Жыл сайын Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, биыл сегізінші рет өткізілгелі отырған Астана экономикалық форумына (АЭФ) әлемнің 90 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысады деп күтілуде. Әлем сарапшыларының бірауызды пікірінше, АЭФ бүгінгі жаһандық экономикалық дағдарыстардың себеп-салдарларын айқындап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін шынайы әлемдік пікірсайыс алаңына айналды. Форум қарсаңында біз «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тың басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әсет ЕРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Әсет Арманұлы, әңгімеміздің әлқиссасында Астана экономикалық форумына қысқаша сипаттама беріп, оның мақсаты мен мазмұнына тоқталып өтсеңіз.
– Астана экономикалық форумы – экономикалық міндеттерді талқылап, шешім шығаратын Еуразиядағы тұңғыш үнқатысу алаңы. АЭФ-тің мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһандық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім шығаруға жұмылдыру болып табылады. Форумда ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылады. Форум жұмысының басты қорытындысы – әлем сарапшыларына жаһандық экономиканың даму бағыттары үшін нақты кеңес беру.
Жыл сайын АЭФ Қазақстанның индустриялық-инновациялық жобаларына миллиардтаған теңге инвестиция тартады. Бұл әлемнің ең ірі халықаралық форумы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткізіледі. Биылғы жылы форумда ең жоғары тиімділік пен мазмұнға баса назар аударылып отыр. Біз талқыланатын мәселелер санын қысқартып, негізгі тақырыптарға басымдық бердік. Небәрі екі күн ішінде 30 маңызды сессия өткізіледі. Бұл сессиялардың барлығы дерлік негізгі тақырып – экономиканың басым бағыты ретіндегі инфрақұрылымды дамыту мәселесіне арналады.
– Биылғы Астана экономикалық форумының негізгі тақырыбы «Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері» деп аталады. Оның мәні неде?
– «Инфрақұрылым – экономиканың тұрақты дамуының драйвері» атты биылғы форум тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Экономикалық тарихқа үңілсек, дәл инфрақұрылымның дамушы және дамыған мемлекеттерде жұмыс өнімділігі мен жұмысбастылық деңгейін өсіріп, экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз еткен бірден-бір фактор болғанын аңғару қиын емес. Инфрақұрылымға салынған инвестициялар дағдарыстан кейінгі экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге көмектескен. Мәселен, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы АҚШ-ты алсақ, Конгресте президент Рузвельттің жол салу ұсынысын көпшілік қолдады деп айта алмаймыз. Жаңа автобандарда жүк қатынасы көп болған жоқ, сол себепті мұның бәрі қажетті қаражатты ысырап ету болып көрінді. Алайда, болашақта дәл осы инфрақұрылым экономиканың қалпына келтірілуіне серпін берді. Бүгінде бұл жолды Қытай сияқты көптеген елдер таңдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты да инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Инфрақұрылымды экономиканың күретамыры десек, артық айтпаймыз.
– Сол бағдарламаның ең ірі жобаларының бірі – жаңа Жібек жолы. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының қазақстандық бөлігінің құрылысы арқасында мыңдаған отандастарымыз жұмыспен қамтамасыз етілді. Жоба аяқталған соң жол бойында тиісінше инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындары пайда болып, салық базасы өспек.
«McKinsey» халықаралық компаниясының баға беруі бойынша, экономикалық белсенділік оңтүстік пен шығысқа қарай ойысып, 2050 жылға қарай Қазақстан әлемдік экономиканың «аймақтық белсенді орталығына» айналмақ. Бұл бірқатар үрдістердің қалыптасқан жағдайды өзгертіп, Үкімет пен жеке меншік сектордың ойлау салтын өзгертуге, жұмыстың жаңа тәсілдерін енгізуге мәжбүрлеу есесінен пайда болады. Сондықтан, аталмыш жоба осы тұрғыдан алып қарағанда өте қажет. Қазақстанның географиялық орналасуын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Бизнесмендерге де тигізер пайдасы орасан зор. Егер теңіз дәлізін пайдалану кезінде Қиыр Шығыстан тауар тасымалдау 45 тәулікті құраса, Ресей аумағы арқылы өтетін Транссібір теміржолы арқылы тек 15 күн. Ал аталған транзиттік көлік дәлізімен Қазақстан мен Ресей арқылы тек 10 тәулік уақытты алады. Оның үстіне Қытай – Орталық Азия, Қытай – Ресей телімдері бойынша тауар жеткізілімі одан да тез жүзеге асатын болады.
«Болашаққа бағдар – ХХІ ғасырдың әлемдік экономикасы» атты арнайы сессияда мамандар 2050 жылдарда жаһанда қалыптасатын жағдайларды талқылайды. Сессияның негізгі тақырыбы: 2050 жылдардағы әлемдік экономиканың архитектурасы, алдағы 10 жылдықтардағы жаһандық экономиканы айқындайтын бағыттар, Шығыстың күшеюі және Азияның жаңғыруы деген мазмұнда болады. Урбанизация тақырыбына арналған сессияда бүгінгі таңда қалыптасып отырған көші-қон мәселелері талқыланады. Қазіргі таңда дамыған елдердегі ІЖӨ-нің 70-80 пайызы – қалаларда тұратын халықтың белсенді экономикалық қызметінің нәтижесі. Қазақстанда бұл көрсеткіш біршама төмен.
– Форумда тағы қандай жобалар қарастырылады?
– Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдік сарапшылар бас қосатын екі күндік форумда 30 кешенді шараны талқылау жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысы өзінше қызық, өзінше дара. Мысалы, елдің бас қаласының 2030 жылға дейінгі дамуының 3D стимуляторы көрсетіліп, әлемдік экономиканың болашағы, мұнай бағасының төмендеуі жағдайындағы қолданылатын шаралар мен тәуекел мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ, бұл Форум – елімізге жаңа көлемді инвестициялар тартудың негізгі көзі.
– Қазақстан тікелей шетел инвестицияларын елдің индустриялық-инновациялық дамуына тартып, кейбір арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) шетелдік серіктестердің басқаруына беруге ниетті. Осы ретте нақты бір келісімшарттар жасала ма?
– Алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Жыл сайын АЭФ-та ең ірі деген шарттар мен келісімдерге қол қойылатындығын еске салайық. Биыл да форумда инвесторларды тарту жөніндегі шаралар кешені мен ұсыныстар даярлану үстінде. Өздеріңіз білетіндей, ел Үкіметі осы мәселеде бірқатар нақты қадамдарға барды. Мәселен, корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға дейін босату, әкімшілік жүктеме мен бюрократиялық тәртіпті жұмсарту үшін «бір терезе» қағидасын ұйымдастырды. Британдық заңнама аясында барлық даулы мәселелерді шешіп отыратын инвестициялық омбудсмен де құрылды.
– Форумға қызығушылық әлемге әйгілі спикерлердің қатысуы есебінен де артты. Биыл кім қатысады?
– Әлемнің 90 елінен келетін 3000 қатысушының әрқайсысын өзінше дара тұлға деп есептеймін. Белгілі саясаткерлер, қазіргі және бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, ең ірі қаржы даму институттары мен трансұлттық компаниялардың жетекшілері қатысады. Белді ғалымдардың ішінен Кеннет Рогофты атап көрсетуге болады. Америкалық экономист, Гарвард университетінің профессоры, макроэкономикалық саясат мәселелері жөніндегі ең салмақты сарапшылардың бірі. Оның Кармен Рейнхартпен бірлескен жұмысы АҚШ пен Еуропалық одақтың 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы саясатына зор ықпал етті. Форумға Нобель сыйлығының лауреаттары да қатысады. Олардың арасында Фин Кидланд, Эрик Маскин, Томас Зюдов, Джордж Смут бар.
– Биыл форум «жасыл экономика» қағидаттарына сүйеніп өтеді. Ол нені білдіреді?
– Қазақстанда екі жылдан кейін ЭКСПО-2017 көрмесі өтетіндігі белгілі. Бүкіл әлем «жасыл экономикаға» үлкен мән беріп отыр, осы үрдістен біз де қалыспадық. Форумда таратылатын қаламсап, блокнот сияқты заттардың көбі қайта өңделген материалдардан жасалған. Одан бөлек, биылғы жылы форумда ақылды навигация қолданылады. Жақын болашақта мобильді қосымша жасалады. Ол қатысушыларға Тәуелсіздік сарайы ғимаратында ғана емес, Астана қаласында да емін-еркін жүруіне көмектеседі. Форумға қатысушы өз сессияларының кестесін құруға, сессия басталғаны туралы хабар алады. Ақылды навигацияның мұндай элементтерін қатысушылар ғимараттың барлық жерінде қолдана алады.
Әңгімемізді түйіндей келе, форумның негізгі тақырыбы кездейсоқ таңдалмағанын баса айтқым келеді. Әлем елдерінің үкіметтері, жетекші экономистері мен мамандары инфрақұрылымның дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бірінші кезекте басымдық берілген. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты мемлекеттік бағдарламаны дер кезінде күн тәртібіне ұсынып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен дәстүрлі түрде дамытылып келе жатқан Астана экономикалық форумы – ғаламдық және аймақтық деңгейдегі экономикалық мәселелерді шешетін тұғырлы жоба.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».