Жоба операторы East Star Com.kz компаниясына 2025 жылғы желтоқсанда 7 жыл мерзімге жылдық 6 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 480 млн теңге бөлінді. Инвестицияның жалпы көлемі 1,5 млрд теңгеге жетеді, соның 1 млрд теңгесі компанияның өз қаражаты есебінен бағытталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев KazPan сэндвич-панелдерін өндіретін зауытты аралап көрді

Өндірістік кешен Алматының Индустриялық аймағында орналасады. Жоба аясында бір ауысымда 3 мың шаршы метрге дейін өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық желі сатып алынып, пайдалануға беріледі. Сэндвич-панельдер өрт және экологиялық қауіпсіздіктің жоғары талаптарына сай, кәсіпорынның өзінде өндірілетін минералды жылу оқшаулағыш материалдарды қолдана отырып дайындалады. Бұл өнімдер мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және коммерциялық нысандар құрылысында пайдаланылады.
Жобаның іске асуы Алматыны ғана емес, елдің өзге өңірлерін де отандық құрылыс материалдарымен қамтуға жол ашады. Сонымен бірге импортқа тәуелділікті азайтып, құрылыс нарығындағы жергілікті өнім үлесін арттыру көзделген.
«Алматы Индустриялық аймағындағы жобаларды қолдау қаржыландырудың басым бағыттарының бірі. Бұл жоба қаланың өнеркәсібін дамытуға серпін беріп қана қоймай, 33 жаңа жұмыс орнын ашады. Алдағы 7 жылда бюджетке шамамен 490 млн теңге салық түсімі түсуі күтіледі», деді Almaty Finance басқарма төрағасы Ерлан Егембердиев.