Кейінгі жылдары елімізде балаларды дамытатын цифрлы қосымшалар саны айтарлықтай көбейіп келеді. Қазақ тілін үйрететін платформалар, математика мен логиканы ойын арқылы меңгертетін сервистер, бағдарламалау негізін танытатын стартаптар пайда болды. Қуантарлығы, оған сұраныс та бар.
Баланың дамуы ана тілінен, ойлау қабілетінен, логиканың жетілуінен басталады. Бірінші үлкен бағыт – тіл үйрететін қосымшалар. Қазақ тілін үйретуге арналған цифрлық өнімдер бұрын саусақпен санарлық еді, қазір таңдау көп. Ерте жастан әліпби, дыбыс, сөздік қорды ойын арқылы меңгерту – педагогикада дәлелденген әдіс. Цифрлық формат оны қолжетімді ете түсті. Әрине, экран арқылы тіл үйрену шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Қосымша құрал мұғалімнің де, ата-ананың да орнын баспайды. Дегенмен баланың бос уақытында үлкен көмек. Бұл бағытта ең танымал платформалардың бірі – «Soyle.kz». Қосымша қазақ тілін сөздік, сөйлем құрау, жаттығу жасау арқылы үйретеді. Мектеп жасындағы балаларға да, ересектерге де ыңғайлы. Ал «Bala.soyle.kz» балабақша жасындағы балаларға арналған. Мұнда әліпби, дыбыстар, қарапайым сөздер ойын түрінде беріледі. Тағы бір жоба – «Aleem». Бұл қосымша ағылшын тілін үйретуге бағытталған. Сабақтар баланың деңгейіне қарай бейімделіп беріледі.
Сонымен қатар қазіргі кезде кейбір балалардың тілі шықпай жатады. Логопедтердің айтуынша, қазіргі сапасыз контенттер баланың сөйлеп кетуін тежейді. Ал «QazaQsha» – осы мәселені шешу үшін жасалған жоба. Ойын пазлмен жасалған. Оның бірінде әріп, екіншісінде жануар немесе жәндік бейнесі болады. Бала оларды сәйкестендіргенде бейнеге жан бітеді. Дыбыс шығып, бала сол жануардың атын естіп, оны көріп, сөзді қайталап үйренеді.
Жобаның авторы Қызғалдақ Байтаңатқызының айтуынша, балалардың сөйлеу қабілеті – маңызды мәселе. «Қазақ тілінде қызықты, интерактивті материалдар аз. Сол себепті біз «QazaQsha» жобасын жасадық. Біздің мақсат – әр балаға қазақ тілін үйренуді ойын арқылы қызықты етіп көрсету», дейді ол.
Екінші бағыт – математика мен логика. Қазіргі кезде отандық «EdTech» жобалары қарқынды дамып келеді. Геймификация, деңгеймен өту, ұпай жинау – бәрі баланың қызығушылығын оятады. Әйтсе де, логиканы тек тапсырма шешумен шектеу – қате. Ойлау қабілеті сұрақ қою, қателесу, талқылау барысында дамиды. Математиканы түсініксіз әрі күрделі деп санайтын балалар аз емес. Ал «Qalan» платформасы – осы мәселені шешуге бағытталған жоба. Мұнда есептер ойын форматында беріледі, деңгейден деңгейге өту арқылы бала қызығушылығын жоғалтпайды. Кішкентай балаларға түсті ажырату, сәйкестендіру, қарапайым ребустар секілді логикалық ойындар жасалған. Мұндай қосымшалар зейінді, есте сақтауды дамытады.
Үшінші бағыт – бағдарламалау және цифрлық ойлау. Бағдарламалау логиканы дамытады. Жақсы қосымша баланы «батырма басушы» емес, мәселені шешуші ретінде тәрбиелей алады. Осы мақсатта отандық «CodiPlay» қосымшасы жасалған. Онда балалар «Scratch» және блоктық кодтау арқылы бағдарламалаудың негізін үйрене алады.
Сондай-ақ «Менің Қазақстаным», «Жеті қазына» секілді қосымшалар арқылы балалар ел тарихы, мәдениеті, ұлттық құндылықтар туралы мәлімет алады.
Алайда «дамытушы» деген атау автоматты түрде қауіпсіз дегенді білдірмейтінін ескеру қажет. Егер бала күні бойы телефонда отырса, қандай қосымша болса да, ол дамытудан гөрі тежейді. Сондықтан цифрлық өнім – уақытпен, мақсатпен қолданылғанда ғана пайдалы.