Әдебиет • Бүгін, 08:20

Қыраудай қатқан қара өлең

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кешегі аязда күнестеп отырған бір топ кептерді телефоныма «басып» қалдым. Кәдімгі қалалық кептерлер. Далада жүре ме олар, білмеймін. Суретке тартқандағы себебім, сөз өліп барады. Қазір күнестеп отыр деп ешкім айта қоймайды, арагідік ел арасында болмаса. Төл әдебиетіміз тұрғанда, біржола ұмытылып кетпесі де анық қой. Жыраулар поэзиясынан бері қайырғанда, ескі авторлардың шығармасында ғана кездеседі. Негізгі табан тіреген нәрсеміз бұл сөз де емес-ау. Сөз өлгені сол тақілеттес сезім, қимыл құрдымға кеткенмен бір.

Қыраудай қатқан қара өлең

Суретті түсірген – автор

Осы сөзге байланысты әрекет те жоққа тән. Үйдің, қораның ықтығында күнестеп отыруға кімнің уақыты бар дейсіз? Уақыты болса да шуақ пен мейірімге зәру емес сияқты бүгінгі адамзат. Күнестеп, «ата-анадай елжіреп» отыратын уақытты аталарымыз буып-түйіп өздерімен бірге алып кеткендей. Бүгінгілер бұлай топтана қалса да күншуақтап отыруға бейіл ме деген сұрақ туады. Өйтсе де жөн сұраса ма, білмеймін. Өзді өзі телефонға телміріп кетеді-ау.

Ал мына қалалық құстарды күннің көзіне үймелетіп қойған, Абайша айтқанда «басқан жері сықырлап келіп қалған» аяз. «Соқыр, мылқау, тірі жанды танымайтын» үскірік кеудесінде жаны бардың үсетінін не қылсын? Қарып барады. Қалалық кептерлер ықтасында күнестеп, бір-біріне тығылмағанда қайтсін? Мұндайда кеудесі лүпілдеген тіршілік иесіне жаны олжа. Құс екеш құстың өзі осылай бір-біріне тығылады. Туабітті түйсігінен. Күнестеп, бір-біріне тығылып отырса тоңбайды. Бір ғажабы, бір-біріне тығылған сайын жаратылыс иесінің мейірімі оянады. Сырттағы аяздан қорғануға да әуелі іштей табыспақ керек. Құс екеш құстың өзі осылай бір-бірін бауырға басып жатқанда, қарға тамырлы қазақ неге қарап қалсын? Ойлануға тұрарлық. Қазақтың жаны – ана тілі емес пе? Ана тілі деген сөз емес пе? Сөзі өлген жұрттың өзі өледі. Жоғарыда айтқан сөздер ұмытыла бастаса, қауырсындары біртіндеп жұлынған құстай қанатсыз қалмай ма дегендей ой туады. Құстар жан сақтау мақсатында осылай топтанып әрекет етсе, адамдар құндылықтары мен қасиеттері, оны сақтайтын тілі мен әдебиетіне бола өмір сүреді. Бүтін бір ұлттың қасиеті «ата-анадай елжіреген» жалғыз ауыз сөзде тұруы мүмкін.

«Дем алысы – үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды» дегенде қыс суретімен бірге қазақ өмірі қылаң бермей ме? Кеше елдің көбі күн аяз деп қояды, шын мәнінде аяз өз алдына, жел қарыған үскірік еді. Сықырлаған аязды жел көтергенде, үскірікке айналады. Ептеген жел тұрса жеткілікті, шыңылтыр аяздың өзі үскіріп шыға келеді. «Дем алысы – үскірік» деп қалай дәл суреттеген Абай? Ал тынық күні сақылдаған сары аяз ептеп беттен шымшиды да қояды. Буырқанып жұмыс істеген кісіге білінбейді де. Әрине, тұрған адам жылы күні де тоңып қалады.

Қазақ кәрі құдасы келгенде әбігерге түсерін айқындайды ақын. Сары сүйек құда деп те атайтын. «Құда мыңжылдық» дегеніне қарағанда, сүйек алып, сүйек берісті ме, бұзуға болмайтын мыңжылдық серт сол. Алты айда бір соғатын, соғып қана кетпей, алты ай жатып алса да бәйек болып күтуге тура келетін кәрі құданы құр аттандыру тағы жоқ. Абай «Қыс» соңында «құр жібер мына антұрған кәрі шалды» деуші еді ғой. Малды жұтатпай, қыстың қанжығасын бос жібер дегені емес пе? Ал кәрі құдаң келіп алты ай қыс жатса да, бос аттандыру жораға жүрмейді. Жорғасын баптап, саулығын сақтап күтіп қана қоймай, жетектетіп не айдатып жіберуге тиіс үй иесі.

Ал Жұмекен Нәжімеденов болса, «Аяз жеңгем» деп терезеге түскен қыраудай өрнектейді өлеңін. Қазіргі заманауи шыныларға қырау қатпайтын сияқты. Бұрын ауылда ұйқыдан тұра сала терезедегі қырауға көзіміз түсетін. Кеше аялдамада жасанды кірпігіне қырау қатқандарды көргенде, аяздың өнері сонда еске түсті. Аялдамадағы шыныларда жоқ ондай өрнек пен сурет.

«Бұрынғыдай иығыңды керме!» – деп,

өн бойыма ызғар шықты өрмелеп:

кешке жақын жанай өтіп көрме деп,

боз қырау тұр қыз әйнегін перделеп...» дейді Жұмекен ақын. Сол боз қырау қыз тұратын бөлменің әйнегін перделемей қалғалы қашан? Есесіне телефон арқылы табысады. Суреттерін әлеуметтік желіден аңдайды қазір. Әңгіме онда емес. Әңгіме ақынның сөзбен салған суретінде. Сол уақытты қаз-қалпында бейнелеп, сезімдерді де өлтірмей алып шығуында емес пе? Абайдың «Қысы» көшпелі дала қазағының өмірінен сыр шертсе, Жұмекеннің «Аяз жеңгем» өлеңінен отырықшы қазақ ауылының қарапайым өмірі бұрқ еткендей әсерге бөлейді. Кездескеннен басқа байланыс түрі жоқ, кешкілік қыз бөлмесінің терезесін қарауылдағаннан басқа амалы қалмаған бозбаланың сезімін бұдан асырып жеткізгендер бар ма, білмеймін. Оған ата-анасы, ағасы, туған-туыстары тұрмақ, жеңгесі мен терезеге қырау салған аяздың өзі бөгет болса, дүние не болды? Аңсары үдеп, арманы ұлғаяды, сағыныштың құшағына қамала түседі жігіт жаны. Өне бойы аяздан бір шымырласа, әлгіндей сезімдер рухын шыңдай түсеріне дау жоқ. Баяғының ақындары сыршылдау, тілге бай, әсерлірек келетіні сондықтан шығар. Қолы жетер-жетпес, жаны шығар-шықпас... жүрегі лүпілдейді де жүреді ғой. Аяулы бейнесін алыстан көріп шырамытып қалғанының өзі қаншама сезімдерін қозғап кетеді. Ондай болған соң өмірі де, қолы жеткен арманы да құнды.

«Аяз-жеңгем қориды сол қызды анық,

Өзім түгіл, көзімнен құр қызғанып;

Күйеуі бар – ұмытқан ғой құдайды –

Құлағымды жазықсыз

Қызартқанша бұрайды...» деп тастай салады. Небәрі үш-ақ шумақ өлең аязды, қысты, даланың қары мен мұзын, қазақ өміріндегі, қыз алдындағы жауапкершілік пен нәзік қарым-қатынасты сипаттай келе, ащы шындықпен аяқталады. Өлеңде драма бар. Қыстың қырауы мен қыздың әлегі өмірдің бұрауымен көмкеріліп тұр.

Алған әсер, жанған сезім сөз тудырып, ой қозғайды. Бастысы, ішімізге қырау қатпасын. Жанымыз жаурағанда, күнестеген кептерлердей жылу сыйлай білейік бір-бірімізге. Бәлкім олар да сағынатын болар... 

Соңғы жаңалықтар