Таным • Кеше

Жазу миды жаттықтырады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23 қаңтарда бүкіл әлемде Қолмен жазу күні тойланады. Бұл атаулы күнді Жазу құралдарын өндірушілер қа­уымдастығы енгізген. Баста­машылар бұл күні бар­лық технологиялық құрыл­ғыларды жиыстырып қойып, қолмен жазуға келіскен. Алайда әзірге бұл мүмкін болмай тұр.

Жазу миды жаттықтырады

Сурет: syrboyi.kz

Заман алға жылжып, технология тереңдеген сайын қолмен жазудан қалып бара жатқандаймыз. Тіпті бүгінде жазушылардың өзі шығармаларын компьютер, ноутбук, басқа да құрыл­ғылардың көмегімен жазады. Әсілінде жазу­шылардың үздік жетістіктері – соңына қалдырған кітаптары ғана емес, қолжазбалары. Әлемде атақты жазушылардың қолжазба қағаздары құнды мұра саналады. Олардың туындыларының бәсін биіктететін де – осы қолжазбалар. Ал қазіргі қаламгерлердің қолжазбасы бар ма? Болса да, саусақпен санар­лықтай ғана.

Бұрынғы жазушылар алдымен қойын дәптеріне не блокнотқа жазатын. Сосын барып жазу мәшіңкесінде теретін. Ал қазір қолмен жазатындар сирек. Бірден компьютердің пернетақтасына бас қоятындар көп. Компьютермен тергеннің бір тиімсіз тұсы ой мен жазу жылдамдығы үй­леспейді. Соның салдарынан ой шатасады. Компьютерде жазылған шығарманың жойылып кету қаупі де көп. Ал қолмен жазған дүние ешқашан жоғалмайды. Қан­шама қаламгердің музейлерде қол­жаз­басының сақталып тұрғаны – соның айғағы.

Оның үстіне қолмен жазу деген бір ғанибет дүние. Сөздің денеңнен суырылып шығып жатқанын байқайсың. Ерекше сезімге бөленіп, қағаз бетіне қалам жүгіртесің. Осылайша, жазудың ләззатын жан-тәніңмен сезінесің.
Сондай-ақ жазу – мидың жаттығуы. Ол миды қартаюдан сақтайды. Керек ақпаратты көшіріп жазу оның есте ұзақ сақталуына көмектеседі. Ал қазір қаламгерлердің көбі қаламын пернетақтаға айырбастады. Жазушы түгілі былайғы адамдар да қолмен жазғысы келмейді. Әсіресе ватсап желісінде жазып отыруға ерініп,
аудио жібере салатындар көбейді. Бұл да біртіндеп жазуды ұмыттырып жатыр. Балалар да қолмен жазудан қашады. Бұрын мектептерде Көркем жазу сабағы өтетін. Сол арқылы балалардың жазуы шыңдалатын. Ал бүгінде шырайын шығарып жазатындар шамалы. Ойланатын мәселенің бірі – осы.

Соңғы жаңалықтар