Медицина • 28 Қаңтар, 2026

Сегізкөз стимуляторы жұлын кеселімен туған жасөспірімдерге салынды

11 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы №2 балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері туабітті жұлын ақауы бар пациенттерге күрделі операция жасап, жаңа хирургиялық әдісті емдеу тәжірибесіне сәтті енгізді.

Сегізкөз стимуляторы жұлын кеселімен туған жасөспірімдерге салынды

Мегаполистегі ба­ла­лар ауру­хана­сының нейро­хирург­тері қы­тайлық білікті ма­ман­ның қатысуымен алғаш рет жамбас мүшелері қыз­ме­тінің бұзылуы бар 15, 17 жас­тағы екі жасөспірімге жоғары технологиялық операция жасады. Бұл пациенттер өмірге жұлынның туабітті ақауы – «spina bifida» диагнозымен келген. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының дерек­те­ріне сүйенсек, аталған патология жаңа туған әрбір мың нәрес­тенің бір-екеуінде ғана кез­деседі екен.

Аурухана директоры Марат Рабандияровтың ай­туын­­ша, мұндай ауыр диагноз нау­қастың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда, аяқ бұлшық еттері әлсізденіп, жүктеме түскенде ауырсыну пайда болады, ең қиыны – кіші, үлкен дәретті ұстау функциялары бұзылады.

Мұндай жағдайда балалар қатарластары секілді еркін қозғалып, спортпен шұғылдана алмайды. Бұл физикалық шектеумен қоса, жасөспірімдерді әлеу­меттік, психологиялық тұр­­ғыдан оқшау­лап, күйзеліске ұшы­­ра­та­тыны белгілі. Кон­­сер­вативті ем-дом күткен нә­ти­­жені бермейтіндіктен, зама­­науи медицина сакральды ней­ростимуляция орнатуға, яғни мәселені хирургиялық жол­мен шешуге басымдық бере­ді.

Күрделі операция бары­сын­да аурухананың білікті ней­ро­хирургтері Данияр Сәб­­деналиев, Азамат Жайыл­ғанов, Роза Танцарова, анес­тезиолог Жандос Шолақов қытайлық профессор Гуань Юйнхуэймен тізе қоса отырып, науқастардың сегізкөзіне стимуляторды сәтті орнатты. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл құрылғы сегізкөз каналдарына электрлік импульс беру арқылы ауырсынуды басып, органдардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.

Науқастарды іріктеу, стимуляторды баптау жұмыс­тарын жүргізген невропатолог-нейрофизиолог Гүлнұр Қасенова операциядан кейін пациенттердің денсаулығында оң динамика байқалып, зәр шы­ғару қызметінің жақсар­ғанын атап өтті.

Әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолда­ны­латын озық әдістің Алма­ты­дағы ірі бала­лар аурухана­сында қолға алынуы – отандық ден­саулық сақтау сала­­сын­дағы елеулі оқиға. Бұл бас­тама хи­рургиялық көмекке мұқ­таж талай балдырғанның толық­қан­­ды өмірге оралуына жол аша­ды.

Айта кетейік, жоғары тех­но­­логиялық операциялар мін­детті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесі ая­сын­да тегін жасалды. Жал­пы, еліміз­дегі барлық бала мемлекет тара­пынан сақтан­ды­рылған санат­қа жатады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар