Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы былтыр еліміз рейтингтің сегізінші сатысына жайғасқанын мәлімдеген еді. Үкіметтің баспасөз өкілдері былтырғы 10 айда тазартылған майдың экспорты 122%-ға өсіп, 132 мың тоннадан асқанын хабарлаған. Енді 2026 жылдан бастап жыл сайын 370 мың тонна май өндіретін төрт ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарда бар. Ал 2028 жылға қарай май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруға ниеттіміз. Осы межеге жету үшін экспортты қолдаудың жекелеген шаралары жүйелі салалық басқару моделіне көшірілмек. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, шикізат базасы өңдеуден бастап, нарыққа шыққанға дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға бағыт алды.
Астанада өткен экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың алғашқы отырысында вице-министр Айдар Әбілдабеков агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер қарастырылып, отандық өндірушілер тап болып отырған кедергілерді жою басты назарға алынғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Экспорттық штабтың қызметі былтыр сапалық тұрғыдан жаңа форматқа көшкен. Бұрын талқылаулар жекелеген проблемалар аясында өрбісе, енді оның тақырыбы ауқымды мәселелерді қамтиды. Соның нәтижесінде жүйелі шешімдер қабылдана бастаған. «Жұмыстың нақты көрсеткіші ретінде 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортын дамыту жөніндегі жол картасын атап өтуге болады. Құжатты әзірлеу кезінде еліміздің солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдарды өсірумен, өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорынға кешенді диагностика жүргізілді. Бұған мемлекеттік және жекеменшік сектордан 50-ден астам өкіл тартылып, үш бейінді министрлік бірге жұмыс істеді. Сараптама жүргізуге Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығының әлемдік әдіснамасы қолданылды», дейді вице-министр.
Жол картасында саланы дамытуға арналған нақты көрсеткіштер айқындалған. Соның ішінде өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыру, экспорт географиясын кеңейту, елімізді 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің біріне айналдыру мақсаттары атап көрсетілген.
Министрлік ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір бағыттарды кеңейтуді көздеп отыр. Айталық, әлемдік нарықтағы ең маңызды бұршақ дақылдарының бірі – жасымық өңдеуге ден қоймақ. Өйткені бұл дақыл түрі климаттық құбылмалдылыққа төзімді, нарықта сұранысы жоғары өнім.
Ведомство өкілдері шикізаттық емес экспортқа кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге де көңіл бөліп отырғанын айтады. Теміржол көлігімен өнімдерді кедергісіз тасымалдау, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдерін оңтайландыру, отандық компанияларды Қытай Халық Республикасының тізілімдеріне енгізу сынды мәселелер өзекті тұр.
«Отандық май өңдеу зауыттарын Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өндірушілері тізіліміне жедел енгізіп, карантиндік рәсімдерді оңайлату қажет. Бұл шаралар шығындарды азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», дейді Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының өкілі Ядыкар Ибрагимов.