Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде мемлекеттілігімізді әрі қарай дамыту үшін бес институттық реформаны алға тартты. Оның ішінде, меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет келісім-шарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Ал заңның үстемдігі дегеніміз не? Ол құқықтық заңдылықты, адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекетте ең қымбат қазына деп білу. Ендеше, құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құру үшін біз заңдылықты, заңға бағынуды ең жоғары міндет деп тануымыз керек.
Елбасы заң үстемдігін адамның меншік құқығымен, кәсіпкерлік қызметімен, түптеп келгенде мемлекеттің экономикалық дамуымен тікелей байланыстырып отыр. Неліктен? Өйткені, адамның конституциялық құқықтарының ішінде адам үшін ең маңыздысы ол – жеке меншік құқығы (Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-шы бабының 3-ші тармағы, 26-шы баптың 1-3 тармақтары) және соған негізделген әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігі (26-шы баптың 4-ші тармағы). Бұл құқықтардың қазақстандық құқықтық жүйеге ғана емес, кез келген басқа елдердегі құқықтық жүйелерге де маңыздылығы – адамның бостандығы, оның межесі ретінде адамның құқығы, тек қана адам өндіріс құралдарына меншіктену құқығы болғанда ғана (тіпті ол меншік сол адамның жұмыс күшіне ғана болса да) орын алып, жүзеге асырылады. Егер өндіріс құралдарына адамның жеке меншігі толығымен жоққа шығарылса, ол жерде бостандық пен құқықтың болуы мүмкін емес. Сондықтан, Елбасы Негізгі Заңымызда атап көрсетілген меншік құқығы мен кәсіпкерлікке кепілдік беретін заң үстемдігін орнатуды талап етіп отыр. Ал осы жұмысты алға бастыруда, әрі іске асыру процесінде сот жүйесінің рөлі ерекше маңызды. Өйткені, Конституциямызға сәйкес (76-шы бап), азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оны қамтамасыз ету сот билігінің мақсаты болып табылады. Осыған орай Елбасы сот жүйесіндегі кейбір кемшіліктерге, яғни судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі туралы және судьялар корпорациясына ашықтық қажеттігін атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамына кіретін Сот төрелігі институтында жоғары заң білімін беру мекемелерінің судьялық қызметке ұмтылған түлектерінің арнайы магистрлық 2 жылдық білім алуы көзделген. Елбасы Үкіметтің үстіміздегі жылдың 5 мамырында өткен отырысында атап өткендей, бұл институт Академияның құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеуі қажет. Магистранттар үшін ондағы 2 жылдық білім беру мерзімін сақтай отырып, әрі қарай сотта 1 жылдық тағылымдама алуы шарт. Содан кейін олар сотта 1 жылдық сынақ мерзімінен өтулері қажет. Мұндай тың өзгертулер бірден екі мәселені шешер еді: біріншіден, судьялар мамандандырылған жоғары білімді көмекшілер алса, екіншіден бұл магистранттар өздеріне өте қажетті нақты сот тәжірибесін жинар еді. Осы сатылардан өткеннен кейін ғана олар сот қызметіне тағайындалу мүмкіншілігін алуы керек. Судья болып тағайындалудың мұндай күрделі әрі көп сатылы тәртібі барлық құқықтық дамыған елдерде орын алған. Сондықтан, біз өз құқықтық-саналық және мәдени дәстүрімізді сақтай отырып, шетелдік озық үлгілерден сырт қалмағанымыз жөн. Сонымен қатар, Елбасы шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажеттігіне тоқталды. Аталған мәселенің еліміздің экономикасы үшін ғана емес, сондай-ақ біздің халықаралық аренада құқықтық мемлекет ретінде танылуымыз үшін өте өзекті екендігі бәрімізге мәлім. Шетелдік инвесторлар біздің мемлекеттік органдар, әсіресе, соттар қандай мәселе болмасын барлығын тек заң тұрғысынан шешіп беретініне күмәнсіз болуы керек. Өйткені олар бизнестегі өз үлестерінің, қаражаттарының тұрақты заң шеңберімен мүлтіксіз сақтаулы болатынына көз жеткізгілері келетіні анық. Сондықтан, инвестициялық сот құру елімізге инвестициялық қызығушылықты арттыратыны сөзсіз, өйткені ол инвестициялық келісім-шарттық дауларды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығын тез арада әрі түсінікті де айқын заң қағидаларына сүйеніп шешіп беруді қамтамасыз етеді. Әрине, мемлекеттік сот қызметіне білікті шетелдік судьяларды тарту, Конституциямызға кейбір өзгерістер енгізуді талап етеді, бірақ бұл өзгерістер біздің жалпы конституциялық принциптеріміз бен ұстанымдарымызға қайшы келмесе, бұл жағдай конституциялық реформа шеңберінде жүзеге асырылуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, Елбасы транспарентті және есеп беруші мемлекет құру шеңберінде: шағым жасау жүйесін нығайтудың маңыздылығын, азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің іс-қимылына шағым жасауына мүмкіндіктерді кеңейту керектігін айтты. Бұл мәселені жан-жақты шешу үшін еліміздегі әкімшілік соттар жүйесін қайта құру қажет. Атап айтқанда, ондағы қаралып жатқан істерді жалпы соттарға беріп, әкімшілік соттардың қарауына мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне шағымдану тәрізді мәселелерді, яғни жария құқықтық қарым-қатынастардан туындаған дауларды жатқызу қажет. Мұндай соттарды құру азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын ғана қорғап қоймай, ең бастысы, мемлекеттік органдар мен жергілікті органдарда орын алатын келеңсіздіктерді заң тұрғысынан шектер еді. Осы арқылы азаматтарымыздың мемлекеттік органдарға, әсіресе соттарға деген сенімі арта түсер еді.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Конституциялық кеңес мүшесі.