жапо­ния (28+24+19), Оңтүстік Корея (4+5+2), Қазақстан (2+1+0), Өз­бекстан (1+0+0), Солтүстік Корея (0+0+1). Спортшылар арасынан ең көп олжаға кенелген жұптық бәсекелерде бақ сынаған қытайлық Пан Цин мен Тун Цзянь. Олар 9 рет (5+3+1) жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Спорттық биде өз жұбын бірнеше рет алмастырған Эван Бейтистің бағы жанды. АҚШ-тың сырғанаушысы да 9 мәрте (3+3+3) мықтылар санатына қосылды. Ал бас жүлдені ең көп олжалағандар Суй Вэньзин мен Хань Цзянь жұбы. Олар алты алтынға қол жеткізді. Міне, жарыстың қыс­қаша тарихы осындай.

Соңғы жаңалықтар