26 Маусым, 2015

Халқына қызмет етудің үлгісі

451 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жанғабыл ҚабақбаевШапқан аттай жүйрік уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалады екенсің. 2015 жылдың қақпасын ашқанымыз күні кеше ғана сияқты еді, міне, алғашқы тоқсанын кейінге қалдырдық. Төрткіл дүниенің әр қиырында алуан оқиғалар өршіп, адамзатты алаңдатып отырғаны және рас. Біздің бәрімізге ыстық жерұйығымыз – Қазақстан болса, егемендік алған сәттен бергі қалыпты тірлігін бұзбай келешекке сенімді қадам басып барады. Кешегі кеңестік қоғам тұсында оқып, қызмет­ке араласқан, санада «Үкімет өлтір­­мейді» деген қасаң қағида орнық­қан буын өкіл­деріне тәуелсіздіктің бастап­қы жылда­рындағы нарықтық экономика екпіні жайсыздау тиіп, көңілде күмән-күдіктер ұялатқанын несіне жасырамыз. Осындайда ойға ата-бабадан жеткен «Жігіттің кім екенін білгің келсе, қолына билік бер. Ол өткір ұстара тәрізді, ұстай алмаса өз қолын өзі тіліп түседі» деген тамаша тәмсіл оралады. Халықтың таңдауы өзіне түскенде ауыр жауапкершілікті мойнына алғанын Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақсы түсінді. Ауылда туып-өсіп, қаршадайынан еңбекте шыныққан, мың градустық ыстықтағы домна пешінің түбінде металл қорытушылық кәсіпте жетілген ол өзіне жүктелген қызмет сатыларында әбден төселді. Ең бастысы – ұдайы оқумен, ізденумен жүріп, халыққа қызмет етуді өмірлік мұрат қылды. Бас-аяғы ширек ғасырға жетпейтін қысқа мерзімде Қазақстанды әлемге танытты, өзі де саяси сахнадағы ең таңдаулы тұлғалар шоғырынан көрінді. Шынын айтайық, қытайлардың «Мықты болсаң, екі қоғам алмасқан кезеңде өмір сүр» деген қағидасының дұрыстығын отандастарымыз айқын аңғарған болатын. Социализм тұсындағы жоспарлы жүйе сөгіліп, өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығында да құрылымдар ыдыраған шақта Елбасы ұстамды қалпын жоғалтпай әлемдегі дамыған елдер тәжірибесіне ден қойды. Ресми делегациялар құрамында іскер топтар өкілдері, кәсіпкерлік құпияларын меңгере бастаған сауатты, ізденуге құмар жастар болуы нәтижесінде сәтті бағдарламалар жүзеге асырыла бастады. Ел астанасының Алатау бөктерінен Сарыарқаның сайын даласындағы Ақмолаға көшірілуі де – Назарбаевтың батыл әрекеті. Сол тұста экономикада белең алған дағдарыс салдарынан жалақының айлар бойы қолға тимегені рас. Жұмыссыздық адамдардың базарда ала дорба арқалауына әкеліп соқтырды. Президентіміз осының бәрін көре тұра тәуекелге бел буды. Уақыт бұл шешімнің дұрыстығына көз жеткізді. Астана атауын алған шаһар қысқа мерзімде ғажайып құрылыстарымен, сәулет өнерінің озық үлгілерімен әлемге танылды. Әр қиырдан халықтың үлкен ықыласпен қоныстануы нәтижесінде қала тұрғындарының саны миллионға жуықтады. Адамзат тірлігіне қатысты мәселелерді қозғаған форумдар мен басқосулар қонақтары Қазақ елінің бейбітшілік сүйгіш, қонақжай, адам жатырқамас сипатын Астана бедерінен көріп, мойындағаны – біз үшін мерей. ЭКСПО-2017 көрмелерінің қалашығы да Нұрсұлтан Әбішұлының алысты болжау қабілетіне дәлел. «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» деп аталатын Жолдауында Астана­дан еліміздің әр қиырына авто­көлік, теміржол және әуе қатынасы жүргі­зілетіні тұжырымдалды. Әлеуетті елге тән шынайы көрініс деп сүйсінеміз. Елбасының қай кезеңде қандай сәт­те бол­масын халық мүддесін жады­нан шығар­майтынына алуан мысал кел­тіру­ге болады. Мен кешегі кеңес­­тік дә­у­ір­дің соңғы жылдарында, ке­йін еге­мен­­­ді­гіміз жария­ланған алғаш­қы шақта Қарабұтақ ауданында редак­торлық қызмет атқардым. Әр­түр­лі жиналыс­тарға, шараларға қаты­су реті­мен екі жүз он шақырым қашықтықтағы облыс орталығына келеміз. Сонда қатты жамылғылы көтерме жол делінгенімен қиқы-шойқы шұқанақтар салдарынан әр тұста аялдап, алты-жеті сағатта әрең жете­тінбіз. Қазір ше?! Айнадай жарқы­раған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық көлік дәлізі сол Қарабұтақтың тұсымен бір жағында Ырғызға, екін­ші жағында Хромтауға бет ал­ған. Ақтөбеңе зулап отырып, екі сағат­та жетіп барасың. Оның бер жағында ауыл тұрғындары көгілдір отын игілігін көріп, от жағу машақатынан құтылды. Дәуірдің әдемі көрінісі – жаңа ғасыр басынан бері өңір үстімен «Хромтау – Алтынсарин» теміржолы өтіп жатыр. Аудан орталығы Комсомолдың тұсындағы болат магистральдың және «Ақтөбе – Астана» тас жолының екпі­ні­мен құрылыс кең қанат жайды, кәсіпкерлер жер телімін алып, халыққа қызмет ету нысандары үшін екі немесе үш қабатты ғимараттар салуда, жеке тұрғын үй салуға тілек білдірушілер қаншама?! Әңгімемізге тұздық ретінде мынан­дай дерек келтірген артық болмас. Өт­кен жылы облысымызда елді мекендерді газбен қамту нысандарына 6,2 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде Алға ауданының Маржанбұлақ, Бесқос­па, Қайыңдысай, Қобда ауданының Талдысай, Әлия, Бестау, Қобда, Қарғалы ауданының Степное, Бородиновка, Әйте­ке би ауданының Қарабұтақ, Байға­нин ауданының Қарауылкелді, Мәртөк ауданының Родниковка, Ақтөбе қаласы аума­ғында Өлке ауылдары газдандырыл­ды. Биыл Ақкемер, Қарақұдық ауылдарын табиғи газ желісіне қосу толық аяқ­талып, Ырғыз және Ойыл аудандарының орталықтарына, Мәртөк ауылының Жайсаң ауылына газ құбырын тарту жұмыстары жалғастырылады. Мұндай игілік кешегі Кеңес Одағы тұсында үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ еді. Облыстың оңтүстігінде Шалқар ау­да­ны Арал теңізінің экологиялық апат­ты аймағында орналасқан. Қысқа мерзімде төселген «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы өңірдің тұрпатына қан жүгірт­ті. Жаңадан салынған бекеттер мен стансаларда халық шоғырланып, өндірістік және әлеуметтік мекемелер ашылуда. Шалқар қаласынан өзге Бозой, Бегімбет, Аққайтым, Мырзағұл Шыман­ұлы, Жылтыр, Мөңке би, Қайдауыл, Қотыртас ауылдары көгілдір отын игі­лігін көріп отыр. Мейіржан Өндіргенов, Серік Әйтенов, Абай Ноғаев, Болатбай Елеусізов, Марат Ержанов сияқты кәсіп­кер азаматтардың туған ауыл түтінін түзу шығаруға деген ықылас-ынтасы айту­ға тұрарлық. Қалың жұртшылық бұл жағдайлардың бастауында Елбасы тұрғанын жақсы түсінеді. Президентіміздің тікелей қамқор­лығын тіршіліктің барлық саласынан көріп жүрміз. Өткен жылы облысымызда үш ауысымды оқытуды жою үшін жаңадан үш мектеп ғимараты пайда­лануға берілді, апатты жағдайда екі мектеп орнына типтік жобамен жаңа ғимарат салынды. Бұдан өзге елді мекендерде он дәрігерлік амбулатория тұрғындар игілігіне берілсе, денсаулық сақтау саласының 16 мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен бөлінген 375,7 миллион теңге қаржы толық игерілді. Мемлекет басшысының көрегендігі нәтижесінде «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты қаржылық дағ­дарысты еңсеруге мүмкіндік берді. Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Ел­басы дағдарысқа қарсы шара­лар ішін­де негізгі қадам бюджет шығындарын оңтайландыру болып табылатынына, бірақ мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелеріне тиіспеу керектігіне ерекше назар аударды. Кез келген ұлттың, кез келген тә­уел­­сіз мемлекеттің ең басты тірегі – тіл. Жасы­ратыны жоқ, егемендіктің ал­ғаш­қы кезеңінде биік мінбелерден көпірме сөздер ағытылды. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл сында да байсалды қалпы­нан ауытқымады. Мемлекеттік тіл сая­сатын кезең-кезеңмен жүргізуге бағыт­талған бағдарламалар ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты, өзара түсіністікті баянды етуге жол ашты. Кеңес Одағы тұсында біздің облыс орталығында бір ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 35-ке жетті. Қала бойынша мектептердегі барлық балалардың 82 пайызы қазақ мектептері мен аралас мектептердің қазақ сыныптарында оқиды. Облыстың және Мәртөк ауданының орталықтарында жұмыс істейтін Достық үйлері алуан ұлт өкілдері бас қосып, мәдени ша­ралар ұйымдастыратын орынға айналды. Биыл өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйреніп, меңгеруіне облыстық тілдерді дамыту басқармасы арқылы облыстық бюджеттен 6 миллион 797 мың теңгеден астам қаржы бөлінді. Этномәдени бірлестіктер жанын­дағы алты жексенбілік мектеп тыңдаушыларына мемлекеттік тілден және өз ұлтының ана тілінен дәрістер берілуде. Сөйтіп, Елбасының «Мәңгі­лік Ел. Мәңгілік тіл» ұстанымын жү­зеге асырудың берік негіздері қала­нып келеді. Халыққа қызмет етудің үлгісін көр­се­­­тетін маңызды құжат – «Нұр Отан»­ партия­сының XVI съезінде сөй­­леген сө­зін­де партия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев айқындап берген бес халықтық реформа. Артық еңбек ресурстарын ауылды жерлерге тарту, мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеу мәселелері, сөз жоқ, Елбасы көрегендігінің дәлелі. Тарих үшін мейлінше қысқа мер­зімде Отанымызда білімді, іскер, заманауи технологияны шебер меңгерген мемлекеттік басқару аппараты жасақ­талды. Қазақстан халқы ынтымақ пен ө­за­ра түсіністікті баянды етіп, ал­да­ғы асуларды алатынына шүбә жоқ. Осын­дай қол жеткен табыстарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал сая­саты мен көсемдік көрегендігінің ар­қасы екенін барша қазақстандық ай­қын сезініп отыр. Сондықтан елімізде өткі­зілген кезектен тыс президенттік сай­лауда Нұрсұлтан Назарбаев айқын басым­дықпен жеңіске жетті. Халқы өзі өмір­ге әкелген баянды бастамалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға се­нім артты. Ал елі үшін ерен еңбектің үлгі­сін көрсетіп, халқының қамын жеген бір­туар азаматтың бұған дейінгі жолы бола­шағымыздың бұдан да нұрлы болатынына дәйекті дәлел екені сөзсіз. Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары. АҚТӨБЕ.