Әдебиет • Бүгін, 08:30

Ұлы поэманың бір беті

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұқағалидың жырлары туралы бізге дейін де мол жазылды. Қазақ аман тұрғанда Сүлейменнің ұлының шығармашылығы хақында толғанатындар келешекте де аз болмасы кәміл. Сол көп ізденуші Мұқаңның «сабағынан ерте үзілген қызыл гүлі» Майгүліне қатысты жазғандарына ерекше көңіл бөлгені дұрыс сынды.

Ұлы поэманың бір беті

Мұқағали жарық дүниенің дидарымен қоштасардан бір жарым ай бұрын, яғни 1976 жылдың 14 ақпанын­дағы күнделігіне: «Мені өз өлеңімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Біріктіріп қарағанда, ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар» деп жазып қалдырыпты. Яғни шайыр туындыларын бастан-аяқ біріктірсе, біртұтас үлкен поэмаға айналатынын меңзейді. Сол ұлы поэманы ширықтырып тұрған негізгі беттердің бірі Майгүлге арналған жазбалар дер едік. Өйткені Майгүл қыздың қазасынан кейінгі ақынның мұңы бұрынғысына мүлдем ұқсамайды.

...Түсімде қызым мені шақырады,

Өзеннің ар жағында отыр, әні...

Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,

Мен деген жер бетінің «ақымағы»...

Біздің пайымдауымызша, Мұқаң жер бетінің «ақымағы» болған жоқ. Өмірдің желі шайқап, сағағынан бір жапырақ үзіліп түскенде қайғы мен қасіреттің ащы дәмін татты. Сөйтті де, кеудесіндегі теңіздей толқыған шерін қағазға төкті. Мұны ақынның анасы Нағиман Батанқызының: «Кең жайлау­да өскен адамға ығы-жығы қалада күн кешу қайдан оңай болсын. Қысылып-ақ жүрдік. Мен де, келінім Лашын да, Мұқағалидың өзі де сыр бермедік. Сөйтіп жүргенде біздің шаңырақ аяқ астынан шайқалды. Мұқағалиымның Майгүл деген қызы жол апатынан жазым болды. Міне, осыдан бастап балам сеңдей бұзылды. Қатты күйзелді. Иығы түсіп, сылынып сала берді. Міне­зінде де өзгеріс пайда болды. Сөйтсем, не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ кетті. Сөйтіп жүріп толассыз жаза берді», деген естелігінен де байқауға болады.

Осы естеліктегі Нағиман шешейдің «не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай» деген сөзіне мән беріңізші. Қиналып жүрген Мұқаң қыршыннан қиылған қызының моласына құлпытас та қоя алмай «жарытпай қойған Тәңіріне» арыз-арманын ақтарып, бірнеше жыл тоқтаусыз ағытылғанын байқайсыз. Ақын қызына арнаған өлеңдерінің бірінде:

«Қызым менің,

Гүлім менің,

Аяулым!

Жатыр молаң жотасындай қоянның

Құлпытастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!.

Қойман, ботам.

Керегі не көк тастың»

дейді. Сырт көзбен қараған жанға Мұқаңның Майгүл мазарына құлпытас қойғысы келмейтіндей, керісінше «қыста ақ қар, жазда шалғын шөп басып, қызын ағыл-тегіл ақ нөсердің жоқтағанын қалайтындай көрінеді. Бірақ ақынның қара сөзбен жазған «Құл­пытас» атты әңгімесін оқығанда бұл ойға тіпті кереғар пікірмен тоқай­ласасыз.

«Зияштың (Майгүлдің прототипі) басына құлпытас орнатамызбен жүр­генде, арада бес-алты жыл өтіп те кет­кен. Ақыры қалған қарғаларының тілеуін тілеп, сабырмен қалған-ды. Тек жылда жаз айында, Зияштың туған күні, оның басына барып, шөп басқан моп-момақан қабірді үнсіз аймалап қайтатын. Қайтар жолдарында сәндік үшін емес, сәбилеріне ескерткіш үшін әлі күнге құйттай құл­пытас орната алмағаңдықтарын екеуінің де іші сезіп, бірінен бірі ұялатын. Біріне бірі қарай алмай қапаланатын еді» дейді әлгі әңгімесінде.

Ақын «керегі жоқ көктастың» деп қызының аруағының алдында ақталуы, ол аз болса жоқшылықтың кесірінен құлыншағының басына қара тас қоя алмағаны қандай қасірет еді. Жанынан да жақсы көрген перзентінен айырылу ақын жанының жапырақтарын жұлмалап, ізгі үміттерін күйретіп, қоғамға деген көзқарасын түбегейлі өзгертіпті. Өстіп қалақтай ғана құлпытас қоя алмағандағы ақын­ның ішін кернеген өксік ұлғая-ұлғая ұлттың шеріне ұласыпты. Демек, жүрегі – Африка, бауыры – Кипр, миы – Мұзды мұхиттай Мұқағалиды, яғни қазақтың шер-шемен сөзі жүрегінде көтеріліс жасап, кеудесіндегі бекіністі бұзбақ болып аласұрған Мұқағалиды танып-түсінгісі келген адам оның ұлы поэмасының Майгүл атты бетін қайыра оқып тұр­мағы ләзім.

Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50