Созақ көтерілісі туралы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында белгілі тарихшы Талас Омарбековтің аузынан естідік. ҚазПИ-дегі филология факультетінің студентіміз. Атақты Мұхтар Мағауин сабақ береді. Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз, Үмбетей жыраулардан бастап қазақтың өткен қилы тағдырын баяндайды.
Сол кезегі жалындаған жас тарихшы Талас Омарбеков Кеңес өкіметі кемеліне келіп, мейманасы асып тұрғанда советтік одаққа қылыш көтерген Созақ көтерілісшілері туралы айтады. Сүйсініңкіреп, жақ тартып айта ма қалай, әйтеуір кеңеске қарсы тұрған сарбаздарды жамандамайды.
Ішіміз бүлк ете қалады. Ырымға бір орыс отбасы жоқ қазақ ауылында оқыдық. Ондағы тарихшы ағайымыз төмендегідей сөйлейтін. Коммунизмді мақтайтын. «Адамдардың сана-сезімі әбден жетіледі, ұрлық-қарлық деген болмайды. Дүниеге керектің бәрі дүкендерде тегін, әркім өз керегін алады. Коммунизм деген сол» деп тұжыратын.
Мұғалім аузының суы құрып мақтайды. Біз коммунизм елесі аузымызды толтырған тәтті сөлді тамсап, тамсанамыз. Әкең, шешең бай емес, жетпей жатқаны көп қой.
Созақ көтерілісшілері туралы Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының естелігін оқығанда бүйрегіміз тағы да бүлк ете қалған. «Шымкентте штык винтовкалы конвойлар бір топ адамдарды айдап келеді, – дейді Баукең естелігінде. – Қазақтар. Біреуінің басы жарылған, біреуінің көзі шыққан. Кейбірі ақсаңдап басады. Қолдары арттарына қарай байланған. Тәндері азап көрсе де жүректері өшпенділікке толы, жан-жақтарына ызақорлықпен қарайды. Әскери адам, немесе орыс көрсе кейбірі қолы бос болмағандықтан басымен сүзбекке ұмтылады. Ашу толған көздері оттай жанады. Бұлар кімдер деп сұрап едім, Созақ көтерілісшілері ғой, атуға апара жатыр, деді».
Естеліктің ұзын-ырғасы осындай. Кейін қызметіміз Оңтүстікке ауысты. Жұмыс бабымен Созаққа жиі бардық. Бұл өңір қазақ үшін өте киелі жер.
Мына жайтқа көңіл аударыңыздар, Созақтың бар тарихын осындағы азаматтар ғалымдарды керек етпей өздері-ақ жазып тастаған. Созақ көтерілісі туралы да көнекөз қарттардың естеліктері жазылып алынған. Неткен ыждағаттылық десеңізші.
Алматыдағы Талас Омарбековтен бөлек, жергілікті жазушы, архив директоры болған марқұм Мұхамеджан Рүстемов, созақтықтар Сүлеймен Тәбірізұлы, Дулат Тұрантегі, Жарылқасын Боранбай, Өтеш Қырғызбаев бүге-шігесіне дейін қазып зерттеп, құнды еңбектер жасаған.
Сүлеймен Тәбірізұлы ақсақалмен оншақты жылдан бері ағалы-ініміз. Созаққа барғанда ретін тауып, бір әңгімелесіп қаламыз. Сол кісі айтқан: «Созақ көтерілісінің ар жағында Алашорданың азаматтары тұрған», деп.
Бір аптаға созылған көтеріліс аяусыздықпен басылып жаншылды. Өзбек байының кең әулісіне тығылған соңғы сарбаздарға жасаулы пулемет қойып қырып жатқанда кеше ғана ақ киізге отырғызып хан көтерген Шалақтың ұлы Сұлтанбек: «Қазақтарым-ай, обалдарыңа қалдым-ау», деп өкіріп жылады дейді жазатайым тірі қалғандар.
Бізді көтеріліске қатысқандардың ішінен Салықбай мерген тағдыры қатты қызықтырған. Құралайды көзге атқан батыр қасындағы серіктерімен Бетпақта жүреді екен. Аш, жалаңаш болмаған. Көздегені құр кетпейтін мергеннің отбасының, өзіне қараған ағайынның қарны тоқ. Бірақ, қазаққа нәубет әкелген Кеңес өкіметіне наразылық жүрегін меңдеген, бойын намыс қысқан есіл ер Сұлтанбек ханнан арнайы шақырту келгенде қарап жата алмапты. Қолдарында ұзын ағашқа шаншыған істік темір, айбалта, қылыш сияқты қарулары, бірен-саран аң-құс ататын бірдеңкесі бар көтерілісшілердің негізі сенген күші Салықбай бастаған мергендер тобы болады.
Шымкент пен Түркістаннан отряд ұйымдастырылғанын естіген Сұлтанбек Салықбай мерген бастаған топты Суындық асуын бақылауға жібереді. Түркістаннан күш алған ОГПУ әскерін Созақтағы өкіл Тыныштықбаев бастап келеді. Оларды асуда күтіп алған мергендер Тыныштықбаевтан бастап бәрін атып өлтіреді. Салықбайдың қарауына Қасым, Бекболат, Жанділда, Нұрпейіс, Жәкен, Иса, Әбжаппар сынды мергендер топтасқан екен. Салықбай оларға мүмкіндігінше офицерлерді атуға тапсырма беріпті.
Тың күшпен шабуылдаған әрі пулемет, мықты винтовкалармен қаруланған кеңес жауынгерлеріне тойтарыс бере алмаған Сұлтанбек қолы Созаққа шегінгенде, тосқауылға Салықбай мерген тобын қалдырады. Күші тең емес атыста мергендер аттарына мініп шегінгенде Салықбайдың аты тұяғын тасқа тілгізіп, шаба алмай қалады. Қайырылған серіктестеріне мерген: «Маған қарамаңдар, арттарыңнан қуып жетем», дейді. Бір офицердің аты жүйрік болса керек, құйғытып кеп қалғанда тасада тұрған Салықбай атып түсіріп, жанынан өте берген сәйгүліктің жалынан жабысып ерге секіріп мінген екен.
Жай ғана мерген емес, ат үстіндегі айқаста бірнеше жігітті ер үстінен тымақша жұлып алатын Салықбайдың ерлігі жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Соның бірпарасын Сүлеймен Тәбірізұлы ақсақал айтып берген еді. Олардың Салықбайдың жақын туысы Шымкент қаласының тұрғыны, зейнеткер Жақай Үсенбайұлынан жазып алған екен.
– Көтеріліс кезінде мен 8 жасар бала едім, – дейді Жақай. – Салықбай көкем оқ-дәрі жасап жатқанда топырлап жанында отыратынбыз. Қорғасынды жалпақ нанға ұқсатып құйып алып, табаның екі бетінің арасына салып айналдыратын. Осылайша домалақ бытыралар жасайды. Мылтықтың дәрісін де өзі дайындаған. Оқ-дәріні алдымен әртүрлі қашықтықтағы заттарды атып сынап көреді, оқ ауытқитындай болса, қарауылын жөндейді екен. Салықбай мылтығының жерге тіреп қоятын аяғы болған. Мерген аңға шыққанда, киіктердің терісі бүлінбесін деп, тек артқы қос аяғынан ғана көздейді екен.
Жақайдың әкесі Үсенбай 1934 жылы Шымкентке таяу Қызылкөпір деген жерде қайтыс болады. Шешесі балаларын Арыс қаласындағы балалар үйіне тапсырады. Жақай 1940 жылы Ташкенттегі медучилищеге түсіп, 1941 жылы соғыс басталуына байланысты екі жылда бітіріп шығады.
1943 жылы Созақ аудандық медицина бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып істеген. Сол кездері аудан орталығы Шолақорғанда таяу жердегі Жеткіншек ауылында Салықбайдың әйелі Ұлбаланың қолында тұрады. Жақай жеңгесінен және көз көрген ауыл адамдарынан Салықбай көкесінің көтеріліс басталғаннан кейінгі өмірі жайлы сұрап біледі.
Көтерілісшілер жеңілгеннен соң Салықбай өз тобымен Мойынқұм, Шу бойындағы құмға сіңіп кетеді. Бұларды «Салықбайдың бандасы» атап, артынан жазалаушы отряд шығарады. Жер жағдайын жақсы білетін Салықбайдың жігіттері оларды жойып жіберуге мүмкіндіктері болғанымен тартына береді. Себебі, солдаттар: «Сендер Салықбайды қолдайсыңдар, тығып отырсыңдар, азық-түлік бересіңдер», деп жолдағы ауыл адамдарын жазалайды екен. Амал жоқ, ауыл қарттары Салықбайға адам салып, өз еркімен берілмесе ағайынға ауыр тиіп жатқанын айтады.
Елді қырып алғысы келмеген Салықбай мерген тобымен отрядқа беріледі. Сонда ел ауызында мынадай өлең жолдары айтылыпты.
Атқа салдым пыстанды,
Көтердің Алла дұшпанды.
Естіген жұрт дуа қыл.
Салықбай мерген ұсталды.
Өз еркімен берілгендігі ескеріліп мерген он жылға кесіліп, Беломор-Балтық каналын салатындар қатарына жіберіледі. Сарышұнақ аяз, киім жұқа, тамақ аз. Тұтқындардың жағдайы мүшкіл, солдаттар да жетісіп жүрген жоқ. Тайгадан аң қаққандар олжасыз келе береді.
Сондай күндердің бірінде қарауыл қойып, оқ атып отырған солдаттарға жақындаған Салықбай өзіне де атқызып көруді өтінеді. Тұтқын қағазындағы мерген жазуынан хабары бар солдаттар жан-жақтан мылтық кезеп отырып, Салықбайға оқ атуға мүмкіндік береді. Сонда Салықбай ағаштың ұшар басында секіріп жүрген тиынды көзінен атып түсіріпті. Таң-тамаша болған солдаттар Салықбайды өздерімен бірге аң қағуға алып шығатын болады. Көздегені құр кетпейтін мергеннің арқасында солдаттар да, тұтқындар да етке қарқ болыпты.
Мергеннің сіңірген еңбегіне әрі азаматтығына, тәртіптілігіне тәнті болған түрме басшылығы оған «Беломор-Балтық каналының құрметті құрылысшысы» деген медаль беріп, 1935 жылы түрмеден босатады. Қазақстанның қай жеріне барса да сот үкімімен босаған адам сіңеді ғой. Туған елін сағынған Салықбай мерген Созаққа қарасты Жеткіншек ауылына Түркістаннан әйелін алып, көшіп келеді. Бір жағы медаліне сенсе де керек. Бірақ, Созақ көтерілісшілерін жойдық деп күпініп жүрген ауыл, аудан белсенділеріне атышулы мергеннің қайтып келгені ұнамайды. Елдің мазасын алған, зәбір көрсеткендердің ішінде зәлімдігінен «кәпір Мұса» атанған милиция қызметкері бар екен. Сол «сен қайтып келуге тиісті емес едің» деп қайта-қайта тиісіп жүреді. Жеткіншек ауылында егілген ағаштарға қарауыл болып далада қос тігіп отырған Салықбай мергенді түн ішінде біреулер сырттан дауыс беріп шақырып алады да, содан мерген қайтып оралмайды. Әрі қарай болған оқиғаны жіліктеуге Сүлеймен Тәбірізұлы ақсақал жәрдемдескен.
Салықбай мергеннің өмірінің соңғы кезеңінің қалайша болғандығын өз көзімен көрген, көп жыл бойы Созақ ауданында партия, кеңес қызметінде болған, зейнеткер Елберген Жүсіпұлы былай депті:
– Менің 14-15 жасар кезім еді. Салықбай мергеннің атына құлағым қанық болғанымен, өзін алғаш рет көруім. Бойы ортадан жоғары, мығым денелі кісі екен, – дейді Елберген ақсақал.
Салықбай мерген егілген ағаштарға қарап, әрі суарып жүреді. Елберген болса егістің қарауылы. Екі үй де күркеде тұрады. Салықбай өзінің айдауда Беломор-Балтық каналында болып жақсы қызметі үшін Беломор-Балтық каналында құрметті құрылысшы белгісін алып елге мерзімінен бұрын оралғанын әңгімелеп жүреді. Оның ауылға жасқанбай келуіне осы атағы себеп болса керек. Бірақ жергілікті белсенділер бұл жағдаймен есептеспейді. Олар келіп: «Сені мерген болған дейді», деп айналдыра бастайды. Ұлбала жеңгей Салықбайдың атын атамай отағасы дейді екен. Бірде Ұлбала жеңгей ауылды аралап, жылап жүріп: «Отағасыны ұстап әкетті, не болғанын білсеңдерші!» – дейді жалбарынып. Арада екі күн өткеннен кейін су мұрабы болып істейтін Әліпті де ұстап әкетеді. Арада біраз күн өткенде Салықбай мен Әліпті атып тастапты деп естідік, – дейді Елберген Жүсіпұлы. Бұл оқиға 1937 жылы болған еді. НКВД атын бағатын қария Ұлбала мен оның жақын ағасы Досмағанбетке келіп: «Түнде бір белсенді мені ертіп алып, Жеткіншектің Созақ жағындағы сайға Салықбайды апарып атты. Салықбай өзін ататын адамның атын атап: «Мен сенің не істегелі келе жатқаныңды білемін. Екі бас намаз оқып алайын, сонан соң ісіңді бітіресің», – дейді. Бұл ер Салықбайдың соңғы сөзі екен.
Салықбайдың әйелі Ұлбала 1948 жылы Сібірге жер аударылады. Жақай институтта оқып жүргенде жеңгесі Ұлбаламен хат жазысып, хабарласып тұрған. Ұлбаланы Хабаровск өлкесіндегі Еврей автономиялы облысының орталығы Биробиджан қаласына жіберген екен. Сонда жұмыс істеген. Жақайға жазған хаттарында жеңгесі: «Саған сағат, киім алып қойдым, ақша жинадым, келіп алып кетесің бе?” дейді. Алайда заман қиыншылығы Жақайдың жеңгесін іздеп барып қайтуына ерік бермеген. Ұлбала Биробиджанда болғанда туған жерге тезірек жету үмітімен, денсаулығының нашарлығына қарамастан, тынбай еңбектенгенге ұқсайды. Ол туралы мынадай қосымша дерек бар. Көп жыл бойы Созақ ауданы көлемінде әр салада қызмет атқарған Шойынбаев Әбітай ақсақал бір оқиғаны еске алады. Мектепті бітіргеннен кейін ол алғашқы кезде Созақ аудандық прокуратурасында хатшы болып қызмет істеген. Аудан прокуроры Сасықбаев деген болады. 1949 жылы Биробиджандағы Ұлбала жұмыс істейтін мекеменің кәсіподақ ұйымы Ұлбала туралы мінездеме жазып, өнегелі еңбегі үшін оны туған жеріне қайтаруға болатындығын айтып, жергілікті прокуратураның келісімін сұрайды. Прокурор Сасықбаев хатқа жауап қайтару үшін Салықбаймен және Ұлбаланы білетін адамдарды шақырып, осы жайлы пікірлерін сұрайды. Бірақ, ол сөзін ызғарлы кейіппен айтқандықтан, шақырылғандардың «келсін» деуге батылы бармай күмілжіп қалады. Осыдан кейін Сасықбаев: «Кеңес өкіметіне қарсы шыққан халық жауының әйелін елге қайтаруға жатпайды», деп жауап қайтарады.
Ұлбала 1953 жылы қайтыс болып, Биробиджанда жерленеді. Бұл жайлы Жақайға Созақ өңіріне сол жаққа жер аударылып барған адамдар хабарлайды.
Жақай Үсенбайұлы қызмет бабымен Шымкентке ауысады. Тағдырдың жазуы дегенді қойсаңызшы, Жақайдың балалары Клоков атындағы орта мектепте оқиды. Созақ көтерілісін басқан Клоков офицер Салықбай мергеннің тобымен болған айқаста қаза болған екен. Мектептің салтанатты кештерінің бірінде Клоковты батыр деп әспеттеп, Салықбайды банды, Кеңес өкіметінің жауы деп жамандайды.
Салықбайдың немерелері болып келетін Жақай балалары «атамызды жамандағанда жерге кірердей қор болдық» деп келіпті.
Қазір кімнің батыр, кімнің дұшпан болғанын емші уақыт көрсетті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.