25 Маусым, 2015

Отандық өнім әлем нарықтарында

33288 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ИндустриализацияБесжылдықтың бес күні

«Қазақстанда нақты жаңғырту міндеттері қойылған және жүзеге асырылуда. Бұл ең алдымен біздің экономикамызды үдемелі индустриялық дамыту міндеттері. Осы жөніндегі бағдарламаның аясында төрт жылдың ішінде 780 кәсіпорын іске қосылып, 160 мың жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы тағы да 130 кәсіпорын іске қосылады. Бағдарламаны толық орындау Қазақстанға жалпы құны 70 миллиард доллар тұратын 950 кәсіпорын мен 250 мың жұмыс орнын құру мүмкіндігін береді. Бұл жоспар нақты орындалуда, қаржымен және ресурстармен қамтамасыз етілген. Осының нәтижесінде Қазақстанда 250-ден астам жаңа өнім түрлері пайда болады. Бүгінгі күні қазақстандық өнімдер әлемнің 111 еліне экспортталуда». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық қызметтер басшыларымен кездесудегі сөзінен.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

Қазақстан әлемдегі тауар экспорттаушы елдер арасында 43-ші орында тұр. Қазақстан­дағы экспорт көлемі ішкі жалпы өнімнің 37 пайызын құрайды. Қазақстан бірқатар өнім түр­лерін экспорттауда жетекші орындарға шық­ты. Уран экспорттаудан 1-орынға, ұн экс­­порт­­таудан 2-орынға, мұнай экспортынан 9-ор­ын­ға, бидай экспортынан 10-орынға ие болды. Қазақстан әлемнің 119 еліне өнім экспорт­тайды. Қазақстандық экспорттың 57 пайызы Еуропалық одақтың (44,4 миллиард доллар), 18 пайызы әлемнің басқа елдерінің (14,1 миллиард доллар), 13 пайызы Қытайдың (9,8 миллиард доллар), 7 пайызы Кеден одағының (5,2 миллиард доллар), 6 пайызы ТМД-ның басқа елдерінің (4,6 миллиард доллар) үлесіне тиеді. Соның ішінде, шикізат өнімдері негізінен алыс шетелдер мен Қытайға, өңделген өнімдер Кеден одағына, Орталық Азия, Кавказ, Иран және Ауғанстан елдеріне экспортталуда. Қазақстандық көптеген дайын тауарлар үшін Кеден одағы негізгі өткізу рыногы болып табылады. Айналмалы темір сақина­лардың 95 пайызы, мыс сымдардың 93 пайызы, акку­муляторлардың 85 пайызы, металл құбырлардың 78 пайызы, кондитерлік бұйымдардың 55 пайызы, портландцементтің 49 пайызы, транс­форматорлардың 47 пайызы осы рынокқа экспортталуда. Қазақстандық экспорт өнімдерінің номен­клатурасы 2008 жылғы 880-нен 2014 жылы 950-ге өсті. Қазақстан астығы әлемнің көптеген елдеріне белгілі брендтік өнімдердің біріне айналуда. Бірқатар елдер оның сапасын жоғары бағалап отыр. Қазақстан астығынан жасалынған ұнды өздерінде шығатын астық ұнымен араластыра отырып, нан-тоқаш өнімдерінің сапасын көтеру үшін пайдаланады. Индустрияландыру бағдарламасы іске қосылғаннан бері қазақстандық экспорттарды жарнамалау бағытында әлемнің 14 елінде 31 көрме мен жәрмеңкелер, басқа да сауда қызметтері ұйымдастырылды. 90-нан астам арнаулы шаралар өткізілді. Оған 150-ден астам отандық компаниялар қатысты. 60-тан астам отандық компанияның қатысуымен шетелдерде 14 ұлттық стендтер ұйымдастырылды.

Қазақстан экспорты

Индустрия инфо

Отандық өнім әлем нарықтарында

Индустрияландыру картасының аясында іске қосылған 100-ге жуық өндіріс орны өз өнімдерін шетелдерге экспорттау үстінде. Өткен бес жылдың ішінде бұл кәсіпорындардың экспорттаған өнімдерінің қаржылай көлемі 1 миллиард доллар болды. Қазақстан бірқатар елдердің нарықтарында жекелеген өнімдердің негізгі жеткізуші болып табылады. Мәселен, Қазақстанның мұнай өнімдері Өзбекстан нарығын 100 пайыз, ұн өнімдері 99 пайыз, бидай жөнінен 99 пайыз қамтамасыз етеді. Қырғызстан нарығындағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл нарыққа Қазақстан бірден-бір бидай жеткізуші. Сондай-ақ, осы нарыққа келетін мұнай мен газдың 95 пайызы, ұнның 85 пайызы, кондитерлік бұйымдардың 20 пайызы қазақстандық өнімдер болып табылады. Түрікменстан нарығы барий сульфаты жөнінде 98 пайыз, ұн бойынша 85 пайыз, темір жол локомотивтері жөнінде 47 пайыз Қазақстанда шыға­рылған өнімдермен қамтамасыз етіледі. Аталған өнімдер жөнінде Тәжікстан нарығындағы үлесіміз де осындай. Ал Грузияны азот тыңайтқыштарымен 56 пайызға, макорон бұйымдарымен 16,5 пайызға, бидаймен 11 пайызға қамтамасыз етеміз. Тіпті, алып Қытайдың мыс лигатуралары нарығындағы Қазақстан экспортының үлесі 81 пайызға дейін жетіп отыр. Сондай-ақ, бұл елдің рыногына келіп түсетін уранның 66 пайызы, висмут пен одан жасалған бұйымдардың 40 пайызы қазақстандық болып табылады. Міне, осындай жетістіктерге қол жеткізу үшін еліміздің ішінде көптеген шаралардың жүзеге асырылғандығын айтуымыз керек. Үдемелі индустрия­ландыру бағдарламасының аясында қазақстандық шикізаттық емес экспорттарды ынталандырудың оңтайлы жүйесі қалыптастырылды. Мұнда шетке өнім шығаратын компанияларға сервистік және қаржылай қолдау көрсетудің амалдары қарастырылған. Әр жыл сайын отандық экспорттау­шыларды қолдау мақсатында Қазақ­станда және шетелдерде 100-ден астам шаралар өткізіледі. Кәсіпорындар әлеует­­ті нарықтарға өнім өткізуге қа­жет­­ті тал­дау ақпараттарымен қамтама­сыз етіледі. Қазақстандық тауарлар үшін нарық­тардан орын алу жолдары көрсетіледі. Әлемнің әр шалғайынан ірі сатып алушылар мен әріптестер іздес­­­­­тіріледі. Қазақстандық өңделген өнім­­дерді сыртқы нарықтарда алға жыл­­жыту үшін жарнамалау, таныстыру ша­ра­лары ұйымдастырылады. Экспорт­­­тау­­­шы­лардың жүйелік проблемала­рын шешу жолдары да жалықпай іздестіріледі. Экспорттаушыларды қолдау бағ­дар­ламасында негізгі назар шағын және орта бизнеске аударылған. Мұн­дай өндірушілердің қатары 2000-ға жуықтаса олардың 1500-і қолдау мемлекеттік амалдарының көмегіне сүйеніп үлгерді. Бағдарламаның географиялық аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бүгінгі күні ол 20-дан астам елді қамтиды. Олардың арасында Орталық Азия, Кавказ, Иран, Ауғанстан, Қытай, Оңтүстік Шығыс Азия, Еуропа елдері және АҚШ бар. Елімізде экспорттық өнімдерді алға жылжытып отыру үшін тиісті мамандар әзірлеу мәселесі де ойластырылған. Бүгінгі күні 250 қазақстандық маман дәл осы мәселе бойынша арнайы оқулардан өтті. Экспорттаушылар үшін арнайы басылымдар тұрақты түрде шыға бастады. Олар дәл қазіргі күні 30-дан астам басылымдар мен оқу құралдарын пайдалана алады. Әлемнің 40-тан астам елдеріндегі нарық жағдайы 86 тауар түрі бойынша тұрақты түрде бақылауға алынған. Олардағы жаңалықтар мен өзгерістер тұрақты жарияланып отырады. ҚР Сыртқы істер министрлігі қасынан Экспорттаушылар Кеңесі құрылған. Онда шетелдерге тауарлар экспорттайтын немесе осы іске әзірлік жүргізудегі отандық компаниялардың аталған мәселе бойынша проблемалары және оларды шешудің жолдары қарастырылады. Бүгінгі күнге дейін бұл кеңестің 10 мәжілісі, сондай-ақ, Алматыда Өңірлік экспорттаушылар кеңесінің 1 мәжілісі өткізілді. 40-тан астам проблемалардың шешу жолдары қарастырылды. Экспорттаушыларға көрсетілетін қаржылай қолдау шаралары да айтар­лықтай. Олар өз өнімдерін сыртқы нарық­тарға алға жылжытқан кезде жұмсаған шығындарының 50 пайызы өтеледі. Мәселен, тауарлық белгілерін тіркеу, тиісті сертификаттар алу, шетелдерде өз өкілдіктерін ұстау, шетелдік көрмелерге қатысу, өнімдерін жарнамалау, өз қызметкерлерін оқыту, веб-сайттарын құру, шетелдерде маркетингтік зерттеулер жүргізу шығындары өтеледі. Бүгінгі күні 143 экспорттаушының шығындары 713 миллион теңгеге өтелінді.

Табыстар тарихы

«Henkel Bautechnik Kazahstan» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын шығарумен шұғылданады. Өз өнімдерін 2012 жылдан бастап экспортқа шығарды. «KAZNEX INVEST» АҚ сервистік қолдауының аясында Өзбекстандағы сауда шарасына және Түрікменстанда 2014 жылы өткен халықаралық көрмеге қатысты. Қазіргі күні бұл фирма Тәжікстанға, Қырғызстанға, Түрікменстанға және Өзбекстанға өнімдер жөнелтуде. Оның жылдық экспортының көлемі 5000 тоннаны құрайды. Алдағы уақытта осы аталған елдерге экспорт көлемін ұлғайту жоспарлары бар.

Шетелге өнім экспорттаумен айна­лысатын тағы бір фирма – «Алви плюс» ЖШС. Бұл фирма­ның бір реттік пайдаланылатын гигие­­налық тазалыққа арналған өнім­дер шығаратын өнеркәсіптік зауы­ты бар. Фирманың еліміздегі қызме­ті 2003 жылдан бастау алады. Не­гізгі мекенжайы Алматы қаласын­да. Бұл фирма бірқатар жылдар бойы технологияны жақсарту нәтижесінде экспорттық өнімдер шығаруға әзірлік жұмыстарын жүргізіп келді. 2012 жылдан бас­тап өнімдерін экспорттай бастады. «KAZNEX INVEST» АҚ сервистік қол­дау шарасының аясында Мәскеу қала­сында 2013 жылдың наурыз айында өткен халықаралық арнаулы «Ин­тербытхим» көрмесіне қатысты. Өз өнімдерін негізінен Ресейге экспорттайды. Соңғы 2 жылда бұл елге 877 921 дана өнім жөнелтті. Одан 12,5 миллион теңгенің кірісін қаратты.