Бағдарлама аясында «The First Steps: оқытушының құралдары, тәжірибесі және ресурстық жай-күйі» бағыты бойынша жас оқытушыларға арналған сессиялар өткізілді. Онда цифрлық педагогика, бағалау жүйелері мен заманауи оқыту әдістемелері мен кәсіби даму мәселелері қамтылды. Бағдарлама барысында ғылыми жарияланымдар, гранттық қаржыландыру мен халықаралық бағдарламалар, зияткерлік меншік және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға арналған модульдер өтті.
Айталық, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған сессияда «Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Айжан Жексембаева коммерцияландыруға арналған гранттық бағдарламаның талабын түсіндірді. Ал PhD, салалық сарапшы Арын Орсариев еліміздегі технологияларды коммерцияландыру тәжірибесі мен инвестиция тарту және бизнес-модельдерді қалыптастырудағы практикалық кейстер туралы баяндады.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналған сессияда «Horizon Europe», «Erasmus» және өзге де бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер таныстырылып, С.Торайғыров университетінің еуропалық ғылыми кеңістікке интеграциялану бағытындағы жұмысы атап өтілді. Сондай-ақ Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова, «Clarivate» компаниясының ТМД елдері бойынша ресми өкілі Инеш Кенжина, «Informascope» компаниясының Орталық Азиядағы консультанты Рәбиға Қожамқұл өз бағыттары бойынша тың ақпаратпен бөлісті.
Мазмұнды іс-шара соңында қатысушылар ғылыми жобаларды әзірлеу, гранттық өтінімдер дайындау, зияткерлік меншікті қорғау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бойынша практикалық дағдыларға ие болды. Бұл бастама жас ғалымдарды қолдау мен университет ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Азамат ҚҰСАЙЫН