Баға реттеу ережелеріне қандай өзгерістер енгізілді?
2024 жылғы 25 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрінің №110 бұйрығымен Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын қалыптастыру қағидалары жаңартылды.
Азаматтар неліктен әлі күнге дейін тегін дәрі-дәрмек ала алмай отыр?
Атап айтқанда, маркетинг және көлік шығындары баға құрамынан алынып тасталды. Бұл дәрінің түпкі бағасына тікелей қатысы жоқ шығындарды пациент есебінен өтемеуге мүмкіндік береді.
Үстеме бағалардың бірыңғай регрессивті шкаласы енгізілді:
-
ТМККК аясында – 20 %,
-
көтерме саудада – 25 %,
-
бөлшек саудада – 30 %.
Бұл шектеулер дәріханалар мен жеткізушілердің бағаны шамадан тыс көтеруіне тосқауыл қояды.
Сонымен қатар референттік елдер тізімі жаңартылды. Енді Қазақстан дәрі бағасын салыстыру кезінде Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Мажарстан, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан деректеріне сүйенеді.
Халықаралық деректер базасы негізінде сыртқы референттік баға белгілеу енгізілді. Бұл үшін Navlin және IQVIA сияқты халықаралық платформалар қолданылады.
Министрліктің мәліметінше, бұрын референттік елдердегі ең төменгі үш бағаның ең жоғарысы алынатын болса, енді сол үш бағаның орташа мәні есепке алынады. Бұл тәсіл шекті бағаларды төмендетеді.
Бұл өзгерістер не үшін қажет?
Министрлік қабылданған шаралар ең алдымен пациент мүддесін қорғауға бағытталғанын атап өтеді. Реформаның негізгі мақсаты:
-
дәрі-дәрмек бағасының күрт өсуіне жол бермеу;
-
ем-домның қолжетімділігін сақтау;
-
баға белгілеу жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыру;
-
салық-бюджет реформасы жағдайында әлеуметтік шиеленістің алдын алу.
Неліктен дәрі-дәрмек бағасы мемлекет бақылауында?
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, дәрілік заттар әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына жатады. Олар азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіндіктен, олардың бағасы еркін нарыққа толық жіберілмейді және мемлекеттік реттеуге жатады.