26 Маусым, 2015

Ел бірлігі – өркендеу кепілі

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің (ҒСК) кеңейтілген отырысы өтті. Оған Президент Әкімшілігінің, министрліктер мен ведомстволардың лауазымды тұлғалары, депутаттар, өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтардың жетекшілері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Отырыста «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төртінші институттық реформасын іске асырудағы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің міндеттері, қоғамдық келісім және ұлттық бірлік саласындағы ғылыми зерттеулер, ҚХА жылына ғылыми-сарапшылық тұрғыдан қолдау көрсету және өзге де ұйымдастырушылық мәселелер талқыға түсті. Тарата айтар болсақ, Мемлекеттік хатшы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі мүшелері жүргізіп отырған жұмыстың маңызына тоқтала келіп, «Болашағы біртұтас ұлт» төртінші институттық реформасын іске асыру аясындағы Ассамблея ғылыми қауымдастығының міндеттерін атап көрсетті. Осы орайда Мемлекеттік хатшы: – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында iс-шараларды ұйымдастырумен қатар, ғылыми-сарапшылық бағытты жандандыру көзделген болатын. Өйткені, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгiлiк Ел» жалпыұлттық идеясын рухани құндылық ретiнде халық санасына сiңiруде ғылыми негiздi тереңдетудiң маңызы зор. Мемлекет басшысының бейбiтшiлiк пен келiсiм саясаты дамудың стратегиялық бағытына айналды. Елбасының бес институттық реформасы ел дамуының кепілі, – деді. Сондай-ақ, ол Ассамблея жұмысын ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу бiрқатар мiндеттердi шешуге мүмкiндiк беретiнiн айта келіп, ұлтаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгiсiнiң негiзгi қағидаттарын насихаттаудың және түрлi әлеуметтiк топтар арасында тұрақты қарым-қатынас негiзiнде әлеуметтiк-экономикалық, саяси дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Бұдан бөлек, Г.Әбдіқалықова жалпыұлттық «Мәңгiлiк Ел» идеясын алға жылжыту мен оны халық санасына бекiтудiң жаңа әдiстерi БАҚ арқылы ғана емес, сонымен қатар, киноиндустрияның, компьютерлiк бағдарламалар, бестселлер-кiтаптардың жаңа пішімдері арқылы жүзеге асуы тиiс екенін сөз етті. Оның айтуын­ша, «Мәңгiлiк Елдiң» халықты жұмыл­ды­рушы идеялары – азаматтық теңдiк, еңбекқорлық, шындық, ғы­лым мен бi­лiмге деген құштарлық, толерант­тылық әрбiр қазақстандықтың жеке қа­сиет­терiне, өмiр салтына айналуы қажет. Жиын барысында «Ұлт жоспары – мемлекет құрылысының әрі қарай дамуының 100 нақты қадамы» бойынша «Біртектілік және бірлік» бағытын жүзеге асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің міндеттері тұрғысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚХА ҒСК төрағасының орынбасары Ерлан Сыдықов, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шәукенова сөз сөйледі. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің 2014 жылдың 17 маусымында өткен отырысында Мемлекеттік хатшы тарапынан Білім және ғылым министрлігіне берілген тапсырмалардың орындалуы туралы және қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласы бо­йынша жүргізілген ғылыми зерттеулер жөнінде хабарламалар тыңдалды. Бұдан басқа, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына ғылыми-сараптамалық қолдау көрсету тұрғысында да жауапты тұлғалар тарапынан баяндамалар оқылды. Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова азаматтық қағидаттар негізінде қазақстандық біртектілікті дамыту және нығайту, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау ісіне қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Кеңес жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».