Осы тұрғыда елорданың інжу-маржаны саналатын «Астана Опера» театры – заманауи технологиялар мен классикалық өнердің үйлесім тапқан жарқын үлгісі. Театр директорының орынбасары Виктор Караре сахна сыртындағы көзге көрінбейтін, алайда орасан ауқымды технологиялық өзгерістер жөнінде әңгімелеп берді. Бүгінде «Астана Операда» жарық партитурасынан бастап бейне-контент, дыбыс режиссурасы, реквизит пен костюмерлік цехтардың жұмысына дейін түгелдей цифрлық жүйеге көшірілген.
«Мұның барлығы сахнаның орталық компьютерінде сақталып, сол арқылы басқарылады.Соның арқасында көріністері мен актілері жиі ауысатын күрделі спектакльдерді мінсіз деңгейде өткізуге мүмкіндік бар. Бұл – біртұтас, нақты ұйымдастырылған үлкен механизм», дейді Виктор Караре.
Цифрландыру тек сахнамен шектелмейді. Ол инженерлік желілерді де қамтып, көрермен залының жайлы температурасын автоматты түрде реттеп отырады. Декорацияны монтаждау, дайындық барысы, қойылым күнтізбесі мен логистика – барлығы кешенді ақпараттық жүйе арқылы үйлестіріледі.
Арнайы эффектілер де жаңа сипатқа ие болды. Бұрын сахнадағы өрт немесе алау әсері желмен желбіреген қызғылт-сары матамен бейнеленсе, бүгінде бұл міндетті күрделі цифрлық жүйелер атқарады. Түтін мен пиротехникалық эффектілер сахнадан елу метр қашықта орналасқан пульт арқылы іске қосылады. Бұл ең алдымен қауіпсіздік пен дәлдікті қамтамасыз етеді.
Мұндай технологиялар алғаш қолданылған спектакльдердің бірі – Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті. Қазір театрдың техникалық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейіп, 3D-проекциялар, фронталды бейне мэппинг, LED-экрандар, күрделі көтергіш механизмдер мен пневматикалық жүйелер іске қосылған. Мұның барлығы цифрлық басқару арқылы жүзеге асады. Ал заманауи технологиялар кеңінен қолданылатын қойылымдардың бірі – «Тұрандот» операсы. Онда көрермендер шынайы жауын астында қалған сахнаны, ханшайым Тұрандоттың жер астынан пайда болуын, әртістердің айдаһар басынан шыға келетін әсерлі сәттерін тамашалай алады.
«Цифрлық технологиялар көрермен көретін дүниені ғана емес, шымылдықтың ар жағындағы ауқымды жұмысты да түбегейлі өзгертті. Олар әр бөлімшенің жұмысын нақты жоспарлап, үйлестіруге мүмкіндік береді. Қарқынды репертуармен жұмыс істейтін театр үшін бұл – аса маңызды», деп сөзін жалғады Виктор Караре.
Оның айтуынша, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты істермен көрініс тауып келеді. Бұрын сценографиялық жобалар қағазға түсірілсе, бүгінде олардың барлығы электронды форматқа көшкен.
«Астана Операдағы» цифрлық технологиялар – күнделікті техникалық жұмысты өз мойнына алып, шығармашылыққа кеңістік ашатын құрал. Олар театрға уақытпен бірге қадам басып, ауқымды әрі әсерлі спектакльдер жасауға жол ашады», деп сөзін түйіндеді директордың орынбасары.
Классикалық өнер мен цифрлық дәуірдің тоғысқан сәтін көргісі келген көрермен «Астана Опера» сахнасында 4 ақпанда өтетін «Бақшасарай бұрқағы» спектаклін тамашалап, театр ғажайыбының куәсі бола алады.