Қоғам • Кеше

Бекзат болмысы құрметке лайық

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, жазушы Әлібек Асқардың 75 жасқа толу мерейтойына арналған «Әлібек Асқардың шығар­машылығындағы Алтай бейнесі және адам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бекзат болмысы құрметке лайық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Іс-шараны Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының
докторы, профессор Сауытбек Абдрах­манов жүргізіп, конференция барысында Әлібек Асқар шығармашылығының қазіргі әдеби үдерістегі орнын көр­сету, жазушының тақырыптық, көр­­кемдік, эстетикалық нысаналарын оқырманға таныту басты назарда бола­тынын жеткізіп, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқу үшін алғашқы сөзді Президент кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омарұлына берді. Ғалым-қаламгер Мемлекет басшысының ықыласты лебізін жеткізгеннен кейін Әлібек Асқар туралы қызықты есте­ліктерімен бөлісіп, Алтайдан шыққан жазушылар сөзбен сурет салуға келгенде ешкімге есе жібермейтінін, көзін аша сала Мұзтау сынды көкке шаншылған ақ сүңгілі көркемдікті көріп өскен Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбай, Марат Қабанбай, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқар, Нұрдәулет Ақыш, Әлібек Қаңтарбаев, Талаптан Ахмет­жан, Асқар Алтай, Анатолий Иванов сынды қаламгерлер прозадағы портрет пен пейзаждың шеберлері екенін, солардың арасында Әлібек Асқар өр Алтайды қаламмен де, қылқаламмен де жырлағанын айта келіп, жазушының суретшілік өнеріне ерекше тоқталды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция басында мерейтой иесіне деген Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебізін сенатор Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың ықыласты сөзін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сәлемін ақын Қалқаман Сарин, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет жеткізіп, қаламгердің иығына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек атынан шапан жабылды. Сондай-ақ Саха Рес­публикасы (Якутия) Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, публицист Валерий Луковцев, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор, жазушы Ілия Жақанов, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Баба­жанұлы, жазушы журналист Әлібек Қаңтарбаев сынды азаматтар сөз сөйлеп, Әлібек Асқардың қазақ әдебиетіндегі орнына, мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі ұшан-теңіз еңбегіне тоқталды. Мәселен, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов: «Әлібек Асқардың Астанада алғаш көшкен Ақпарат министрлігінің жұмысын жолға қою, баспа ісін ұйымдастыру бағытындағы еңбегін ерекше атап өтуге болады. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының атқарған жұмыстарында да Әлекеңнің өз қолтаңбасы бар деп ойлаймын. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған істердің басында Әлібек Асылбайұлы тұрғаны белгілі. Соның ішінде қазақ фольклорының 100 томдығы – «Бабалар сөзі» секілді әлемге мақтанышпен айта алатын үлкен жобалар бар. Бұл еңбектердің жарық көруіне Әлекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті зор ықпал етті. Тіл саласында да Әлекеңнің үлкен қолтаңбасы бар. Әсіресе 34 томдық терминологиялық сөздікті шығару аса күрделі, ауыр жұмыс болды. Оны кім басады, қаржысын қайдан табамыз, қалай ұйым­дастырамыз деген мәселенің бәрін Әле­­кең шешіп, әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған 25 томдық жинағын шы­ғару ісін де өзі тікелей ұйымдастырды», деді.

Осындай ресми құттықтаулардан соң халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның баяндамаларына кезек беріліп, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Ұлт мұраты және қаламгер парызы» тақырыбында сөз сөйледі. «Біз Әлібек Асылбайұлын қадірлейміз, бағалаймыз. Оның елеулі азаматтығы мен биік мәдениеті, кәсіби біліктілігі мен парасаты, зиялы ұстанымы мен бекзат дипломатиясы – бәрі де құрметке лайық. Әлекеңнің қызмет жолына үңілсеңіз де, шығармашылық белесіне көз салсаңыз да, ел мұратын терең сезіну мен қаламгерлік парызды қатар алып жүргенін көресіз. «70–80 жылдары Әлібек Асқар есімі «Білім және еңбек» журналы арқылы алыстағы ауылдарға ай сайын жетіп, жадымызда жатталды. Бұл басылым бізді ізденіске жетеледі, қазақ әлемінің терең сырлары бірте-бірте ашылатынына сендірді. Талай буынның бойында ұлт мұраты мен елдік қызмет осылайша баспасөздің күшімен қалыптасты деп ойлаймыз», деді өз сөзінде.

Сонымен қатар Дихан Қамзабекұлы елордамыз Астанаға көшіп, орныға баста-
ған жылдары Әлібек Асқардың министрлік­тің Мемлекеттік баспа бағдарламаларын қалыптастыру департаментінің, кейін атау­ы өзгерген Баспа және баспахана істері департаментінің директоры болғанын, рухани тұрғыдан қаншама елдік жобаларды жүзеге асырғанын, жас таланттарды қолдап, орта және аға буынның еңсесін көтеріп, ғалымдарды жігерлендіргенін, осылай ұлт мұратына адал қызметі еткенін әңгімеледі.

Сонымен қатар іс-шара аясында Түркияның Эге университеті Түркі дүние­сін зерттеу институтының профессоры Метин Екижи «Әлібек Асқардың «Мона Лизаның портреті» атты проза жинағындағы кейіпкерлер жүйесі», тағы да Түркияның Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез «Әлібек Асқардың Мұзтаудан қазақ еліне, қазақ жеріне қарауы», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Әлібек Асқар шығармаларындағы юморлық ұстаным мен мистикалық сарын», Ресей Жазушылар одағының мүшесі, кинорежиссер Әсел Омар «Эпифании и поэтика прозрения в прозе Алибека Аскарова», С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Бердібек Бияров «Әлібек Асқар шығармаларындағы жер-су атаулары» атты баяндамалар жасалды. Конференция қорытындысы бойынша мақалалар жинағы басылып шығатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар