121 жылдық тарихы бар дәстүрлі турнирде есімдері аңызға айналған талай саңлақтың топ жарғанын көзіқарақты көрермен жақсы біледі. 1905 жылы тұсауы кесілген жарыста жергілікті теннисші Родни Хиттің мерейі үстем болды. Финалда ол өзінің отандасы Артур Кертисті қапы қалдырды. Ол кездегі турнир «Аустралазия» деп аталатын. 1927–1968 жылдар аралығында аталған дода «Аустралия біріншілігі» деген атауға ие болды. Сол кездері Рой Эмерсонның жұлдызы жарқырай жанды. Квинсленд штатының тумасы алты мәрте алдына жан салмады.
«Жаңа дәуірдің» (1969–1980) алғашқы жылдары жасыл құрлықтың өкілі Кен Розуолл төрт мәрте жеңімпаз атанса, Род Лейвер үш рет дара шықты. ХХ ғасырдың 80-жылдары швециялық Матс Виландер де дәл сондай нәтижеге қол жеткізді. Ғасырлар тоғысында америкалық Андре Агасси төрт турнирде алдыңғы лектен көрінді. Одан кейін Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерер мен Сербияның саңлағы Новак Джоковичтің өзара тартысы басталды. Ұзақ уақыт бойы екеуі ешкімге дес берген жоқ. 2004–2023 жылдар аралығында ресейлік Марат Сафин, испаниялық Рафаэль Надаль, швейцариялық Стэн Вавринканың ара-тұра бақтары жанғаны болмаса, бас жүлде негізінен жоғарыда есімдері аталған қос дүлдүлге бұйырды. Атап айтсақ, Федерер алты турнирдің жеңімпазы атанса, Джокович одан асып түсті. Ол Норман Брукс кубогін 10 рет төбесіне көтерді. Аустралияның ашық біріншілігінің рекорды дәл осы сербиялық спортшыға тиесілі.

Кейінгі екі жарыста Янник Синнер жеңіс тойын тойлады. 24 жастағы Италияның мықтысы 2024 жылғы жарыстың финалында ресейлік Даниил Медведевтен басым түссе, 2025 жылы германиялық Александр Зверевтен айласын асырды.
Әйелдер арасындағы тұңғыш турнир 1922 жылы ұйымдастырылды. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында жергілікті ойыншылар Дафна Акхерст пен Нэнси Уинн-Болтонның қарқыны күшті болды. Алғашқысы – бес, екіншісі – алты мәрте топ жарды. Көп ұзамай Маргарет Смит-Корттың жұлдызы жарқырай жанды. Олбериде дүниеге келген бұрымдының 11 мәрте мерейі үстем болды. Бұл рекордтың күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай тұр. Бертін келе әуелі Чехословакияның, одан кейін АҚШ-тың туы астында өнер көрсеткен Моника Селеш пен германиялық Штеффи Графф – төрт, тағы бір атақты америкалық теннисші Серена Уильямс жеті жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Кейінгі үш турнирге тоқталатын болсақ, 2023, 2024 жылдары беларусьтік Арина Соболенко шашасына шаң жұқтырмады. Былтыр Мэдисон Киздің қарқынына ешкім шыдамады. 30 жастағы АҚШ өкілі финалда сол Соболенкоға сан соқтырды.
Еліміздің теннисшілер арасында ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға тиесілі. 2023 жылы Мельбурндегі доданың бастапқы бәсекелерінде Элизабетта Коччаретто (Италия), Кая Юван (Словения), Даниэль Коллинз (АҚШ), Ига Швентекті (Польша) ұтқан Лена ширек финалда Елена Остапенконы (Латвия) еңсерді. Жартылай финалда Виктория Азаренконы (Беларусь) жолынан ығыстырды. Алайда Еленаның финалда Арина Соболенкоға (Беларусь) әлі жетпеді. Үш сеттік бәсеке 6:4, 3:6, 4:6 есебімен аяқталды.
Былтырғы жарыста Рыбакина төртінші кезеңге дейін жетіп, сол межеде Мэдисон Кизге (АҚШ) есе жіберді. Юлия Путинцева үшінші айналымда Дарья Касаткинадан (Ресей) жеңілді. Жігіттеріміздің қарқыны тым бәсең. Александр Бублик пен Александр Шевченко тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Жасыл құрлықта Бублик ойда-жоқта Федерик Серендолодан (Аргентина) ұтылса, Шевченко сол кезде әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған Карлос Алькарасқа (Испания) лайықты қарсылық көрсете алмады.
Санаулы күндерден кейін жалауы желбірейтін Аустралияның ашық біріншілігі 1 ақпанда мәреге жетеді. Бәсекелер Ярра өзенінің бойындағы «Мельбурн Паркта» өтеді. Бұл жерде негізі үш корт бар. Олар – «Род Лейвер Аренасы» (16 820 көрерменге есептелген), «Мельбурн Арена» (10 500), «Маргарет Корт Арена» (6 000).
Мельбурнде еліміздің төрт теннисшісі бақ сынайтыны әу бастан белгілі болған. Олар – Елена Рыбакина (WTA №5), Александр Бублик (АТР №10), Александр Шевченко (АТР №104), Юлия Путинцева (WTA №106). Көп кешікпей ұйымдастырушылар тарапынан Зарина Диасқа (WTA №285) Wild Card берілгені белгілі болды. Сөйтіп, жарысқа қатысатын жерлестеріміздің саны бесеуге жетті.
Мельбурндегі жарыстың жүлде қоры биыл 74,9 млн АҚШ долларын құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 16%-ға артқан. Жекелеген сайыстағы жарыс жеңімпаздары 2,79 млн алса, финалға шыққандарға сол соманың тең жартысы беріледі.