Жекелеген сайыста Әдел Садақбаеваға тең келер ешкім табылмады. Бәсекені басынан аяғына дейін бір деммен өткізіп, еш қателік жібермеген Әдел барлық қарсыласын басып озып, алтыннан алқа тақты. Дәл сол «скитте» құрамында Әдел Садақбаева, Ольга Хайлова, Әсем Орынбай сынды сұлулары бар біздің команда бас жүлдені олжалады. Сол секілді «трапта» да бұрымдыларымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Команда сапында Элеонора Ибрагимова, Анастасия Прилепина, Нарқыз Сарманова өнер көрсетті.
Жарыс барысында отандастарымыз 3 алтыннан бөлек, 3 күміс, 3 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады. Екінші, үшінші орындарда – Қатар (3+3+0), Кувейт (2+2+0). Үздік бестікті Тайпей (1+1+0) мен Пәкістан (1+0+0) түйіндеді.