Министрдің айтуынша, алдағы уақытта жекеменшік мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылады.
– Болашақта жекеменшік мектептер тек үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің орнын басу қажет болғанда, сондай-ақ мемлекеттік мектептер тапшылығы бар өңірлерде ғана ашылатын болады. Лицензиялар да осы талаптарға сәйкес беріледі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Аида Балаева: Жекеменшік мектептердің көбеюі білім сапасын төмендетті
Заңнама аясында жекеменшік мектептердің құрылтайшыларына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Олар білім беру сапасына, педагогтердің біліктілік деңгейіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапты болады.
Сонымен қатар мектеп директорларын тағайындау тәртібі де өзгереді. Енді бұл шешімдер тек құрылтайшылардың қалауымен емес, салалық министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен келісу арқылы қабылданады.
Қазіргі таңда елімізде 785 жекеменшік мектептің құжаттары цифрландырылған. Жалпы лицензиясы бар жекеменшік мектептердің саны 890-ға жетіп отыр.
Үкімет сондай-ақ жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізуді жоспарлап отыр.