Олимпиада • Кеше

Дүбірлі дода тарихынан

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Италия қысқы ойындарды өткізу құқығын осымен төртінші рет жеңіп алды. Сонау 1944 жылы VI Олимпиада Кортина-д’Ампеццода өтуге тиіс еді. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан ол кейінге шегерілді. Араға 12 жыл салып аламанның алауы дәл сол шаһарда тұтанды. 2006 жылы ғаламдық дода Туринде дүркіреп өтті.

Дүбірлі дода тарихынан
  • Алғашында Милан мен Кортина-д’Ампеццодан бөлек, Грац (Аустрия), Калгари (Канада), Саппоро (Жапония), Стокгольм (Швеция), Сьон (Швейцария), Эрзурум (Түркия) қалалары XXV қысқы Олимпиаданы қа­былдауға құлшыныс танытты. Бірақ уақыт оза олардың дені түрлі желеуді алға тартып, кандидатураларын қайтып алды. Кейбіреуі бәсекелестікке шыдамады. Финалда Милан, Кортина-д’Ампеццо мен Стокгольм қалды. Нәтижесінде, италиялықтар 47 дауыс жинаса, швециялықтар қарсыластарынан 13 дауыс кем алды.
  • Жарыстың бюджеті 1,7 миллиард еуроны құрады. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ұйымдастыру, операциялық шығындарды өтеуге 925 млн доллар бөлді. Бюджеттің негізгі бөлігін мемлекет, Ломбардия мен Венето аймағының қазынасынан, Еуропа одағының құрылымдық қорларынан түскен қаржы құрады. Сондай-ақ демеушілер тарапынан 400 млн еуро ауда­рылды. Басқа шығындарды трансляция жүргізу құқығы мен билеттерді сатудан, саудадан түскен қаражаттар өтейді.
  • Олимпия ойындарының ашылу салтанаты Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында (77 000 көрерменге есептелген) ұйымдастырылады. Бәсекелер Миландағы «Айс Хоккей Арена» (14 000), «Айс Скейтинг Арена» (10 000), «Ро Айс Хоккей Арена» (12 000), «Спид Скейтинг Стадиум» (6 000), Кортина-д’Ампеццодағы «Антерсельва Биатлон Арена» (19 000), «Керлинг Олимпик Стадиум» (3 500), «Тофане Элпайн Скиин Сентер» (1 000), «Слайдинг Сентер», Вальтеллинадағы «Ливиньо Сноу Парк», «Ливиньо Эриалс және Могулс Парк» (3 000), «Стельвио Ски Сентер» (7 000), Валь-ди-Фьеммедегі «Предаццо Ски Джампинг Стадиум», «Тезеро Кросс Кантри Скиин Стадиум», Веронадағы «Олимпик Аренада» өтеді. Жабылу рәсімі де Веронадағы «Олимпик Аренада» (12 000) болады.
  • Жарыста 92 мемлекеттің өкілдері күш сынасу құрметіне ие болды. Жарыс жолына 2 900 спортшы шығады. Олар спорттың 8 түрінен (16 санат) 116 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Үміткерлер биатлон, бобслей, скелетон, керлинг, коньки, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд, шана, ски-альпинизм, шайбалы хоккейден сайысқа түседі.
  • Бенин, Гвинея-Бисау, БАӘ Ақ Олимпиадаға тұңғыш рет қатысқалы отыр. Біраз жылға созылған үзілістен кейін Венесуэла, Кения, Сингапур, Уругвай, ОАР қатарға қайта қосылды. Ресей мен Беларусь бейтарап команда ретінде өнер көрсетеді.
  • Норвегия құрамасы Олим­пия ойындарының жалпы ко­мандалық есебінде ең көп көш бастаған команда ретінде тарихта қалды. Скандинавия түбегінің түлектері 10 рет теңдессіз деп танылды. Ресей (КСРО-ны қоса алғанда) 8 жарыстың жеңімпазы атанды. Германияның (ГДР-ды қоса алғанда) 4 мәрте мерейі үстем болды. АҚШ пен Канада бір-бір реттен дара шықты.
  • Марит Бьёргеннің есімі қысқы Олимпиадада ең көп олжаға кенелген спортшы ретінде шежіреге жазылды. 2002–2018 жылдар аралығында атой сал­ған Норвегия шаңғышысы 15 рет (8 алтын + 4 күміс + 3 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Оның отандасы биатлоншы Уле-Эйнар Бьёрндален (8+4+1) мен нидерландық конькиші Ирен Вюст 13 мәрте (6+5+2) дәл сондай құрметке бөленді. Норвегиялық шаңғышы Бьёрн Дели (8+4+0) мен италиялық шорт-трекші Арианна Фонтана (2+4+5) үздік бестікті түйіндеп тұр.
  • Ақ Олимпиадаға сегіз реттен қатысқан қос спортшы бар. Олар – Нориаки Касай мен Клаудия Пехштайн. 1992–2018 жылдары өнер көрсеткен жапондық шаңғымен тұғырдан секіруші 3 жүлде (0+2+1) иеленсе, 1992–2006, 2014–2022 жылдары жасын­дай жарқылдаған неміс конькишісі 9 медаль (5+2+2) олжалады.
Соңғы жаңалықтар