Жәңгір ханның немересі
Исмайылбек Ахметкерейұлы 1872 жылғы ақпанда Вятка губерниясының Елабұға уезінде дүниеге келген. Атажұртынан алыста ғұмыр кешсе де, қазаққа тән мырзалықты, жомарттықты жанына серік еткен. 1895 жылы Петербордағы Николаев кадет корпусын бітірген. Бұл оқу орнында орыстың атақты ақыны Михаил Лермонтов, Бұқар әмірі Сейіт Әлімхан да оқыған. Ресей деректерінде Исмайылбектің аты-жөні Чингиз Измаил-Бек Ахмет-Гиреевич деп жазылып жүр. Оны көбіне атақты Тевкелевтер әулетінің ұрпағы деп таныстырады. Алайда ол – Тевкелевтерге жиен. Өз әкесі – полковник Ахметкерей сұлтан, атасы – Жәңгір хан.
Тевкелевтер әулеті ішіндегі танымалы – орыс деректерінде «Петр Осипович» деген атпен белгілі Шаһингерей Жүсіпұлы. Одан үш ұл – Сәлімгерей, Батыргерей және Сейіткерей тараса, Батыргерейден Құтлымұхамед пен Зухра өрбіген. Құтлымұхамед бірнеше мәрте Дума депутаты атанғаны белгілі. Зухра Жәңгір ханның ұлы Ахметкерейге тұрмысқа шыққан, сол себепті құжаттарда оны көбіне Зухра Шыңғыс (орыс деректерінде Зюгра Чингис) деп жазады. Ахметкерей мен Зухрадан осы Исмайылбек туған.
Тевкелевтер хан әулетіне қыз беріп қана қоймай, келін де алған. Жәңгір ханның Зылиха деген қызы – Шаһингерейдің ұлы Сейіткерейдің жары. Сейіткерей екі рет үйленген. Алғашқы әйелі Зылихадан Гүлсім, екінші әйелі Хадишадан Суфия туған. Гүлсім Тевкелева генерал-майор Әли Шейхалиевке ұзатылған. Осы Әлидің Әмина деген қарындасы (Ибраһим Шейхалиевтің қызы) – Алаш қайраткері Мұхаммеджан Тынышбаевтың жары. Мұхаммеджан мен Әминадан Дәулет тараған. Ал Суфия Тевкелева қазақтың тағы бір ауқатты азаматы Сәлімгерей Жантөриннің асыл жары атанған. Сәлімгерей мен Суфиядан Жәңгір, Сара, Заира тарағаны белгілі. Заира Сәлімгерейқызы Алаштың тағы бір арысы Ғазымбек Бірімжановқа күйеуге шыққан.
Жәңгір ұлдарының ішінде көпке белгілісі – Ғұбайдолла мен Ахметкерей. Екеуі де Петербордағы Императорлық паж корпусын бітіріп, Ресей армиясында қызмет еткен. Ахметкерей 1878 жылы полковник шенінде зейнетке шықса, Ғұбайдолла 1894 жылы генерал шенін алып доғарысқа кеткен. Ахметкерей қайырымдылықпен айналысып, оқу орындарында білім алған қазақ балаларын қаржыландырған. Тіпті ол бір кездері Орынбор діни басқармасының мүфтиі қызметіне де ұсынылған екен. Алайда миссионер Ильминский 1883 жылы Синодтың обер-прокуроры Победоносцевқа хат жолдап, Ахметкерей сұлтанды мүфтилікке жақындатпауға тырысқан. Ахметкерей мен Ғұбайдолла өмірінің соңғы жылдарында Ялтадағы иелігінде тұрған. Ғұбайдолла 1909 жылы өмірден өтсе, Ахметкерей 1914 жылы бақилық болған.

Ахметкерей сұлтан дүниеден өткенде «Қазақ» газеті: «...Ялтада 70 жасқа жетіп кінәз Ахмет сұлтан Шыңғысхан опат болды. Марқұм соңғы қазақ ханы Жаһангер (Жәңгір) Бөкейхан баласы мен бірінші мүфти Мұхамеджанның қызынан туған. Пажски корпуста оқыған, онан соң гвардияда полковник дәрежесіне жеткен соң 1870 жылы Шыңғыс атағымен хандық гербін алып қызметтен шыққан, соңғы ғұмырын Қырымдағы жерінде өткізіп еді. Марқұм неше мұсылман жәмиғат хейриелерінде фахри ағза еді, мұсылман істерінде есімі сирек ұшырайтын еді. Мұсылмандарға бек құрметті, қазақ халқының ең асыл тұқымнан һәм бек бай болуы себепті дәрежесі зор еді...», – деген қазанама жариялаған («Кінәз Шыңғыс ханның опаты», «Қазақ» газеті, №84, 1914 жыл).
Хан ұрпағының кәсібі мен қызметі
Исмайылбек те әкесі секілді әскери оқу орнын бітіргенімен, бұл салада жұмыс істеген жоқ. Алдымен өзі туған Елабұға уезінде әділет саласында қызмет етіп, кейін жеке кәсіппен айналысып, ірі жер иеленушілердің бірі атанған. Ресей мемлекеттік тарихы архивінде сақталған деректерде оның Уфа губерниясының Белебей уезінен 3 мың десятина жер иеленгені айтылады. Ресей Ғылым академиясы жанынан шығатын «Вопросы истории» журналындағы «Татарское дворянство Вятской губернии на рубеже XIX–XX веков» деген мақалада (№9, 2010 жыл) бұл кездегі байлардың (дворян) негізгі кәсібі жер иелену екенін айта келіп: «1899 жылы Исмайылбек Ахметкерейұлы сұлтанның меншігінде Елабұға уезіндегі Шаршада деревнясында 10 582 десятина жері болды», – деп жазылған. Осы мәліметтің өзі-ақ Исмайылбекке қаншалықты мол дәулет дарығанын дәлелдейді.
Шаршададағы сұлтанның иелігінде бірнеше тұрғын үйі мен жеке шаруашылығы да бар еді. Сол кездің өзінде оның шаруашылығында су диірмендері, шөп шабатын, шөп бастыратын, су себетін және ұн елейтін машиналар жұмыс істеген. Исмайылбектің егіс алқабында көбіне бидай, қара бидай, сұлы, картоп егілген. Сондай-ақ жылқы, сиыр бағатын бірнеше ферманың иесі атанған. Жоғарыдағы мақалада: «Шаршададағы иелікте Ахметкерейдің әкесі, ағасы мен жиендері тұрған. Ал дворянның өзі тұрғылықты жері ретінде Петерборды таңдаған және Вятка губерниясына отбасымен бірге тек жаз мезгілінде ғана келген», – деген мәлімет келтірілген. Соған қарағанда Ахметкерей сұлтан Ялтаға көшпес бұрын ұлының жанында Елабұғада біраз аялдаған секілді. Ағасы дегені – Ғұбайдолла Жәңгірұлы, ал жиендері Шейхалиевтер отбасы шығар деп шамалаймыз. Себебі Шейхалиевтер әулеті, соның ішінде Жәңгірдің жиені жер иеленуші Гүлсім Шейхалиева да Елабұға уезінде тұрақтаған еді. Сондай-ақ бұл мақаладан Исмайылбектің өзінің де отбасы болғанын байқаймыз. Алайда сұлтанның отбасына қатысты толық мәлімет таба алмадық.

Исмайылбектің негізінен Петерборда тұрақтағанын «Гасырлар авазы – Эхо веков» журналында жарияланған мақала да растайды. «Исмайылбектің қоғамдық қызметі туралы айтқанда, оның Вятка губерниясындағы татар дворяндары арасындағы ең ауқаттысы екенін және Петерборда қалуға мүмкіндік алғанын атап өтуіміз қажет. Соған қарамастан сұлтан земство жиналыстарының сессияларына қатысу үшін Елабұғаға жиі келетін», – деп жазылған (А.Рафиков, «Общественная и благотворительная деятельность татарского дворянства Вятской губернии в конце XIX – начале XX в», «Гасырлар авазы – Эхо веков», №4, 2023). Сондай-ақ осы мақалада Исмайылбектің 1906–1909 жылдары Вятка губерниялық земствосының Елабұға уезі атынан түскен гласныйы (депутат) қызметін атқарғаны айтылған.
Осы орайда Исмайылбек сұлтанның атқарған қызметтері туралы айта кетсек. 1903–1914 жылдар аралығында Ахметкерейұлы түрлі салада жұмыс істеген. 1903–1907 жылдары Елабұғаның мировой судьясы, 1907–1908 жылдары жерге орналастыру комиссиясының мүшесі, 1908–1910 жылдары Елабұға уезі земство басқармасының мүшесі әрі төрағасы қызметін атқарған («История в лицах. Елабуга» (иллюстрированный сборник), Уляновск, «Печатный двор», 2021). Исмайылбек сұлтан 1909 жылы Елабұға уезі земство басқармасының төрағасы қызметін атқарған. Патша өкіметі кезінде земство істерімен земство басқармасы айналысқаны белгілі. Жалпы, Ресейде уездік земство басқармалары 1864 жылы құрылса, Елабұға уезінде 1867 жылы ашылған. Басқарма бір төраға және екі мүшеден құралса, төрағаны губернатордың өзі бекіткен. Исмайылбектің қандай маңызды қызмет атқарғанын осыдан-ақ байқаймыз.
Қаннан дарыған қайырымдылық
Исмайылбек Ахметкерейұлы әке жолын қуып, оқу орындарына қаржылай қолдау білдіріп, меценаттығымен де аты шықты. 1906–1908 жылдары Елабұғадағы соқырларға арналған ер балалар училищесінің, 1908–1914 жылдары Александров кәсіптік мектебінің құрылтайшысы атанған. Осылайша, бір емес, екі мектептің шығынын жабуға жәрдемдескен. Ол уақытта мектептерді қаржыландыруға мемлекеттің күші жете бермейтін. Мәселен, Елабұға уезінің земствосы бөлетін 1 мың сом мектептерді ұстауға жеткіліксіз еді. Сол себепті земство басқармасының атсалысуымен 1908 жылы уезде мектептерді ұстауға, оқу құралдарын алуға арналған қаражатты бөлу және тарату жөніндегі комиссия құрылған. Осы комиссияның құрамына Елабұға уезінің гласныйлары Ахмат-Шакир Заитов, Исмайылбек Ахметкерейұлы және Елабұға мешітінің имамы Зәки Хузяханов кірген («Становление национального образования в Вятской губернии во второй половине XIX – начале XX в», «Вестник Челябинского государственного университета», №41, 2009).
Жоғарыда Исмайылбектің бірнеше кәсіптің басын ұстағанын айттық. Сұлтанның он мыңдаған десятина жерінен бөлек, шаруа қожалықтары, жеке сауда үйлері бар еді. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Кама, Еділ өзендері бойымен жолаушы және жүк тасымалдайтын пароходтар қатынаған. Осындай кеменің бірін Исмайылбек те иеленіп, қосымша кәсіп көзіне айналдырған. Оның иелігіндегі №3676 пароход «Дина» деп аталған. Ресейдегі пароходтар туралы мәліметтер жинақталған oldriver.ru сайтындағы дерекке сүйенсек, «Дина» пароходы 1902 жылдан кейін жүк, ал 1914 жылдан кейін жолаушы тасымалдаған. «Дина» пароходы – палубасыз, яғни үстіңгі жағы жабылмаған жеңіл құрылымды кеме. Бүйіріндегі немесе артқы жағындағы дөңгелектер арқылы қозғалған. Кеменің сүйегі темірден жасалған. Кеменің өзі 1899 жылы Мензелин уезіндегі Катков зауытында құрастырылса, қазандығы сол жылы Вятка губерниясындағы Воткинск зауытында құйылған. Пароходтың ұзындығы – 33 метр, ені – 8 метр, биіктігі – 1,32 метр. Қуаты 25 номиналды ат күші, 100 индикаторлық ат күшіне тең. Жанармай ретінде мұнайды қолданған. Сағатына 5 пұт мұнай жаққан. Бұл – қазіргі біздің өлшеммен алғанда 20 литрдей.
Кемедегі экипаж саны 10-11 адамнан құралған. Бір уақытта 11-16 тонна аралығында жүк тасымалдаған. Пароход 1902 жылдан Кама өзенінің бойымен жүріп отырып Пермь мен Уфа қалалары аралығында жүк тасымалдаса, 1908 жылдан бастап Еділ өзені мен оның салаларында жүк тасымалын жүргізген. 1914 жылдан бастап кеме негізінен жолаушы тасымалдаған. Бұл кезде кемені Нешатаев деген кісі иеленіп, атауы да «Осип» деп өзгерген. Соған қарағанда Исмайылбек осы кезде өмірден өткен секілді. Орыс, татар, башқұрт деректерінің ешқайсысында Исмайылбектің қай кезде, қай жерде, қалай өмірден өткені туралы дерек жоқ. 1914 жылы әкесі Ахметкерей өмірден өткен соң анасы Зухраның зәулім үйде жалғыз қалғаны белгілі. Анасының кейінгі ғұмырын жалғыз өткергеніне қарағанда, әкесінен кейін көп ұзамай Исмайылбек те өмірден озған секілді. Сол себепті бұл тақырып әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.
Уфа сапарында біз татар-башқұрт арасында Сәлімгерей Жантөрин, Исмайылбек Ахметкерейұлы секілді қайырымдылығымен аты шыққан қазақ ауқаттыларының бой көрсеткеніне, жат жерде жүрсе де мырзалығымен, мәрттігімен көзге түсіп, қазақ атын шығарғанына көз жеткіздік. Мол байлыққа кенеліп, алғаш автокөлік мінсе де, тіпті пароходқа қол жеткізсе де масаттанбай, керісінше көпке үлгі көрсеткен осындай қазақ меценаттары қашан да құрметке лайық.