Басқосуға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов және Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Әмірбек Оспанбеков қатысты.
Мемлекеттік кеңесші бір палаталы жаңа Парламентке көшу бастамасына қатысты негізгі тәсілдерді қалыптастыруға белсене атсалысқаны үшін партия фракцияларына ризашылық білдірді. Ерлан Қариннің айтуынша, былтырғы күзден бері жүргізіліп келе жатқан конституциялық реформаны әзірлеу ісі мемлекеттің институционалдық негіздерін одан әрі жаңғыртуда айрықша маңызды.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысының басымдықтарына ерекше тоқталды.
«Құрылтайдың бұл жолғы отырысы да, Президенттің бағдарламалық сөзі де тарихи тұрғыдан үлкен мәнге ие. Мемлекет басшысының саяси институттарды терең трансформациялау бастамасы түбегейлі жаңа конституциялық модельге қадам басқанымызды айғақтайды», деді Ерлан Қарин.
Өз кезегінде фракция жетекшілері Президент бастамаларын толық қолдап, конституциялық реформаға қатысты жұмысты белсенді түрде жалғастыруға дайын екендерін айтты.