Басқосудың басты мақсаты – адалдық мәдениетін қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ортақ әрі тиімді тәсілдерді айқындау. Талқылауға Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, академиялық қауымдастық, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ағартушылық жұмысты күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру – агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі. Заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілердің қатаңдығына қарамастан, қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністері әлі де кездесіп отыр. Бұл жағдай жемқорлықпен күресте тек құқықтық тетіктермен шектелу жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан оның алдын алудың тиімді жолы ретінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті орнықтыру мәселесі айрықша маңызға ие болып отыр. Халықаралық тәжірибелерде, мұндай мәдениетті қалыптастыру жүйелі әрі кешенді жұмысты талап етеді. Осы орайда Агенттік қоғам өкілдерін, заңгерлерді, сарапшылар мен азаматтық қоғам институттарын бір алаңға жинап, тақырып төңірегінде ой алмасып, бірлесе талқылауды маңызды деп санайды. Мұндай пікірталас алаңы ағартушылық жұмыстың нақты мақсатын айқындауға, қолданыстағы механизмдерді жетілдіруге және оларды тиімді іске асыру жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.
Сарапшылар адалдық құндылықтарын ерте жастан бастап қалыптастыру, білім жүйесінде парасаттылық қағидаттарын кеңінен енгізу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтты.
– Мәдениет адамның бойындағы тәрбиеден, мінез-құлқынан және әлеуметтік ортасынан қалыптасады. Мемлекет басшысы атап өткендей, адалдық пен әділдік қағидаттары отбасы, мектеп, студенттік орта сынды адам болмысы қалыптасатын әр кезеңде тұрақты түрде дәріптелуге тиіс. Қарапайым ұрандармен немесе бір реттік насихатпен бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Адалдық мәдениеті мен мемлекетшілдік идеясы азаматтың бойына ерте жастан сіңуі қажет. Осы бағытта әр министрлік өз міндеттері аясында белсенді түрде атсалысуы маңызды. Сонымен қатар мемлекеттің саясатын, ұстанымын, Президент айқындаған негізгі қағидаттарды халыққа кеңінен түсіндіру үшін арнайы ақпараттық топтар құрылғаны жөн. Олар шалғайдағы аймақтарға барып, жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізеді. Әрине, әлеуметтік желі, БАҚ өкілдері бар. Десек те ел ортасына барып, бетпе-бет ашық әңгімелерді айту бөлек дүние. Мұндай жүйелі және кешенді тәсіл қоғамдағы адалдық пен әділдік қағидаттарының орнығуына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді, – деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.
Жиында «Қоғамдық пікір» институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері жарияланды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстың азаматтардың құқықтық санасының артуына ықпал етіп, қоғамдық бағалауларда оң өзгерістерге әкелгені айтылды.
Мәселен, халық арасында жемқорлықты қабылдау деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 32,9%-дан 31,9%-ға дейін төмендеген. Ал қылмыстық қудалауға тартылған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2023–2024 жылдардағы 0,4%-дан өткен жылдың қорытындысы бойынша 0,3%-ға дейін қысқарды.
Бұл мәселеде ақпараттық-ағарту жұмысы мен азаматтық қоғамның парасаттылықты, моральдық-әдеп бағдарларды, сондай-ақ рухани құндылықтарды ілгерілетуге қатысу дәрежесі маңызды рөл атқарған.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыру білім ордаларынан бастап, отбасылық және қоғамдық кеңістікті дәйекті түрде қамтитын жүйелі және ұзақмерзімді сипатта болуға тиіс деген тұжырым жасады. Өйткені тек бүкіл қоғамның белсенді қатысуымен ғана тұрақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға болады.