Сурет: fingramota.kz
Freedom Finance Global арқылы еліміздегі брокерлік бизнесті ұсынатын Freedom Brokerдің хабарлауынша, меншікке алынған акцияларды тіркеген кезде брокерлік шот қажет болады. Бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуға тапсырыстарды орындаған жағдайда, акциялар бойынша дивидендтер алған кезде осындай шот керек. «Биржа нарығындағы кез келген әрекет тек брокерлік шот арқылы жүзеге асырылады. Келіп түскен пайдалар мен дивидендтердің есебі түгел шоттарда жүргізіледі», дейді сарапшылар.
Қазіргі кезде отандық бағалы қағаздар нарығы әлдеқайда қолжетімді. Жастардың инвестицияға деген қызығушылығы да артып келеді. Елімізде брокерлік шоттың көбеюі – соның айқын көрінісі. Олардың саны 2023 жылдың басында миллионнан аз болса, биылғы көрсеткіште бес еселеп артқан. Орталық депозитарийдің (KCSD) номиналды ұстау жүйесіндегі брокерлік шоттардың жалпы саны 2026 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 5,06 млн-ға жетті, оның 13,8 %-ы «қожайындардың» қосалқы шоттарына тиесілі болса, 86,2%-ы омнибус-шоттар арқылы есепке алынған. Орталық депозитарийдің дерегіне сүйенсек, кейінгі бес жылда еліміздің қор нарығы кәсіби инвесторлардың шектеулі тобына арналған құралдан жеке тұлғалардың жиі пайдаланатын қаржы тетігіне айналған. Соның ішінде әсіресе, омнибус шоттары белсенді көбейген. Омнибус-шот дегеніміз – клиенттік активтердің жиынтық есебін жүргізетін шоттың арнайы түрі. «Бұл модель клиенттерге қызмет көрсетуді кеңейтуге жол ашып, жеке инвесторлардың қор нарығына тезірек бейімделуіне мүмкіндік берді», дейді мамандар.
Брокерлік шоттар саны жедел өсуінің ең серпінді кезеңі 2023 жыл болған. Ал 2024–2025 жылдары өсім тұрақты сипатқа ие болып, жыл сайын номиналды ұстау жүйесіне миллионнан астам жаңа шот қосылып отырған. Өткен жылдың қорытындысы өсім 40%-дан асып түскен.
«Бес миллион брокерлік шотқа қол жеткізу – бұл кейінгі жылдары нарықтың барлық қатысушысы жүргізген үлкен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл өсімге бірқатар факторлар әсер еткенін атап өткен жөн. Реттеуші базаны жетілдіру, бағалы қағаздар нарығының цифрлық инфрақұрылымын жүйелеу, брокерлер мен банктердің мобильді қосымшаларын дамыту, сондай-ақ пандемия кезеңінде басталған халықтың қаржылық бағытындағы өзгерістер осы саланың белсенділігін дамытуға ықпал етті», дейді Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы Еділ Медеу.
Оның айтуынша, инвестициялық сауаттылықтың артуы да брокерлік шоттың көбеюіне әкелген. Қор нарығы жинақтаудың басқа дәстүрлі түрлерімен салыстырғанда анағұрлым тәуекелі жоғары. Соған қарамастан халықтың басым көпшілігі қор нарығын инвестициялау мен жинақтаудың құралы ретінде саналы түрде қарастырады», деді басқарма төрағасы.