Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. Ірі қара мал басының 2,4%-ға, ұсақ мал басының 1,6%-ға өсуі байқалады. Сүт өндірісі 5% өсіммен шамамен 3,8 млн тоннаны құрады, ет өндіру көлемі 1,2 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылғы деңгейден 2,6%-ға жоғары. Алайда, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 2-3% деңгейінде сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отыр.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа, ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ ет өндірісін 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін арттыру, оның экспортын 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғайту жоспарланған. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жоспарды орындау үшін бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдаудың тиімді тетіктері ұсынылатынын баяндады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрі бойынша асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Қаржыландыруға жыл сайын 300 млрд теңге қажет. Аталған іс-шара табынды жаңартуды жеделдетуге әрі мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мен жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыруға биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын жылдық мөлшерлемесі 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген. Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5% жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр.
Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыруға жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарланды. Қаржыландыруды қолжетімді ете түсу үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.
Бұған қоса Кешенді жоспардың жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлеріне әлеуметтік жағдай жасау, оның қатарында шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандарға тұрғын үй құрылысын салу мен тағы да басқа іс-шаралар қарастырылған.
Бұдан бөлек, тиімді маркетингтік инфрақұрылымды қалыптастыру мен өткізу нарықтарын кеңейту көзделіп отыр. Ветеринарлық қауіпсіздік экспорттық нарықтарға шығудың міндетті шарты болып саналады. Осы бағытта ветеринарлық нысандарды жаңғырту бойынша жұмыс жалғасады, сондай-ақ сауда нысандарында күнделікті бақылауды жүзеге асыру жоспарланып жатыр. Мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі де пысықталды.
Жоспардың іс-шаралары негізінен бюджетте көзделген қаражатқа, бюджеттік несиелер мен қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.
Олжас Бектенов Кешенді жоспардың іс-шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қамтуды әрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша болжамды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ қайта өңдеуді дамыту мен қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту қажет. Өндіріс пен өнім айналымының барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру мен оларды бірыңғай есепке алу көзі ретінде пайдалану тапсырылды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Астық егетін үш өңір бойынша 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.
Жиын қорытындысы бойынша Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысты үйлестіру мен барлық көзделген шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.