Институт жаңа буын ядролық реакторларын және термоядролық қондырғыларға арналған материалдарды сынаумен айналысады, ядролық технологияларды өнеркәсіпте, ғылыми зерттеулерде, медицинада, соның ішінде онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу үшін өмірлік маңызы бар радиофармпрепараттар өндірісінде қолданады.
Бүгінде ЯФИ базасында 11 базалық эксперименттік қондырғы, соның ішінде ССР-Қ зерттеу реакторы, сынақ стенді, радиоактивті қалдықтар мен иондаушы сәулеленудің пайдаланудан шыққан көздерінің қоймалары, сондай-ақ зарядталған бөлшектердің 6 үдеткіш кешені жұмыс істейді. ССР-Қ зерттеу реакторы мен Cyclone-30 циклотронының базасында GMP халықаралық стандарты бойынша аккредиттелген еліміздегі жалғыз реакторлық радиофармпрепараттар өндірісі жолға қойылған.
Қазір институт еліміздің медициналық орталықтары үшін үш радиофармпрепарат шығарады, оның ішінде йод-131, молибден-99/технеций-99m бар. Жалпы, институт еліміздің радиофармацевтикалық қажеттілігінің шамамен 85%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Олжас Бектеновке «ыстық камераларда» белсенділігі жоғары радиоактивті материалдармен жұмыс жүргізу барысы көрсетілді. Кешенде бес камера бар, олардың әрқайсысы сәулеленген құрылғыларды бөлшектеу, кесу, дәнекерлеу, сәулелену көздерін сынау мен радиоизотоптарды қайта өңдеуді қоса алғанда, жеке-жеке кезеңдерге жауап береді. Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев ЯФИ өнімдері жыл сайын 18 мыңнан астам пациентті емдеу мен диагностика үшін қолданылатынын атап өтті, ал өнеркәсіптік радиоизотоптар Еуропа, АҚШ, Орталық Азия елдеріне экспортталады. Сондай-ақ институт стратегиялық маңызы бар радиоизотоптар өндірісін локализациялау бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асырып отыр.
Премьер-министрге өнеркәсіптік изотоптық өнім туралы баяндалды. Институт иондаушы сәулелену көздерінің жалғыз өндірушісі болып отырғанын айта кету керек (кобальт-57, иридий-192, сурьма-124). Кобальт-57 бүгінде Германияға, Францияға, Ресейге экспортталады.
Жұмыс сапары барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құру мен дамыту тұжырымдамасы туралы баяндады. Пилоттық орындардың бірі ретінде Алматы облысындағы ядролық физика институтының алаңы белгіленді. Мұнда кадрлық әлеуетті нығайтуға, ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға, әзірлемелерді коммерцияландыруға және жоғары технологиялық өндірістерді іске қосуға бағытталған ғылыми-технологиялық парк құру көзделген. Нәтижесінде, 400-ден астам ғылыми маманды тарта отырып, патенттік базаны дамыту қарастырылып отыр.
Бүгінде Ядролық физика институты 30-дан астам халықаралық ұйымдармен, ынтымақтастық орнатқан. Институтта 4,5 мыңнан астам маман даярлаған оқу орталықтары жұмыс істейді, биыл ядролық криминалистика бойынша өңірлік оқу орталығын ашу жоспарланып отыр. Осыған байланысты оқу және тұру жағдайларын жасау үшін өткен жыл соңында оқуға, жұмыс істеуге арналған кеңістіктермен жабдықталған жатақхана салынды.
Премьер-министр 116 оқушы мен маманға арналған жеті қабатты ғимаратты аралады. Жобаны жүзеге асыру тұрақты білім беру ортасын қалыптастыруға, білікті кадрларды тартуға, сондай-ақ еліміздің ядролық кластері жобаларын жүзеге асыру шеңберінде ғылыми әлеуетті дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Алматыда «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын аралап көрді. АЭА жоғары технологиялық өндірістерге және R&D-ге арналған алаң ретінде дамып келеді. Бүгінде оның қатысушыларының саны – 203 компания. Қазірге дейін резиденттер шамамен 399 млрд теңге инвестиция салған, 7,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 1 трлн теңге сомасында өнім өндірілген және қызмет көрсетілген. Бүгінде АЭА аумағында құны 265 млрд теңге болатын 1000 жұмыс орны бар 24 жоба жүзеге асырылып жатыр, соның ішінде 2025 жылы 355 жұмыс орны құрылған 19 млрд теңгелік 6 жоба іске қосылды.
Алматы қаласы әкімдігінің дерегі бойынша АЭА аумағы іс жүзінде 94% толған, бос учаскелер 7,7 га құрайды, бірақ жұмыс істеу мерзімі 2027 жылдың аяғымен шектеліп отыр, бұл капиталды көп қажет етеді әрі ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыруды қиындатады, инвесторларға да тиімсіз. Осыған байланысты, Премьер-министр АЭА-ның пайдалану мерзімін ұзартуды, оның аумағын кеңейтуді, сондай-ақ жаңа жоғары технологиялық өндірістерді әртараптандыру мен іске қосу жөніндегі міндеттерді ескере отырып, рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін толықтыруды тапсырды. Сондай-ақ сапар барысында Үкімет басшысына АЭА аумағында орналасқан кәсіпорындардың жұмысы туралы баяндалды.