Бұған дейін де топ болып ерекше балаларды қашықтан оқыту бағдарламасын жасаған жастар жаңа бағдарлама арқылы алаяқтықтың алдын кескісі келеді.
«Осыған дейін жасаған жобамыз университетте ұйымдастырылған сайыста бірінші орын алған. Ал Нұрбек екеуміз жасаған мына платформа веб-ресурстар мен төлем беттерін талдап, жалған сайттарды, күмәнді деректер енгізу формаларын және әлеуметтік инженерия белгілерін анықтайды. Көпдеңгейлі талдау негізінде тәуекел деңгейі есептеліп, қорытынды жасалады. Жоба цифрлық қаржылық операциялар мен өзара онлайн әрекеттесудің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған», дейді Нұрбол Оңалбеков.
Жобаны кәдімгі ноутбукпен облыстық Жастар орталығында әзірлеген. Оның барысында менторлары Алмат Қуанышбаев көп кеңес беріп, жол сілтепті. Осылайша, ай ішінде дайындалған интеллектуалды қорғаныс жүйесінің авторлары жуырда «InnoFest Qyzylorda» инновациялық жобалар фестивалінде 2-орынға ие болды.
Жоба авторлары браузерлік косымша сайттың қауіпті екенін анықтаса, дереу жауып тастайтынын айтады. Осыдан кейін қолданушы ол сайтқа кіре алмайды. Қазір «сыйлығыңды алып кет» деген мазмұндағы сілтеменің соңында қажетті ақпарат толтыру, қаржы жіберуді сұрайтындар жиілеген. Ондай сайттарды осы қосымшаның көмегімен тексеруге болады.
Қазір жастар жобаны жетілдіру үстінде. Жаңалықты құлағы шалғандар сұраныс беріп те үлгеріпті. Алда бағдарлама бірнеше сынақтан өткен соң алғашқылар қатарында облыстық полиция департаменті қолданып көрмек.
Қызылорда