Ольга Целлердің зергерлік өнермен айналысып келе жатқанына 10 жылдан асты. Қара алтынмен зергерлік бұйым жасап жүргеніне жеті жылдың айналасы болыпты. Мұнысы алтынқол шебердің айтуынша, шығармашылығын айшықтап тұратын көрінеді.
– Алғашқы бұйымдарым өте нәзік болды, тағуға жарамайтын, тез сынып кететін. Оның үстіне түсі киімге жұғып, былғайтын. Кейін тәжірибе арқылы тұрақтандыру тәсілін меңгердім. Қазір әшекейлерім қауіпсіз әрі берік. Бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Үгітіліп тұратын көмірді тұрақтандыруға екі апта уақыт кетеді. Арнайы шайыр арқылы өңделген қара тас берік болып, қолға да, киімге де зиян келтірмейді. Көмірдің әр түрін сынап көрдім. Ең сапалысы – антрацит. Негізі түрлі материалдармен тәжірибе жасағанды ұнатамын. Ағаш, тері, тіпті эпоксидті шайырды да қолданамын. Көмірдің ішінде антрацит ең берік түрі. Дегенмен оны табу қиын. Қазір көмір тасушылардың бәрі мені танып алған. Үйіме көмір алсам міндетті түрде 1 шелек ерекше түрлерін жинап әкеліп береді, – дейді зергер.
Ольганың бірталай шәкірті бар. Солардың бірі – Наталия Старостина. Ол әуелі дизайнердің әлеуметтік желідегі жұмыстарын бақылап, кейін әшекей сатып алыпты. Уақыт өте келе қызығушылығы артып, шеберлік сағатына арнайы қатысқан. Қазір өзі де түрлі бұйымдар жасап, сатады.
– Ольга – мықты дизайнер. Жұмыстары өзгеше. Әшекейлерін тағып көргеннен кейін, сән әлемінде өзімді де байқағым келді. Қазір бұйымдар жасап, сата бастадым. Көбіне гүлді бұйымдар жасағанды ұнатамын, – дейді Наталия Старостина.
Ольганың еңбегі бірнеше отандық байқауда жоғары бағаланып, түрлі көрмелер мен арт-жәрмеңкелерге ұсынылды. Былтыр қыркүйек айында оның бренді Милан сән апталығында таныстырылды. Дизайнер көрсетілімге кәсіби модельдерді емес, өз құрбыларын ертіп баруды жөн көрген. Осылайша, подиумда 14 әйел өнер көрсетіп, дизайнердің еңбегін елге таныстырды.
Алдағы уақытта дизайнер әшекейлер түрін көбейтіп, отандық дизайнды халықаралық деңгейде насихаттауды ойластырып отыр.
Қарағанды облысы