Сурет: gazeta.uz
Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыреті енді жоғары өкілді орган депутаттарына берілмек. «Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам», деді Президент. Бұл өзгерістерден Парламенттің беделі көтеріліп, оның билігі артады деп ойлаймын. Халық қалаулылары осы мүмкіндікті пайдаланып, Жоғарғы сот судьяларының әділетті жақтап, халық пен мемлекет мүддесі жолында жанашыр үкімге жүгінетін болар деген үміттемін.
Алдағы уақытта саяси партиялардың белсенділігі күшейеді. Өйткені енді Парламентке депутаттар партиялық тізіммен сайланады. Енді мажоритарлық жүйе мәслихат депутаттарын сайлағанда ғана сақталатын болыпты. Осыған байланысты Президент: «Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным», деді.
Президенттің Парламенттегі квотасын алып тастау туралы пікірі де маған ұнады. Шын мәнінде, Парламентте «таңдаулы тұлғалардың» болғаны кімге керек. Барлық депутаттардың құқы мен қақы бірдей болуы қажет. Мемлекет басшысы бұл туралы: «Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс», деді.
Парламенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасының алып тасталатындығы да маған ұнады. Өйткені осының өзі халық арасында түсініспеушілік тудыратын. Жұрттың бәрі бір сайлаушылардың қалауымен сайланса, Ассамблеяның квотасына енген депутаттар екінші дауыс беру арқылы, ҚХА мүшелерінің ғана қалауымен сайланатын еді. Енді әділеттілік орнайды.
Әсия БЕКТҰРҒАНОВА,
доцент